Наурызкөже қанша тұрады?
Наурызкөжеге жеті түрлі дәм салынатынын білеміз. Бірақ міндетті түрде «мынадай дәм салынсын» деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы барына қарайды. Әйтеуір, дәмнің саны жетеу болсын. Әйтеуір, Наурыз күндері үйдегі қара қазан көжеге лық толсын.
Дегенмен көженің дәмі тіл үйірсін десек, әжелеріміз үйреткен тәсілден ауытқымауға тырысатынымыз анық. Әлбетте, қара қазанды толтыру үшін біраз тер төгуге тура келеді. Ең әуелі азық-түлік мәселесін шешіп алу керек. Жасыратыны жоқ, өткен жылмен салыстырғанда, оның бағасы біршама қымбаттады. Бірақ бұл – бізге ғана емес, бүкіл әлемге тән құбылыс.
Наурызкөжеге қажетті тағамдар: ет, жарма, сүт өнімдері. Қазір базардағы еттің бағасы – 800-1200 теңге, жармалардың орташа бағасы – 200 теңге көлемінде, сүт пен айран – 200 теңгенің ар жақ-бер жағы.
Көже әзірлеудің тәсілі көп болғанымен, негізінен, күрделі және қарапайым екі түрі кең таралған. Демек, әркім қалтасына қарай «көсіледі».
1-тәсіл:
Қазанға су құйып, ет салып қайнатады. Кейбіреулердің қазы қосатыны бар. Қайнаған соң көбігін алады. Піскен соң етті сүзіп алады. Дәндерді жақсылап жуып, әуелі бидайды салып, 5 минут қайнатады. Сосын арпа мен күрішті салады. 5 минут қайнаған соң, тары салынады. Тұз қосылады. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қояды. Әлгінде піскен етті ұсақтап турайды. Сорпаға қосады. Суыған соң айран құяды. Кейбіреулер құрт езіп қосады.
Құрамы (10 адамға):
Су – 5 л
Сүр ет – 1 келі (2000 -2500 т)
Бидай – 100 г (20 т)
Тары – 100 г (20 т)
Арпа – 100 г (20 т)
Айран – 1 л (200 т)
Тұз – дәміне қарай
Жұмсалатын қаржы – 2500-3000 т көлемінде.
2-тәсіл:
Етті пісіреді. Піскен соң қазанға турап қайта салады. Арпа мен бидайды сорпаға салады. Олар пісерде кеспе салынады. Көже суыған соң айран құйылады.
7 тағам – 70 қасиет
Су – тіршілік көзі
Ет – қазақ үшін негізгі тағамның бірі
Сүт – адам ағзасының жетілуіне қажетті барлық зат бар
Дәнді дақылдар – калий, кальция, магний, фосфор, темір тұздары бар
Тұз – тағамның дәмін келтіреді һәм ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет
Құрамы (10 адамға)
Су – 5 л
Ет – 1 келі (800-1000 т)
Бидай – 100 г (20 т)
Арпа – 100 г (20 т)
Кеспе – 200 г (40 т)
Айран – 1 л (200 т)
Тұз
Жұмсалатын қаржы: 1000 – 1300 т көлемінде.
Бұрын әйелдер өзімен ыдыс ала жүріп, әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанында қалған көжеге қосатын. Бұл «дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын» деген игі тілекті білдіреді.
Тағы бір есте сақтайтын дәстүр: наурызкөжеңді неғұрлым көп адам ішсе, жыл бойы ырыс-несібең молая түседі. Өйткені жыл ырысты болсын, өскін мол болсын деген қазақ тілегінің, ырымының басты көзі – наурызкөже. Сондықтан қазандағы көженің арзан-қымбатқа түсетіні маңызды емес. Ең бастысы – ниеттің түзу болғаны.