Наурыздың тарихы Қазығұрттан басталады

Ежелгі қазақтар жылды он екі айға бөліп, жыл басын Наурыз деп атаған.«Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Наурыз – халықаралық дәрежеде тойланатын, жыл басы болып есептелетін табиғат мерекесі болса да, бұл мерекені қазақтарға тойлауға Кеңес билігімен 1926 жылы тыйым салынды. Н Е Г Е ??? Оқырман қауым, бұл сұрақтың жауабын сіздер де іздеп көріңіздер! Жалғыз-ақ айтарым, дұшпаны қорқып, жек көріп, тыйым салынған нәрсе сол елдің баға жетпес, теңдессіз асылы болып табылады және оның артында үлкен бір, біз білуге болмайтын құпия сырдың бары анық деп есептеп, өз хал – хадерімізше осы сұраққа жауап іздеп көрелік:
Наурыз мерекесі о баста диқаншылықпен айналысатын иран тілдес Орта Азия халықтарының күн жаз мезгіліне ауысқанда, егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққан делініп келді. «Қазақтар оны «Наурыз айт» деп те атайды. Айт сөзі парсылардың «Әид» деген сөзінен алынған. Сондай-ақ, қазіргі кезде қолданылып жүрген мейрам сөзі «мей және рам» екі сөздің тіркесі болып келеді. Мей «шарап, жүзім шарабы» және «Голаб – гүл суы» мағынасында болса, «рам» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Олар: 1.Көндік 2.Үйреншік 3.Көңілді, шат 4.Жуас 5. Жаратушының есімдерінің бірі 6. Иран күнтізбесінің күн есебіндегі айдың бір күнінің атауы. Мұндағы «Мейрам» сөз тіркесінің «мей» сөзін шарап – десек, «рам» сөзінің көңілді ұғымға сәйкес келері анық. Сондықтан қазақтың қолданып жүрген «Мейрам» сөзі көңілді, шат күндерін елестетсе, Мейрамханасы шараппен көңіл көтеретін мекенді айтады. Сол себептен «Наурызды» мейрам демей мереке деп атауымыз жөн болар». (Ислам Жеменей «Иран қазақтары», 75 бет. «Зерде». Алматы 2007). Өте орынды пікір. Сол сияқты еліміздегі қаптап кеткен сыраханаларды жауып, мейрамханаларды - тойхана деп атаса өте орынды болған болар еді.
Ал шындығы, Наурыз мерекесі – жаратылыстың өз заңымен үйлескен, нағыз табиғи мереке. Бұл мереке әрі жаңа жыл болып саналады. Жылдың төрт мезгіліндегі, көктем мезгілі – бүкіл тіршілік атаулының жанданатын, жаңарып түлейтін кезеңі. Сондықтан күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулы «ұйқысынан оянып», қайта түлейтін осы наурыз айы – жыл басы болып есептеледі және бұл мереке қазақта «Амал» деп те аталады. Бұл сөздің төркіні «Аман» дегенді де білдіреді (қыстан амалдап, жазға аман жету).
Дәстүр бойынша – Наурыз мерекесі жастардың жасы үлкен туыстарына, өздері сый – құрмет көрсететін басқа да жасы үлкендерге қос қолын беріп амандасудан басталады. Өкпе-наз, реніштердің бәрі ұмытылады. Бұл күндері әр үйде жеті түрлі дәмнен, наурыз көже дайындалып, бір-бірінің үйінен дәм татысады. Сонымен қатар, Наурыз мерекесін бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден басталатын болған. Мереке «Ақ сүйек», «Алқа қотан», «Ақ серек пен көк серек» және т.б. түрлі халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, қазақша күрес, ат жарысымен жалғасып, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталады екен.
Ежелгі шежірелік деректерде, Наурыз мерекесі 127 ғасырдан бері қазақ елінде Қазығұрт (Қазық жұрт) тауына Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған күннен бастап тойланып келе жатқаны айтылады. Өткен ғасырдың аяғында Тәжікстандағы 3000 м. биік таудың басынан акуланың тасқа айналған сүйегі табылғаннан кейін, бүкіл әлем ғалымдары Нұх пайғамбардың кемесі қалған жер Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт тауы екенін мойындауға мәжбүр болды. Бұл мерекені қазақтардың «Ұлыстың ұлы күні» деп атайтындарының сыры осыдан болса керек.
Қазақтың этнограф-ғалымы Жағда Бабалықұлы 1970 жылы Мәскеудің Ленин атындағы кітапханасынан төте жазумен жазылған «Наурыз» деп аталатын ұзақ жырдың қолжазбасын тапқан. Бұл жырда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні екені, осы күні үлкен той жасалғаны, сол ұлы мерекеге адам мен жан-жануарлар түгел қатысып, Нұх ғ.с. олардың бәріне өзінің жақсы көретін нәрсесінен мол шашу шашқандығы, осылайша бұл күн жаңа жылдың басы ретінде тойланатын болғаны айтылады. Осылайша, Наурыз мерекесі – нағыз табиғат мерекесі және тарихы өте ұзақ мереке. Бүкіл әлемде бұған тең келетін бірде-бір мереке жоқ. Бұл дегеніміз, бүкіл адамзат тіршілігінің, мәдениетінің қазақ жерінен, қазақ елінен бастау алғанын көрсетсе керек.
Наурыз жайлы ендігі әңгімені жазушы Ақылбек Шаяхметтің сөзімен жалғайын: «Біз күні бүгінге дейін кешегі Совет империясының идеологиясынан, тіпті оған дейінгі ақ патшаның отарлаушылық идеологиясынан әлі арыла алмай келеміз. Ата заңымызда зайырлы мемлекет деп жариялағандықтан ешқандай діни артықшылықтарға жол берілмеуі керек десек те, осы уақытқа дейін тойлап келген жаңа жылымыз – діні басқалардың кәдімгі Рождество мейрамы. Санта Клаус немесе Дед Мороз дегеніміз, турасын айтсақ, мейірімді Аяз ата емес, қаһарлы қыстың қатал бейнесі.
Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші, жаңа жыл дегенде күнтізбедегі қаңтардың алғашқы күнінен басқа жаңа зат бар ма?! Қар да жаңа жаумаған, желтоқсаннан қалған. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» дегендей, қыстың да нақты белгіленген шекарасы жоқ. Наурызға келсек, барлығы жаңа. Ақ уыз, жас төл, көк шөп, жас арман, жаңа тілек.
Өзімнің бір өлеңімде:
«Анасына баласы опа бермей,
Сәби өсті бір жөнді ата көрмей,
Аяз ата жүргенде тост көтеріп,
Қыдыр бабам кетті ме бата бермей» - деп жазған болатынмын.
Аяз ата қазақ баласына ата болуға жарамайды. Ата болып та жарытпайды. Қазақта Қаңбақ шал деген кейіпкер бар. Сондықтан Аязды атымен атап, Аяз шал деген орынды. Қазақ баласының атасы Қыдыр ата болуы керек. Мұрны қызарып, сөзі ұзарып жүретін Аяз ата туралы бір кезде мынандай шумақ жазғаным бар:
«Аяз ата түксиіп, қабақ түйген,
Ішпей қойды кеш бойы тамақ үйден.
Өйткені, беті қызарып, мұрыны үсіп,
Алыпты тойғанынша арақ ішіп».
Тост дегеннен шығады, шампан ұрттамасақ, тілегіміз орындалмай қалатындай, стакан түйістірмесек, жолымыз болмайтындай, жаттан жұққан жаман әдет дәстүрге айналып кетті. Қазақ сөздерінің төркініне зер салсақ, тост деген сөздің түбірі тосу. Ақ дәмімді алдыңа тостым дегенді білдіреді. Тіпті тостаған деген атаудың өзі осы сөзден шыққан. Кейін барып стақан деп өзгеріске ұшырап, өзге тілдерге енген. Келген қонақты қарсы алып, тостағанмен қымыз ұсыну ежелгі түркі елінен, көшпелілерден қалған дәстүр.
Қазақтың жаңа жылының артықшылығы өте көп. Басқалар ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, қиып, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабамыз Наурыз айында көшеттер отырғызған. Қыста су қатып жатса, бітеліп қалған бұлақ көздері жазда ашылған. Қысқы қалың киім сыпырылып, жаңа киім-кешек киілген. Көне орыс жерінің өзінде христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының бірінен бастап тойлаған. Ағылшындар наурыздың жиырма бесін жаңа жылдың алғашқы күні деп есептеген.
...Қыдыр – қыдырып жүретін ата дегені. Қыдырғанда да Қыдыр кез келген, көрінген үйге бас сұға бермейді. Дастарханы баталы, шаңырағы аталы, негізді де некелі, жеті атасы жетелі, үй иесі орнықты, келіншегі ұқыпты, бала-шағасы құйма құлақ отауларға кіреді. Төріне шығып, малдасын құрып отырып, дәмін татады, батасын береді. ...Қыдыр атаны етегіне түскен ұзын шапаны, салбыраған сақалы иығында қоржыны бар деп ойлауға болмайды. Ол әр түрлі кейіпте келуі мүмкін. Аталарымыздың «Қырықтың бірі - Қыдыр» дейтіні осыдан.
Қыдыр баба кейбір үйлердің иелерін сынау мақсатында мүсәпір болып келуі де мүмкін. «Мүсәпірді жәбірлеме» - деп жатады. Қазақта «Үйден қырық адым аттап шықсаң – мүсәпірсің»- деген сөз де бар. Бізбен түбі бір түріктер қонақты, яғни мейманды мүсәпір дейді екен. Стамбул қаласында «Мүсәпір» деп аталатын қонақ үйі де бар.
Қазіргі уақытта біз жылдың төрт мезгілі бар деп жүрміз. Ал ерте де түркі халқы, қыпшақ жұрты (қазақтар. - М.Қ.) жаз бен көктемді қосып алты ай жаз, күз бен қысты қосып алты ай қыс деп атаған. Яғни, он екі ай қаққа бөлінген. Жылдың бір жартысы суық, ызғар болса, екінші жартысы жарық пен жылу. Жақсылық пен жамандық, күн мен түн осылайша алмасып, итжығыс түсіп жатады.
Абайдың өзі айтпай ма:
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан ізі сықырлап келіп қалды.
Демалысы үскірік, аяз бен қар,
Кәрлі құда қыс келіп әлек салды.»
Жаз бен көктемнің жөні бір басқа. «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, масатыдай құлпырар жердің жүзі» деген осы тұс, жердің беті жасарып, мал көкке шығып, тіршілік жайнап, қан қайнап, төлдер тойынып, қыз-бозбала әзілдескен кез, күн менен түн теңескен, жасы үлкендер кеңескен, балалардың айдарынан жел ескен кез – қасиетті Наурыз, міне, нағыз жыл басы.
...Қазақ арасында Қыдыр мен Қызыр сөзі кейде бірін бірі алмастырып айтылады. Айырмашылығы бір-ақ әріп болғандықтан ба, кейде Қыдыр баба, кейде Қызыр баба, көбінесе Қызыр әулие деп жатады. Бірақ, Қыдырға әулие дегенді қосарламайды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Бабалар сөзі» көп томдығында берілген түсініктердің бірінде: «Қызыр – Алла мәңгілік өмір берген киелі тұлға, қазақ мифтерінде, фольклор мен діни аңыздарда кездесетін архаикалық бейне, оның есімі Ілияс пайғамбармен қоса айтылады» деген анықтама берілген. (27 том, 335 бет).
Наурыз туралы және оның басты қаһармандарының бірі Қыдыр баба туралы түсінік қазақ даласында Ислам діні тарамай тұрып та болғанына шәк келтіре алмаймыз.
Сондықтан да:
«Қадір түні келеді Қыдыр десе,
Қыдыр, бірақ, көзіңе көрінбесе,
«Қырықтың бірі - Қыдыр» деген сөзді
Кезінде тауып айтқан ел ендеше» - дейміз.
Қызырдың жанында ғайып ерен қырық шілтендер еріп жүреді деген түсінік бар. Қырық шілтен – қырық көмекші, пайғамбардың серіктері. Ілияс пайғамбарды қазақтар Қызыр-Ілияс деп қосарлап атайды. Қазақтың ертегілері мен батырлар жырының бір кейіпкері де осы Қызыр-Ілияс. Кейінгі уақытта жарық көрген кейбір кітаптарда Қыдыр-Ілияс деген сөз де кездеседі, алайда, ол жаңсақтықтан кеткен жаңылу деп қабылдауымыз керек.
Қыдыр баба туралы ондай сөз айтылмайды. «Қырықтың бірі Қыдыр» дегені – оның басқа кейіпте адамды сынау мақсатында келуі мүмкін дегенді аңғартса керек. Қадір түні періштелер келеді, Қыдыр келеді дегені кейін қосылған жапсырма.
Ел аралап жүретін, ақ киімді, ақ сақалды әулие Қызыр-Ілиясқа байланысты айтылса, Қыдыр баба бейнесі де оған ұқсас, бірақ, ол міндетті түрде ақ киім киеді, жасы ұлғайған жасамыс кісі немесе ақ сақалды қария деген ұғым қазақта жоқтың қасы.
Қазақ баласына мейірімді ата болатын Қыдыр баба бейнесін сомдау - әдебиетшілердің де, суретшілердің де, киногерлердің де парызы. Қыдыр туралы мультфильмдер шығарылып, ойыншықтар жасалып, оның образы мектеп оқулықтарына енгізілуі керек деп есептеймін» («Намыс» №2 (61) қаңтар 2010 жыл).
Өте орынды айтылған. Бұған өзін мен «Қазақпын» дейтін азаматтардың барлығы да келісер деп ойлаймын. Қосарым, екі кейіпкердің екеуі де адамға ырыс-несібе әкелуші, дәулет беруші, қамқор болушы деген ұғымдарға сай келетін бір бейне. Негізінен Қыдырды Қызыр-Ілияс атамыздың лақап аты деп пайымдауға да болар еді. Бірақ, Қыдыр дегеніміздегі «Д» дыбысының қазақ әліппесінің (Алып биінің) алтыншы дыбысы екендігі, оның Ад тобында үшінші, ал «З» дыбысының «бес» деген баға алып бесінші орынды иемденуі (Аб, Ағ, Ад (1), Аж, Аз (5), Ай, Ақ, Ал, Ам, Ан, Аң, Ап, Ар, Ас, Ат, Ау, Аш) Қыдыр ата ұғымының Қызырдан бұрын дүниеге келгенін көрсетеді. Бұл сараптамаға тоқтауға тура келеді. Себебі, Қыдыр Аталық текті, ал Қызырдың түбірі «Қыз» болып Аналық текті білдіріп тұр.
Қыдыр атамыз адамзаттың ең алғашқы өркениетінің астанасы – 360 әулиелі киелі Манқыстауда дүниеге келген, осы өңірде Аллатағала берген ерекше қасиетімен елге танылып, осы өңірде дүниеден өткен. Ұрпақтары күні бүгінде осы Манқыстауда Қыдырша деген ру атымен ғұмыр кешіп жатыр. Қыдырша атты әулие қорым Манқыстауда бірнеше жерде бар. Солардың бірі Қыдырша атты әулие қорым Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылынан қазіргі Қарақалпақстан шекарасына жақын 70-80 шақырымдай жерде орналасқан. Күні бүгінде де адамдар басына барып түнеп, тілектері орындалып жатады. Сол сияқты, Түпқарағанның Борлы деген жеріндегі айналасы тегіс, аласа, шөпті, мидай жазық далада қалың өскен қарағаштары көп, «Қарағашты әулие» деп аталатын жасыл зират бар. Көптеген сағанатамдардың ішінде бұталар қаулап өсіп тұр, тас қоршауларды жарып, сыртқа шығып өсуде. Қорым ескі. Жергілікті тұрғындар басына барып зиярат етеді. Барлық ескерткіштер жергілікті ұлутастан тұрғызылған және олар алуан түрлі. Тіпті құлпытастардағы жиі кездесетін балта, қылыш және мылтықтың бейнелері де әр түрлі. Халық арасында бұл қорым Қыдыршалардың рулық қорымы ретінде белгілі.
Бүгінгі Қыдырша аталып жүрген ұрпақтардың сол алғашқы Қыдыр атамыздың ұрпақтары екендігін атамыздың атына қосылған «ша» жалғаулығынан да көруге болады. Себебі, қазақта солмай мәңгі көктеп тұратын ағаштарды «Арша», «Шырша» десе; сұлулықтың символын «Сұрша» (Сұрша қыз); «Қарша» борады, «Барша» халық деп көпше мағынада қолданылады.
Халық арасындағы аңыз-әңгімелерде де Қыдыршаларды сол ежелгі әфсаналарда көп айтылатын Қыдыр атаның ұрпақтары деседі.
Қыдыршалар Адайдың рулық шежіресі бойынша Қыдырша-Анет-Текей-Райымберді (Аллаберді)-Бәйімбет-Мұңал болып таратылады. Мұңал әйгілі Шыңғыс қаған шыққан рудың аты.
Атам Қазақтың ең бірінші сөз болған, ал сөз басы дыбыстардан, буындардан басталады деген қағидасына және әрбір сөздің түбірінде (сөз түбірінде, өз түбінде, яғни өз атасында) сол сөзді дүниеге әкелген Атамыздың аты, яғни бүгінгіше айтқанда «авторлық құқығы» сақталады деген қағидаға сәйкес:
Наурыз – таза қазақ сөзі. Негізі Нұқ (Нұх, Нух, Ной, Нау, Най болып әртүрлі лақап аттармен аталып жүрген) пайғамбар атамыздың атынан шыққан. Ал екінші буындағы «рыз»-ға келсек, қазақта осы жалғаудан арыз, қарыз, парыз деп, адам баласына жауапты міндет жүктейтін (міндетіңді орындамасаң арыз туындайды) және «ыз» жалғаулығынан уыз, қыз, сыз, тыз деген адамзат ғұмырының бастауындағы тез өтетін ұғымды білдіретін сөздер жасалған.
Нау дегеніміздегі «Н» дыбысы Нұқ атамыздың есімін берсе, одан кейінгі «Ау» - Ауа анамыздың есімін береді. Таудың да сөз түбірі «Ау» болатыны осыдан. Таудың атауы Ауа анамыздың құрметіне қойылған.
Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде айтарымыз, сонау бағзы заманнан бері бізге жеткен ұлы шежіреде қазақтың ежелгі жыл басы Наурыз мерекесінде 365 күнге арнап, 365 күй ойналғаны айтылады.
Маңғыстаулық Қаз адайлардың малға шөп салатын кемеге ұқсас ағаш астауды «науа» деп атауы да, осы айтқанымыздың айдай айғағы болып табылады.
Тарих тағлымы: Наурыз мерекесін күні кешеге дейін бүткіл әлем тойлаған. Адамзаттың өткен тарихтан тағлым алып, санасының тірілер кезі де алыс емес. Осыдан 6 жыл бұрын бұл күн «Халықаралық Наурыз күні» мерекесі болып тарихқа енді. Бүткіл әлем Наурызды толықтай мойындаған кезде осы мерекені дүниеге әкелген қазақты да мойындауға мәжбүр болатыны сөзсіз.
Тағы бір еске сала кететін бір жағдай бар. Ол маңғыстаулықтардың 14-ші наурызды - Ұлыстың Ұлы күні, Амал мерекесі, жыл басы деп, есте жоқ ескі замандардан бері тойлап келе жатқаны. Бұл күні адамдар өкпе-наз, реніштерінің бәрін ұмытып, жасы кішілері үлкендеріне барып көрісуден басталады. Осы мақаланы жасы үлкендеріңіздің бәріне барып көріскеніміз ретінде қабыл алғайсыздар.
Баршаңызды Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймыз! Бастарыңыз аман, дендеріңіз сау, елімізде тыныштық, молшылық, татулық болғай! Амалдан амалға аман-сау жете бергейміз!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім,
Маңғыстау облысы.
Abai.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста