Жаман әдет қашан да жұққыш. Денсаулыққа зиян екенін біле тұра арақ, темекі, кальян, насыбай секілді жаман әдеттерге әуестенушілер қатарының азаймауы осының дәлелі болса керек. Елімізде өткен жылдан бері қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынса, 2009 жылдан бастап темекі өнімдерін сатуға және қолдануға қатысты заң жүзінде бірқатар шектеулер күшіне мінген. Айта кетер жайт соңғы жылдары елімізде арақ-шарап өнімдерінің сатылымына қатысты да шектеулер қойылған. Бұл жаман әдеттердің жолын кесуге қатысты шектеулер әлі де айтылу үстінде. Алайда елімізде насыбай қолданушылар қатарының өсіп бара жатқанына, оның түрлі ауруларды тудыру ошағына айналып жатқанына қарамастан оған қатысты ешқандай тыйым жасалмауда.
Аракідік тиісті орындар тарапынан насыбайдың таралуының алдын алуға қатысты ұсыныстар айтылғанымен, орындалар емес. Мәселен қай бір жылы Ішкі істер министрлігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және республиканың Бас санитарына насыбайдың адам ағзасына зияндылығын алға тартып, оның сатылуына тыйым салуға қатысты ұсыныс айтқанымен насыбайдың құрамындағы заттар мемлекет тарапынан қадағаланбайтындықтан тиісті орындардың ұсынысы да қолдау таппаған. Яғни насыбайдың құрамы елімізде толығымен қадағаланып отырмағандықтан, оны наркотиктік заттар құрамына кіргізе алмаған. Сондықтан оны сатуға да тыйым салынбаған. Бұған дейін насыбайдың құрамында махорка, темекі, сөндірілген әк, тауық саңғырығы, түйе тезегі, әртүрлі өсімдіктер күлі (арша, сексеуіл, қайың немес тобылғы күлі), желім, адам ағзасына зиян келтіретін ауыр металдар қорғасын, сынап, кадмий, мышьяк бар деп оның құрамына қатысты түрлі нұсқалар айтылып келген еді. Енді швед ғалымдары бірінші рет насыбайдың құрамын толығымен зерттеп, оның қаншалықты адам ағзасына зиян екенін дәлелдеп беріп отыр. Елімізде әсіресе мектеп оқушылары арасында кең тараған, атының өзі нас, лас нәрселерге бай деп көрсетілген насыбайдың құрамы толығымен белгілі болып отыр. Зерттеу нәтижесінде швед ғалымдары насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттардың құрамын тапқан. Насыбайдың құрамында бұл заттардың барлығы қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған. Мәселен Қарағандының қара базарынан сатып алынып, Стокгольмнің зертханасында жан жақты сараптамадан өткен насыбайдың құрамында никель қалыпты жағдайдан 5,1 есе, хром 17 есе, қорғасын 38 есе көп екені анықталып отыр. Ал адам денсаулығына өте зиянды күшәланың насыбайдың құрамынан табылуы швед ғалымдарын тіпті шошытқан көрінеді. Басқа да санитарлық нормаларға сай емес, онкологиялық ауруларды қоздырушы түрлі зиянды заттар насыбайдың құрамында көп кездескен. Осы зерттеудің басы қасында жүрген Phd доктор Мейрам Раганин «насыбайдың құрамынан бензопирен мен онкологиялық аурулардың пайда болуына әкелетін канцерогендік заттар табылды. Насыбайдың құрамынан табылған нитрит ион қалыпты жағдайдан 91 есе жоғары екен. Сондықтан ұрпағымыздың улануына себепші болып отырған насыбайға тезірек тыйым салуымыз керек» дейді.
Биылғы жылы маусым айында насыбай наркотикалық заттардың қатарына енбегендіктен сатылымына шектеу қоя алмайтынымыз белгілі болған еді. Осыған дейін бірнеше рет құзырлы орындар тарапынан ұсынылғанымен зияндылығын дәлелдей алмағандықтан насыбайға тыйым сала алмаған едік. Енді швед ғалымдарының зерттеуі насыбайдың аяғына тұсау салар деген үміттеміз.
Айта кетер жайт халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. Әсіресе соңғы кездері темекінің құны аспандап бара жатқандықтан құны қолжетімді насыбайға әуестенушілер санының күрт өсіп бара жатқаны байқалады.
Кәрім ӘЛПЕЙІСОВ, онколог-дәрігер:
– Насыбайдың құрамы ғылыми зерттеу арқылы енді белгілі болып жатқанымен, оның зияндылығы әлдеқашан дәлелденген. Ол ауыз қуысы, өңеш, асқазан рагіне себепкер бірден-бір зиянды зат. Көбіне аталған дертке насыбай ататын болғандықтан, ер-азаматтар шалдығып жатады. Алайда біз диагнозды тап насыбайдан деп қоя алмаймыз. Өйткені науқастар да насыбай аттым деп мойындай бермейді. Онкологиялық аурулардың басты қоздырғышы арақ, темекі, насыбай болып келеді. Аталған зиянды заттар адам ағзасындағы жасушалардың қалыпты жағдайын бұзады. Осылардың ішінде ең қауіптісі - насыбай. Бір қарағанда арзанқол заттың залалы өте зор. Насыбайға қосылған ауыр металдардың салдарынан бүйрек және бауырдың улануы тез байқалады.
Мамандар насыбайдың зияндылыңын айтып дабыл қағып отыр. Темекі халықаралық стандарттарға сай, құрамы көрсетіліп жасалатын болса, насыбайдың құрамы да, жасалу жолы мен өндіріс орны да құпия. Ресми түрде насыбайдың жасалуын ешкім мойнына алған емес. Мемлекетімізде есірткі, арақ-шарап, темекінің алдын алу шаралары жүргізілуде. Арнайы бейнероликтер мен түсіндірме парақшалары таратылуда. Тіпті темекінің сыртында залалды зардаптардың да суреттері бейнеленген. Ал шындығында темекі мен насыбайдың зиянын таразылар болсақ, насыбайдың қаупі қатерлі көрінеді. Сондықтан да құзырлы органдар тез арады насыбайды ноқталауды қолға алғандары абзал.