Алматы облысында Қытай компаниясының жұмысшыларын ұрды деп ұсталған бес жігіттің туыстары тергеуге көңілдері толмайтынын айтады. Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген олар қамаудағы бес азаматты заң орындары кепілдікпен бостандыққа шығармай отыр дейді. Ал бұзақылық бабымен қамалған жігіттердің қорғаушысы қылмыстық істе ешқандай саяси сипат жоқ дегенді жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазан айында Қызылағаш ауылында бір топ қытай азаматтарын ұрды деген жігіттерді кепілмен босату туралы өтінішті сот құптаған. Олардың туыстары кепілді ақшалай емес жылжымайтын мүлік түрінде ұсыныпты. Бес азаматқа қылмыстық кодекстің үш бабы «Бұзақылық орташа және ауыр дене жарақатын салу» бойынша іс қозғалған.
Алғашында таяқ жеді деген 42 қытайлық азаматтың саны қазір 13-ке қысқарған. Олар өз елдеріне кетіпті. 5 жігіттің құқығын қорғаушы адвокаттардың бірі тергеу аяқталуға жақын деді. Оның айтуынша, қамауға алынған бес азамат намысқа тырысып, төбелеске барыпты.
«Келесі аптада іс сотқа жіберіледі. Сараптамалардың барлығы толығымен аяқталды. Сараптамалардың қорытындыларымен біз танысып үлгердік», - деді адвокат Төлеген Берліқожа.