Мысты қаланың мысы басылып қала ма?
Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиев мырза «қазір «Қазақмыс» түшкіріп қалса, барлығымыз ауыруға дайын тұрмыз» деп, ащы да болса бір шындықтың бетін ашқан болатын. Бұл – бүгін туындаған әңгіме емес, қаншама жылдан бері «мыс таусылса, күніміз не болмақ?» деген ой қала тұрғындарының түн ұйқысын бұзып, үрейін ұшырып келеді. Шындығында, Жезқазғанның жерасты байлығының түгесілуіне қанша қалды? Қазақстанның қақ жүрегіндегі қала Кентау, Арқалықтың күйін кешіп, қаңырап қалмақ па?
Әлқисса, әу баста Жезқазғанның жерасты байлығы қалай табылып еді? Осы тұста күллі қазақтың мақтанышы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі еріксіз ауызға түседі. Академик Сәтбаевтың Сарыарқаның сайын даласындағы әр тастың тамырында не жатқанын бүге-шігесіне дейін білетін қазақтан шыққан тұңғыш ғалым екені даусыз. 1928 жылдан бастап Ұлытау өңірін, Жезқазған жерін шарлап шығып, Орталық Қазақстанның қойнауындағы қазынаның болжамды картасын жасауға ғалым өзімен бірге 11 геологті жұмылдырған. Олардың барлығының да еңбектері кеңес үкіметі басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болып, 1955 жылы Қаныш Сәтбаев бастаған геологтердің барлығына да Лениндік сыйлық берілді.
Мәлік Омаров, геолог, «Жезқазғантүстіметалл» комбинаты, «Қазақмыс» корпорациясы өндірістік басқармасы бас директорының геологиялық мәселелер туралы кеңесшісі:
– Негізінен, Жезқазғанның жерасты байлығы сонау сақтардың заманынан бері белгілі болған, бірақ қазақтардың алдындағы малын жаз жайлау, қыс қыстауға айдап, көшпенді тұрмыс салтын кешіп жүрген тұсын пайдаланып, қазына байлығының игілігін өзгелер көрген. 1910 жылы Болл атты ағылшын зерттеушісі келіп, мұндағы сол байлықты анықтап, Жосалыдан бері теміржол тартып, зауыт сала бастаған. 1916 жылы Байқоңыр көмір кенішін, Жезқазған мыс зауытын сала бастаған. 1926 жылы Қарсақпай зауыты басталған. Бірақ 1928 жылы Қаныш Сәтбаев келгенше, екі-ақ бұрғылау станогы тек жазда жұмыс істеп, қыста тоқтап тұратын болған. Қаныш келген соң станоктар саны 17-ге жетіп, олар қысы-жазы істейтін болған. Қарқынды жұмыс нәтижесінде екі жылда бұл жерден миллионнан аса тонна пайдалы қазбалар аршып алынған.
Жезқазғанның бүгіні мен болашағына келсек, 1916 жылдан бастап қазылып алына бастаған кен орындарының орта есеппен 11-12 жылға жететін қоры бар дейді. «Степной» кені шамамен 24 жылға жетеді деген болжам бар. Тағы да сол сияқты шағын кен орындары бар, жерасты қоры әртүрлі уақытқа жетеді.
Үрейді қалай үмітке жеңдіреміз?
Егер, шынында, 10-12 жылда Ұлытау-Жезқазған өңірінде мыс түгесілер болса, онда тұрғындардың 65 пайызы жұмыссыз қалады екен. Жұмыссыздық жайлаған жерден елдің үдере көшетіні белгілі. Бұл мәселе жайлы Жезқазған қаласының әкімі, ұлт жанашыры Берік Әбдіғалиев былай деген-ді:
– Жасыратыны жоқ, қазір жезқазқазғандықтардың бойында «болашақта Арқалық сияқты болып қалмаймыз ба?» деген де үрей бар. Олай болатын себебі – мұндағы халықтың тағдыры «Қазақмыс» корпорациясымен өте тығыз байланысты. Мыс азайып, түбінде жұмыс орындарының қысқаруы да мүмкін. Қала қаншалықты соған дайын? Сондықтан таяу арадағы 10-15 жылда қаланың корпорациядан тәуелсіздік алғаны дұрыс. Тәуелсіздік дегенде, ертеңгі күні мыс қоры азайып жатқанда да, біз басқа өндірісті дамытуға дайын болуымыз керек. Мұнай өңдеу, битум зауытын салу немесе теміржол салынып, сондай экономиканың басқа да жақтарын дамытсақ, сонда қала тұрақты дамыр еді. Әйтпесе, шынында, Арқалықтың күйін құшып қалуымыз ғажап емес.
«Қабырғасына сызат түскеннен дабыл қағылған үйге құлау қаупі төнбейді» деген екен ғұламалардың бірі. Алайда «қазанның түбі көрінбей, тамақ таусылды демейтіні» секілді, бұрғылау доғарылмайынша, үміт отының өшпейтіні анық. Осы орайда, сары уайымға батып бара жатқан Жезқазған жұртына қолын созар «осы заманның Сәтбаевы» керек. Бұл «Сәтбаев» академик Сәтбаевтың жанқиярлық еңбегін жалғастырып, ел басшылығына кен орындарын бірыңғай тек бұрғылай бермей, жаңа кен орындарын іздеу керектігіне көзін жеткізуі қажет. Кезінде Қаныш Имантайұлы жасаған картада Қазақстан жерінде 3450 кен ошағы көрсетілсе, соның 1478-інде мыс бар делінген. Мыс кенінің 400-і осы Ұлытау мен Жезқазған өңірінде деп көрсетілген. Сәтбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында соның барлығына емес, тіпті жүзден бір бөлігіне ғана бұрғы салынған. 1957 жылы өңірде 83 бұрғылау бригадасы жұмыс істеп, жылына 300-350 тоннаға дейін мыс және одан өзге де асбест, марганец, темір т.б. қазба байлық өндірілген. Бірақ академик өмірден озғаннан кейін жағдай күрт өзгеріп, бүгінде алынған мыстың орны толықтырылмай келе жатқанына отыз жылдай болыпты. Сондай-ақ жаңа кен ошағын іздеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, 10-15 жылда Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі кен таусылады деген түйін жасалған. Сондықтан қарап жатып, қайғыға бата бермей, бүгіннен бастап геологтер Сәтбаевтың еңбектері мен картасына жүгінер болса, онда өңірдің әлі талай ұрпақты азықтандыруға қуаты жетеді.