Арамызда мүмкіндігі шектеулі азаматтар баршылық. Біз оларға қандай қамқорлық танытып жүрміз? Осы сауал тіл ұшына оралғанда еріксізден күмілжіп қала беретініміз тағы бар. Шетелде олардың емін-еркін қимыл жасауына, көшеде жүруіне барлық қолайлы жағдай туғызылған. Өкінішке қарай, бізде оған мән беру ұмыт қалып қоя береді. Осының салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы шектеліп қалады. Тіпті олардың әлеуметтік мекемелердің өзіне келуіне ешқандай қолайлы жағдай жасалмаған. Соның салдарынан олар өзінің мұң-мұқтажын жеткізуге келгенде көп қиналып қалады.
Жақында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық үйлестіру кеңесінің отырысында осы мақсатта атқарылатын жұмыстар барысын пысықтап, түйткілдерді шешу мақсатында құзырлы орындарға нақты міндеттер жүктеді. Онда мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі қаралып, республикалық «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының тәжірибесімен жұртшылық назарына ұсынылды.
Рас, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық қамқорлық жасалып жүр. Тәуелсіздік жылдарында бұл игілікті істер жалғасын тауып, жылдан-жылға аталмыш салаға бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Алғашқы кезеңде ақша мәселесіне орай кейбір түйткілдер шешімін таппай келсе, одан бергі кезеңде талай түйінді мәселе тарқатылды. Рас, мемлекеттің экономикалық ахуалы да түрлі деңгейде болды. Соның салдарынан бұл бағытта бірқатар проблема кездесті. Соңғы жылдары елімізде мүгедектерге жасалған қамқорлық аясы кеңіп, олардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мән беріліп келеді. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар қолға алынып, жұртшылық сол қолдаудың шарапатын көре бастады. Сол жұмыстарды жүйелейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Әрине, бұл істердің барлығы көпті көзайым етерлік ауқымды жобалар екені белгілі. Осыған қарамастан, мүмкіндігі шектеулі жандарға байланысты проблемалар әлі де кездесіп отыр.
– Бұл кездесіп отырған проблеманы шешу жолдарын іздестіруіміз керек, – деді облыс әкімі. – Кездесетін күрделі мәселенің бірі – мүгедектерге арналған инфрақұрылым жүйесінің дайын еместігі. Қазіргі таңда олар күнделікті өмірде бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келеді. Мәселен, олардың ғимараттарға кіріп-шығу мүмкіндігі төмен жағдайда тұр. Оған ешқандай жағдай жасалмаған.
Облыс әкімі ғимараттарды салу барысында мүмкіндігі шектеулі жандар мүддесі көп жағдайда ескерусіз қалып жатқанын атап өтті. Кәсіпкерлік нысандар түгіл, мемлекеттік мекемелерге мүгедек азаматтар емін-еркін кіре алмайды. Өйткені әрбір нысанның жобасын жасау барысында мұндай талаптар назардан тыс қалып қояды. Соның салдарынан мүгедектер өзінің мұң-мұқтажын айту үшін мекемелерге бас сұғуы қиындай түседі. Сондықтан ендігі кезекте осындай талаптарға өз деңгейінде көңіл бөлінетін болады.
Біздің өңірде туабітті пайда болатын аурулар дер кезінде анықтала бермейді. Осының кесірінен мүгедектер саны арта түскен. Әлемнің өркениетті елдерінде осы мақсатта жүйелі жұмыс жүргізіледі. Мәселен, Израиль елінде онкологиялық ауруға шалдыққан алты баланың бесеуі дәрігерлер көмегімен құлан-таза айығып кетеді. Сондықтан осындай оң тәжірибені біздің өмірімізге енгізу басты мақсаттың бірі болып табылады. Сондай-ақ бізде тіл мүкісін емдейтін, мылқауларға арналған және өзге де мамандар жетіспейді.
Еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі де өз деңгейінде емес. Үстіміздегі жылы 194 адам екі қолға бір кәсіп тапса, ол осындай адамдардың небәрі 0,5 пайызын ғана қамтиды. Халықты әлеуметтік қорғау бағытында қабылданған заңдылықтарға сәйкес, әрбір мекемеде ең кем дегенде 3 пайыз көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылуы талап етіледі. Бүгінгі күні облыста осындай әлеуметтік проблемаларды шешу мақсатында арнайы басқарма құрылып отыр. Алдағы уақытта осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Сыр өңірінде 2013-2014 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бағытында арнайы жол картасы қабылданады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда кездесіп отырған проблемаларды кезең-кезеңімен шешу жолдары іздестіріледі.
Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша, біздің аймақта 27 мыңнан астам мүгедек бар деп есептелген. Оның ішінде 2989 адам – бірінші, 11 268 адам – екінші, 9099 адам – үшінші топқа жатады. Биыл облыстық бюджет есебінен мүгедектерді оңалтуға 208,3 млн теңге қаралған. Ол былтырғы жылғыдан біршама артық. Бөлінген қаржы есебінен мүгедектер тифло, сурдоқұралдар, кресло-арбалар, протезді-ортопедиялық құралдар және өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Басқармаға қарасты мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелердегі 700-ге жуық адамға стандартқа сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Мүгедектерге арналған оңалту орталығында 500-ден астам мүгедек пен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер жасалды. Сондай-ақ Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға «Әлеуметтік такси» қызметі ұйымдастырылған. Бұл жұмысқа облыстық бюджет есебінен 3,8 млн теңге қаралған.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жергілікті қазына қазанынан үкіметтік емес ұйымдар «Сыр мейірімі» жобасы арқылы қайырымдылық акциясын жалғастырып келеді. Мұндай қамқорлық сапалы тамақтануды қажет ететін жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, өзін-өзі күте алмайтын науқастарға жасалды. Биыл бұл мақсатта 37,6 млн теңге қаралған. Алдағы жылдарда жүзеге асырылатын жол картасы шеңберінде осындай іс-шаралар жалғасын тауып, бірқатар мәселелер түйіні шешілмек.
Жоғарыда аталған жол картасы 24 пункттен тұрады. Оны жүзеге асыруға қомақты қаржы қаралған. Сондықтан бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізілмек. Алдағы уақытта түрлі ғимараттарды салу барысында пандустарды дұрыстап орналастыруға өз деңгейінде көңіл бөлінбек. Тағы бір айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мәселесі де ескерілетін болады. Қазіргі таңда облыста «Лукойл» компаниясының қолдауымен «Ақниет» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Осының нәтижесінде тұрмысы төмен отбасылар өздерінің бизнес-жобасы арқылы несиелерге қол жеткізе бастады.
Республикалық «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаеваның айтуынша, біздің елімізде мүгедектерге қамқорлық жасау ісі жолға қойылған. Дегенмен бұл бағытта әлі де проблемалар жетерлік.
Ләззат ҚАЛТАЕВА, республикалық «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы:
– Оларды шешу бағытында үкіметтік емес ұйымдар да белсене атсалысып келеді. Осының нәтижесінде қаншама өзекті мәселелер өз шешімін тапты. Қауымдастық тарапынан атқарылған жұмыстар барысын саралаған облыс басшысы келешекте аталмыш үкіметтік емес ұйыммен бірлесе отырып, облыс көлемінде нақты іс-шараларды жүзеге асыруға ұсынысын білдірді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі ескеріледі
Последние статьи автора