Мүмкіндігі шектеулі балалар саны неге өсіп барады?
Кейінгі кезде елімізде балалардың жарымжан болып дүниеге келуі жиілеп кетті десек артық айтпаймыз. Тіпті жыл санап, саны еселеп артып келе жатқаны алаңдатады. Бесіктен белі шықпай жатып ми қысымының науқасына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі мен қан айналымы бұзылған, көру қабілетінен айырылған сәбилер неге көп? Осыц күні балаларының денсаулығын түзей алмай өмір бойы кемтар баласын күтумен күні өткен ата-аналар қаншама?!. Әлем елдерін түгелдей толғандырып отырған мәселе қазір қазақ елінде де аса қауіпті болып отыр. Бүгін біз осы мәселені «Алаш айнасы» тілшісі ой елегіне салып, таразыға салып көрмек...
Иә. Шынымен мүгедек балалар неге азаюдың орнына жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп келеді? Ресми статистикалық деректерге жүгінсек еліміздегі 70 мыңнан астам бүлдіршін түрлі деңгейдегі мүгедектікке душар болған. Алаңдататыны сол статистикалық есеп еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың санының жылдам қарқынмен артып келе жатқанын айғақтайды. Мәселен 2007 жылы 45 мыңға таяу кемтар балалар болса, 2013 жылы 70 мыңға жетіп жығылған.
Бұл орайда, Ақмола облысындағы да мүгедектер саны азаймай тұрғаны алаңдатады. Ақмола облысының әлеуметтік қорғау департаментінің мәліметіне қарағанда 2014 жылдың 1 наурызында Ақмола облысында 28 607 мүгедек жан болса, олардың 2460-ы кәмелет жасына толмағандар екен. Тіпті, жыл санап көбейіп келе жатқаны байқалады.
Дәрігерлердің есебінше негізінен ми қабатының жұмысы әлсіз дамитын балалар саны да артып келеді.
Мұндай балаларға ұзақ уақыт әрі тұрақты емделу мен бейімділікті қажет етіледі. Өйткені бұл ауруға ұшыраған бала бірден емделмесе, ақыл-есі кемістеу, ойлау деңгейі төмендей береді. Бұл орайда ата-ананың тек білікті дәрігерлердің кеңестеріне жүгінуіне, сондай-ақ психологтардың көмегіне жүгінуі аса маңызды, – дейді Ақмола облыстық ауруханасының педиатр дәрігері Әсия Мұхамедова.
Сонда балалардың кемтар болуына не себеп? Мамандардың айтуынша, қазіргі экологиялық жағдайлар баланың даму деңгейіне қатты әсер етеді? Табиғат ресустарындағы өзгерістер мен климаттық өзгерістер баланың нәзік әрі аурушаң болуына ықпал етеді екен. Сонымен қатар, қазіргі кезде адамдардың өзі сау басына сақина тілейді, – дейді дәрігерлер.
Бір жағынан дәрігерлердің қателігінен ауру-сырқауға ұшырап, кейіннен тіпті мүгедектік жағдайға жеткен балалар қаншама. Отандық медицинаның даму деңгейі көтеріліп келеді дегенді билік те, БАҚ өкілдері де қазіргі сәтте жиі айтады. Алайда, мүмкіндігі шектеулі балалар санының көбеюінің себептеріне келгенде аузын буған өгіздей күмілжіңкіреп қалады.
Бұл орайда балаларға қажетті көмек бөлінбейді деуден аулақпыз. Дегенмен онымен күресуде әлі селқостық пен енжарлықтың көп болып тұрғанын айтпасқа болмас. Мәселен, әлі күнге дейін даму деңгейі артта қалған балаларды оқыту жағы ушығып тұр. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын оқу орындары саусақпен санарлық. Ал онда білім беретін ұстаздардың біліктілік деңгейлері де сын көтермейді. Арнайы оқу орындарының жоқтығынан ата-аналар балаларын жалпы білім беретін оқу орындарына беруге мәжбүр. Ал онда өзі қатарлы балалар оқитын оқу құралдарын меңгере алмаған бала одан сайын төмендеп кететіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде баланың психикалық дамуына да салмақ түсіп, өзін басқалардан кем санайтынын да есепке алған жөн сияқты.
Ал, Ақмола облысы бойынша МЖЗҚ-ы директорының орынбасары Жанар Ержанованың хабарлауынша, осы жылдың сәуірінен бастап 16 жасқа дейінгі кемтар балаларға 22 743 теңге сомасында жәрдемақы төленеді. Мұнымен қоса, мүгедек балаларды күткен адамдарға 20 965 теңге мемлекет қаражаты бөлінеді.
Бірақ бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі балаларға жетпей отырған тәрізді. Туғаннан жарымжан балаларды емдеуге ақша таппай қиналамыз дегенде, ата-аналардың жанары жасқа толады.
Айғаным ҮМБЕТОВА, ата-ана:
–Балам туғаннан бері жүректен ауырады. Жыл сайын дәрігерлерге сүйреумен жүрмін. Ақшадан қатты қиналамын. Баламның емделуі үшін қыруар қаражат шығындаймын. Ал мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы оның жартысына да жетпейді. Қанша мәрте жергілікті билік өкілдеріне барсам да, көмек қолын созатын адам табылмады. Өзімнің бар тапқан-таянғанымды балама беріп келемін.
Ал бейімдеу орталықтарына баланы беру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Өйткені кемтар балалардың арнайы орталықтарға тапсыру үшін мықты «крыша» не болмаса қалтада көк қағаз болмаса кіргізу қиынға соғады. Тіпті, Астана мен Алматы қалаларының өзінде бұл мәселе ушығып тұр. Ақмола облысында бейімдеу орталығы атымен жоқ.
Ал басқа кейбір ірі қалалардың өзінде бейімдеу орталықтары атымен жоқ. Сонда мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай көмек беріледі? Мемлекеттің есебінен балаларға арнайы жәрдемақы қарастырылған. Олар арнайы жеңілдіктермен дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті көмектер беріледі. Мүмкіндігі шектеулі балалар қашан да мемлекеттің назарында болады дейді жергілікті билік мамандары.
Сонда мемлекеттік арнайы бағдарламалар кімге жазылады? Ауыл балаларын айтпағанда Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда тұратын ата-аналар балаларының қалыпты балалардай оқытуға мүмкіндіктің жоқтығын айтып налиды.
Арнайы орталықтармен қамтылған балалардың да қатары аз. Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметтеріне жүгінсек қазір қазақ еліндегі балалардың тек 30 пайызы ғана арнайы әлеуметтік көмекке қолы жеткен. Қалған жетпіс пайыз бала әлеуметтік көмек түгіл, медициналық көмекке де зәру.
Мұндай балалардың арасында да елдің дамуына өз үлесін қосар балалардың бар екені айтпаса да түсінікті. Тіпті, байқасаңыз мүмкіндігні шектеулі балалардың аррнайы білімі болмаса да, түрлі ойға келмейтін заттармен айналысып, өнерге бейімділік таныытып жатқанын теледидардан да күнделіті тамашалап жүрміз.
Ал шетелдерде бұл мәселеге қалай назар аударылады? Мәселен АҚШ-ты алсақ мұндағы мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы бейімдейтін оқу орындарымен қмтылған. Тіпті, даму деңгейіне зор ықпал ететін оқытудың дәстүрден тыс әдіс-тәсілдері де кеңінен пайдаланылады. Тіпті, Азияның Жапония, Корея, Малайзия сияқты дамыған елдері де балалардың интелектуалдық қабілеттерінің дамуына баса мән береді.
Сонда біз кімнен кембіз? Бәлкім бізге де осындай мәселеге барынша назар аударып,. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарымызға қосылып, қоғамның алға басуына үле қосатын азамат тәрбиелейтін уақыт жеткен шығар.