Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар толыққанды білім ала алмай отыр. Себебі елімізде мүгедектерге білім берудің бірыңғай жүйесі жасалмаған. Бұл туралы кеше Алматыда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қашықтықтан білім беру жобасын таныстыру барысында айтылды.
Деректерге қарағанда, бүгінде Қазақстанда бір миллионнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Жыл сайын шамамен 34 000 адам түрлі деңгейде мүгедек атанады. Сондай-ақ 47 000 сәби іштен мүгедек болып туылады. Ал енді осы мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алу көрсеткіші қандай? Әрине, бірден мәз емес деп айтуға болады. Мәселен, жыл сайын Қазақстанда мыңдаған мүмкіндігі шектеулі жанның бар-жоғы 100-ге жуығы ғана жоғары білімге қол жеткізеді екен. Мамандардың сөзіне қарағанда, мұндай жағдайдың орын алуына, ең алдымен, мемлекетте мүмкіндігі шектеулі жандарға бірыңғай білім беру жүйесінің дұрыс қалыптаспағандығы себеп болып отыр. Соның салдарынан қазір жоғары оқу орындарында білім алып жатқан мүгедектердің саны саусақпен санарлық қана. Сондай-ақ еліміздегі білім беру ошақтарында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасалмаған. Оған мысал, қарапайым мүгедек азаматтар оқу ғимаратының ішінде емін-еркін жүріп-тұра алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, мүгедектермен жұмыс істейтін мамандар кез келген білім ордаларында жоқ. Ал аталған азаматтармен арнайы психологиялық дайындығы бар маманның жұмыс істеуі қажет екені айтпаса да түсінікті. Үшіншіден, мүгедектерге оқуға түсу үшін тек арнаулы мамандықтар бойынша гранттар бөлінеді. Бұл да, негізінен, олардың мүмкіндігі мен білім алуға деген ниетін шектейді. «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қашықтан білім беру жобасының соңғысы осы мәселелерді ескеріп жасалғанын айтты.
Рахман АЛШАНОВ, ЖОО қауымдастығының президенті:
– Бұл жоба бойынша кез келген азамат орта, арнаулы, жоғары оқу орындары, магистратура, докторантура бойынша білім ала алады. Сондай-ақ оқуға тапсыруға дайындалуына мүмкіндігі бар. Оқуға түсетін талапкерлердің жас ерекшелігі ескерілмеді. Қазір біздің жобамызды Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдап отыр. Қаржылай қолдау көрсетуге біраз компаниялар да дайын. Қашықтықтан білім беру жобасының маңызы зор. Бұл жоба биылдан бастап іске қосылады. Оқу барысында біз тағы да жүйені толықтыра түсеміз. Сондай-ақ қазір Білім және ғылым министрлігімен оқу бағасын арзандату туралы келісіп жатырмыз.
Қайрат ИМАНАЛИЕВ, «Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Біздің оқу орындарымыз мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдауға дайын емес. Мәселен, кез келген университеттің ішінде мүгедектердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасалмаған. Бірінші қабаттан екінші қабатқа қарапайым тепкішекпен көтерілу үшін мүгедектер талай азапты бастан өткереді. Қашықтан білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына толық кепіл бола алмайды. Бұл – білім берудің бір ғана бөлшегі. Тағы бір мысал, егер мүгедек жан математика, физика пәндері бойынша білім алатын болса, оның ұстазы дәл көз алдында отыруы қажет. Себебі ол білмегендерін бетпе-бет отырып сұрайды. Ал қашықтан білім беру жүйесі бұған мүмкіндік бере ме? Жоқ. Сондықтан Қазақстанда кез келген білім ошағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдауға қабілетті болуы керек.