Мұғалімнің қадірі қалай қашты?
Кейінгі 20 жылдықта білім саласындағы сан-сапалақ реформаның жасалуы, түбінде білімнің құтын кетіріп, мұғалімнің қадірін қашырып тынатынына күдіктен гөрі сенім ұлғайып барады. Қанша сыналса да, міні түзелмей жүрген жүйедегі мұғалімдердің де қазір ұнжырғасы түсіңкі. Сабақ беру, балаларды оқыту жайына қалды. Қазір таза қағазбастылыққа салынды. Таң азаннан түннің бір уағына дейін қағаз толтырумен діңкелелері құрып жүр мұғалім. Мұғалімнің бүгінгі өміріне қатысты басқа да мәселелер жөніндегі «Алаш айнасының» тілшісі ой толғайды.
Бұл күні қағаз кеміруде алдына жан салмайды. Одан қалды арнайы курстары, санат алу үшін басылымға мақала шығаруы тағы бар. Ол мақаланың сапасы қандай? Оған мән-маңыз беріліп жатқаны шамалы. Ал шын мәнінде көпшілігі іске алғысыз. Оның көзіміз көріп те жүр. Өйткені, мұғалімдер басылымдарға жиі келетін шақырусыз қонақ. Сонда басылымға айдап келетін категория үшін баспасөз бетіне шығуы тиіс материал. Ол материалдардың көпшілігі оқу үрдісіне қатыссыз. Мән жоқ, мағына жоқ алақандай бірдеңе. Дәлірек айтқанда, «мектепте анау өтті», «мектепте мынау өтті», «анау апталық жасалды» деген сыңайдағы мақала-сымақтар. Ал мұның категория үшін қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін данышпан болу керек шығар. Әйтпесе, категория дегеніміз, мұғалім болмасақ та, оқытушының біліктілігін айғақтайтын дәреже екенін білеміз. Сондықтан категорияға өткізу үшін талап етілетін материал сол мүғалімнің білім сапасын саралайтын, тәжірибесіне сүйене жазған дүние болуы керек қой деп топшылайды қауашағымыздағы мишығымыз. Әлде бұл жапырақтай ақпараттардың астарында категорияға өткізуді мойнына алған комиссияның өзі ғана танып білетін Морзе секілді әліппесі бар ма? Қайдан білейік, әйтеуір «материал шығуы тиіс. Шықпаса категориясыз қаламын» деп еңігерегенде етегі жасқа толған мүғалімдер бұл күні редакциялардың табалдырығын тоздыруға айналды. Сонда деп ойлайсыз, мұғалімнің материал жазудан басқа шаруасы қалмаған ба? деп.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бұның сыртында папкі-папкі қатталған қалың қағазы және бар. Өзін-өзі мақтаған, өзін-өзі дәріптеген.Сөйтіп жүргенде, мектептегі оқушыларға жібі түзу сабақ беруге қолдары да тимеді. Сосын барып, ҰБТ кезінде «мына баланы кім тапты?» дейміз тағы. Ал ол оқушылардың кіндік әкесі мен шешесі – үздіксіз реформа.
Қазір мектепте бәрі жасанды. Мұғалім де, оқушы да. Бүгінде мектептегі әрбір қадамды ғылымиландыру үрдісі үздіксіз жүріп жатыр. Ғылыми мақала, ғылыми материал, ғылыми жоба, ғылым жетекші, ғылыми оқушы, ғылым бойынша мектеп директорының орынбасары. Мұның барлығы бір мектептен табылады. Әр мектепте бар. Осы күні мектеп қарапайым ғана сабақ берудің орнына ғалымдыққа ден қойған. Реформаның арқасында. Баршасы бірдей мүйізі қарағайдай ғылыми жетекшілер. Ғылыми атақтары жоқ болса да. Сонда бұл арзандап кеткен неткен ғылым?
Жалпы мұғалімдер – бесаспапқа айналды. Ғалым да өзі, жазушы да өзі, тілші де өзі, инноватор да өзі, мұғалім де өзі. Бәрі өзі. Осының қаншалықты қажеті бар?
Кезінде қарапайым ғана бір директоры бар қарапайым ғана орта мектепте оқығандардың бұл күні біреуден кем болғанын көргеніміз жоқ. Мектеп неге өзіне жүктелген қызметін орындап қана қоймайды? Білім беру ме миссиясы? Ендеше, мұғалімдері сол миссияны орындауы тиіс. Олар орындамайын деп жүрген жоқ. Тағы да орындатпайтын жоғары жақтан түскен қағазбастылықтың нұсұаулары.
Мектепке тексеріс келсе, сол қағазын тексереді әр мүғалімнің. Басындағы білімін емес. Сондықтан мұғалімдер басындағы білімін емес, тексеруші иснспекторлар тізім бойынша тергейтін папкаларын түгендейді. Ал басындағы білімнің қадірі қара бақыр боп кеткен. Қағазы түгел болмаса, ол мұғалімнің білімділігі ағыл-тегіл телегей теңіз болса да, бәрібір ол - біліксіз. Өйткені, талап сондай. Қағазы бар ма – қадірлі. Қағазы болмаса – қадірсіз. Сондықтан да қазір мұғалім атаулы жолыға кетсеңіз «құрсын, мүғалімдіктен кетемін!» деп зар илейді. Мұғалім болуыдан қашады. Бұл мұғалімдіктің қадірінің қашқаны емей, немене?