Мешіттегі "рэкет" немесе "Тарт қолыңды табақтан!"
Менің көрші әжейімнің лақап аты – «мешіт рэкеті». Жасы сексенді алқымдаса да, әжей «жұмыстан» қол үзбеген адам. Күнде түсте жасанып киініп, білезік-сақиналарын тағып, әжей «жұмысына» аттанады. Қолында – сөмкесі. Әжей көбінесе «жарнама» бойынша жұмыс істейді. Жарнама болғанда, кәдімгі хабарландыру. Мысалы, мынадай хабарландыру: «2014 жылғы қаңтар айының пәленінші жұлдызында пәленбай марқұмның жылына арналған ас беріледі. Ас беру қалалық мешіт асханасында сағат пәленшеде». Осындай келеңсіз жайттарға «Алаш айнасының» тілшісі де куә болған екен.
Әжей кейде жұмысқа күніне екі рет барады. Өйткені марқұм болған адамдардың қырқына немесе жылына арналған астар бір күнде екі рет килігуі мүмкін: күндізгі сағат 12-де және 15-те. Сіз әжей жалғыз екен деп қалмаңыз, кез келген мекеме мен кәсіпорында еңбек ететін басқа кәдуілгі қызметкерлер сықылды, оның да «әріптестері» бар.
Біздің қалада бұларды «шуриктер» немесе «мешіт рэкеті» деп атайды. Бірақ ас беру мешітте ғана өтпейді, дәмхана, ресторандарда да жасала береді емес пе. Сол себепті бұл кісілердің «еңбек ету» аумақтары ауқымдырақ. Әжей және оның командасы әлгіндей жабдыққа тыңғылықты дайындалады. Олар алдымен қайтыс болған, яғни дұға бағышталғалы отырған адам туралы мәлімет жинайды. Жұрттан сұрастырады. Ол кісінің артында қалған балалары мен туған-туыстарының есімдері кімдер, олар қай жақта тұрады дегендей. Ондай мәліметтердің қажет болатын себебі: күні ертең жабдық үстінде жұрт «рэкеттердің» бөтен адам екенінен сезіктеніп қалмай, бұларды да ас иесіне қатысты адам ретінде қабылдауы керек.
«Рэкеттер» жұмысында мынадай жайт та ескерілген: олар ешқашан да бір үстел басына «командасымен» жиналмайды. Өйткені олар табаққа түгел қол салғанда, тамақ түгелісіп қалады ғой. Жиылған жамағаттың басына күдік үйіріп қайтеді, аш құлақ та тыныш құлақ деп, үстел-үстелге бөліне салғаны жақсы.
Бір қиыны, бұларды елдің көпшілігі баяғыдан-ақ танып алған. Сондықтан ешкімнің де бұларға жолап, бір үстел басында табақтас болуға зауқы жоқ. Әйтсе де «Рэкеттер» бұл жағын да алдын ала ойластырып қойған: егер сіз дәмханаға кіріп барсаңыз, олар: «Қызым, келе ғой, міне, орын бар, жоғары шық!» – деп жандарына шақырып алады да: «Аманбысың, айналайын, ниетің қабыл болсын!» – деп, сізді көптен танитын кісінің кейпіне енеді.
Мен бұрын көршімнің «рэкеттер» командасынан екенін білмейтінмін. Оның «қызметімен» таныстығым кездейсоқ болды. Бір күні таныс адамымның әкесінің қырқы берілетін болып, мешіт асханасына бардым. Ол кісілердің айналасынан танитын ешкімім жоқ, имене басып асхана табалдырығын аттадым. Жүздері жылыұшырап күлімсіреген бір әжей мен бір тәтей: «Қызым! Бері кел! Бері кел!» – деп, қастарына отырғызып алды. Өздері 3-4 адам. Содан әлгілер отырды да, өткен-кеткен адамдарды сөз қылды. «Мынау Гүлзираш қой! Атаның үлкен қызы! Е-е-е-е, Астанадан кеше келіп жатыр деген» – деген тақылеттес әңгімелер болып отырды. «Бағанағы сағат 12-дегі ас дастарханы мықты болды, ә! Бай адамдар екен! Аямады жиғанын!» десті. Осы уақытта ойыма күдік кірді. «Бұлар сонда бір күнде екі асқа барған ба?» деп ойладым. Сөздерінен ас берген адамдарға бөтендіктері байқалып қалды. Сәлден соң үстелдің жанынан бір келіншек өтіп бара жатыр еді, «Хал-жағдай қалай? Балалар жақсы ма? Иә, дұға қабыл болсын!» – деп, әлгі адамға «рэкеттердің» бірі жабыса кетті. Онысы – сыртқары жұртқа өзінің бұл әулеттің адамдарына таныстығын білдіргісі келгені.
Бір уақытта ортаға табақ келді. Мә-ә-ә-ә, қызығы енді басталды! «Рэкет» апалардың тамақ жеуі де ерекше екен: табақтан көсіп-көсіп алып, біртүрлі асап жейді. Және алдарындағы тәрелкеге кесек-кесек қара еттен үйеме қып толтырып алады. Оларға назар салсаңыз, ақырын жеп отырады да, көзіңіз тайса бітті, алдарындағы тәрелкедегі етті тізелерінің үстіне қойған қалтаға бір-ақ төңкереді. Сосын тағы да уыс-уыстап табақтан алып, тәрелкелерін қайта толтырып қояды. Осы көрініс үздіксіз қайталанып отырды. Бір кезде табақ тып-типыл болды. Үстелдің жанынан әрі-бері өтіп, жинастырып жүргендерден жаман ұялады екенсің. Бір уақытта шайдың тәттілері қойылды ортаға. Алма толы ыдысты әлгілер «жеңіз» деп бір-біріне қарай жақындатып қояды. Бізге де бір-біреуден беріп, үстел үстіндегі кәмпит-тоқаш атаулының көзін бес минуттың ішінде құртты да жіберді. Қысқасы, үстел үстінде майлықтан басқа ештеңе қалған жоқ.
Мен түрлеріне қайта-қайта қарай беріп, «қызметтеріне» бөгет жасадым ба, толықша келген байра шашты «рэкет» келіншек:
– Сап-сары болып томпиып отырған түрден сол! – деп қойды маған, одан соң қарауға да ұялдым.
Мен көрген «рэкеттер» қайта құдайға қараған, аз да болса мәдениетті ме деп қалдым. Олар қанша қомағай болғанымен, өздерінің кімнің асында екенін біліп отыр ғой. Ал әріптесім Әсияға жолыққан «рэкеттер» ұят қылық жасап: «Қайтыс болған әйел адам ба, ер адам ба өзі?» деп сұрапты дастархан басында. Отырған жұрт жағасын ұстапты.
Біздің қалада газеттерге «Еске алу» айдарында дүниеден қайтқан адамға туған-туыс, дос-жарандарының жазған арнаулары жарияланып жатады. Егер сол адамның рухына құран бағышталып, ас берілетін болса, оның қайда, қашан өтетіні хабарланады. Жергілікті теледидарда да мұндай айдар бар. Айтайын дегенім: «Еске алу» – «рэкеттердің» БАҚ атаулыдағы ең сүйікті айдарлары. Яғни, нәпақаға тура бастайтын жол. Қысқы соғымдары да сол.
Пендемін ғой. «Рэкеттерде» де таксишілердегі сияқты, өздерінің «пятактары» болатын шығар деген ойдамын. Өйткені көшедегі қайыршылардың да өздерінің бөлісіп алатын орындары болады емес пе. Бірақ бұл менің жеке пікірім ғана. Дәлелдейтін уәжім жоқ әзірге.
Бір күні бізде қалаға танымал бір адамның жылы берілді. Мешітте емес, мейрамханада. Жаңағы көрші әжеймен тағы да бір үстелде отыру «бақыты» бұйырмасы бар ма. Осы жолы ол «командасыз», өзі жалғыз кепті. Бұл үстелге кілең ығай мен сығай отырған еді. «Қалалық электр тораптары» ЖШС-нің, әлгі қып-қызыл банктің директорлары, кеніш директорының әйелі, тағы басқалар. Тыныш отырмай, мен жанымдағыларға әжейдің кім екенін сыбырлап үлгердім. Олар жабдық бойы әлгі әжейді бақты да отырды. Әжей қолын анаған да, мынаған да созып, белсенді отыр. Банк директоры: «Апа, байқасаңызшы, жеңіңіз былғанды ғой!» – деп қойды. «Ештеңе етпейді», – деді әжей. Әжей алма толы ыдысты өзіне қарай тарта беріп еді, «Тиіспеңіз, сол жерде тұрсын!» – деп ескертіп қалды тағы бірі. Қысқасы, әжеміз бұл үстелден сөмкесін ойдағыдай толтыра алмады. Дегенмен, кесек-кесек еттен суқалтаға нығарлап тұрып салып алды, қапы қалған ештеңесі жоқ. Менің жанымда құрбым отырған. Оған: «Мә-ә-ә-ә, мына әжеміз бөтен пятакқа кіріп кетіпті ғой бүгін», – деп қойдым.
Бастапқыда «рэкеттерге» ешкім үндемейтін. Соңғы кездері қаралары көбейіп бара жатқандықтан ба, әйтеуір кей адамдар оларды: «Сіз бұл үйдің туысы немесе танысы емессіз, неге келесіз!» – деп, шығарып жіберетін болыпты. Олардың көпе-көрінеу қылықтарына шыдай алмағандардың ішінде: «Тартыңыз қолыңызды табақтан!» – деп қолдарын қағып жібергендер де бар екен. Соған қарамастан, жабдық «рэкеттері» айылын жияр емес.