"Мен – әкемін. Баламның қандай екенін мен білемін": Сотталып жатқан лагерь тәрбиешісінің әкесі жанайқайын жеткізді
Ақтөбеде лагерь тәрбиешісі балаларға азғындық жасады деген ниетпен сотталған еді. Оны ұстаздары да, өнер иелері де қолдап президентке хат жазды. Ұлының кінәсіздігін айтып шырылдаған әкесі Қаныбек Табышевтің жанайқайы шықты.
"Елімізде әділдік бар ма, жоқ па?! Жазықсыз қамалып, жалған жаланың құрбанына айналып, 10 жылды арқалап бара жатқан балам Әліби үшін шындық іздеп шырылдап, қан жылап жүрген әкелік жүрегімді сезініп, сөзімді естір құлақ бар ма?!
"Саясатта да, басқада да шаруасы жоқ, бала-шаға амандығы мен өсіп-жетілуі үшін ел қатарлы өмір сүріп жатқан қарапайым ғана отбасы едік. Қайдан ғана мұндай жалаға тап болдық!? Құдай айтпай келген пәле-жаланы ешкімнің басына салмасын!
Осы 25 шілденің кешінен өтіріктің, жаланың астына көміліп қалдық. Сол күннен бастап барлық айтылған сөз, жүргізілген тергеу – бәрі жалған, тұнып тұрған заңбұзушылық. Мен – әкемін. Баламның қандай екенін мен білемін. Тірі жәндіктің өзіне жамандық жасамайтын адамды, адам баласына азғындық жасады деу – үлкен күнә.
Әлібидің әкесі ұлын қыз балаларды азғындады деп айыптады дейді. Алайда істе шикіліктер көп. Қыз балалар атынан жазылған арыз да жоқ деп ашынды.
"26 шілде 2019 жылы қалай №4 қалалық полиция инспекторы баянат жасады, содан бастап бәрі заң бұзған. Сол күннің өзінде олар қылмыс болды ма, болмады ма тексермеген. Ол түскен арызда да «қыз балаларға тиісті» делінген. Қазіргі істе, қарап тұрсаңыздар, арызданған қыз бала ата-анасы жоқ. Бұл жалған арыз болса да баянат толтырылған. Алды да бір түнде менің баламды жауыз қылып шығара салды. Дәлел құжаттарың қайда?! Бұл сендерге ойыншық емес, адам өмірі ғой! Менің баламның тағдыры.
Балама ештеңе түсіндірместен, тергеуге алып, қамап тастады. Балаларды медициналық сараптамадан өткізуді, тергеу тобын құруды, бәрін-бәрін 26 шілдеде қабылдаған, тергеуді бастап кеткен. Бірақ балам Әлібиге бұл туралы ешқандай ақпарат айтпаған. Тергеу тобы құрылған соң тергеу барысы заң жүзінде қалай жүргізілетіндігімен таныстырылуы керек еді...
Себебі, балам да қорғануы тиіс еді ғой. Әліби мұның бәрінен бейхабар болды. Бәрін өз мүдделеріне қарай шешкен, содан өз құқығын азат азамат ретінде қорғай да алмады. Мұндай бассыздықтарға неге жол беріледі? Сонда сол жерде «бұл заңсыз, Әліби тергеу туралы қаулымен танысуы керек, өзіміз заң адамымыз ғой, әділ болайық» дейтін бір әділ, адал қызметкер болмағаны ма?!", - деді әке.
Айта кетейік, Әлібиге әділдік берсін деген қазақстандық әншілер 10 жылға сотталған лагерь тәрбиешісін жақтап шықты. "Ол менің шәкіртім" деп жар салған Мөлдір Мұқанова 10 жылға сотталған лагерь тәрбиешісіне араша сұрады.