Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемқызметшілерді қысқарту кезінде кімді жұмыстан шығаруға болмайтынын айтты, деп хабарлайды sputniknews.kz.
"Еңбек кодексіне сәйкес, жүкті әйелдерді, үш жасқа дейін баласы бар аналарды, жалғызбасты аналарды, баланы анасыз тәрбиелеп жатқандарды, сондай-ақ, зейнеткерлікке дейін екі жылдан кем уақыт қалған адамдарды жұмыстан шығаруға болмайды", – деді Жайылғанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, оңтайландыру шаралары кезінде осы санатқа кіретін мемлекеттік қызметшілердің құқықтары барынша қорғалады. Ал олардың арасында тәжірибелі мамандар болса, демалысы мен жәрдемақысын да алуға мүмкіндік бар. Көлемі – төрт орташа жалақы. Осы норманың негізгі мақсаты – тәжірибелі мамандарды мемлекеттік аппаратта ұстап қалу.
"Ал қысқартуға қатысты шешім қабылданғанда мемлекеттік орган басшыларына әлеуметтік жағынан осал топтарды қызметте қалдыруға кеңес беріледі. Олардың қатарына асырауында екі және одан көп адамы бар қызметшілер, көпбалалы аналар, жарақат алғандар және тағы басқа адамдар кіреді", – деп атап көрсетті Жайылғанова.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауда мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту жұмысын тездетуді тапсырған болатын.
Осыған байланысты биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 10 процентке, ал келесі жылы тағы 15 процентке қысқартылады. Осылайша шенеуніктердің 25 проценті қысқартылып, үнемделген қаражат есебінен жұмыста қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі.