Мемлекет салған үйлер неге сапасыз?
Құрылыс саласына қатысты сын БАҚ-тарда ғана емес жоғары мінберлерден де жиі айтылып жүргенмен бұл саладағы кемшіліктер жойылар емес. Құрылыс жұмыстарының сапасыздығы мен бұл саладағы көзбояушылық әшкере болып жатса да, жауапкершілікке тартылып жатқандар жоқтың қасы.
Сапасыздық қарапайым халыққа арналған мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарында өте көп. Республиканың барлық аймағында мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған үйлердің сапасы сын көтермейді. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы негізінде жөндеу жасалған үйлерде тұратын тұрғындардың бұрынғы күндеріне зар болып қалғандарын айтып БАҚ-қа шағымдануы тыйылар емес. Айта-айта жауыр болса да, бұл мәселе оң шешімін таба алмай келеді. Сол себепті кейінгі кезде Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасынан бас тартушылар қатары көбейген. Өйткені, сапасыз жұмыс үшін жұмсалған қаржыны тұрғындар жеті жыл ішінде қайтаруы тиіс.
Өскемен қаласының элиталық деп аталған жаңа 22-шағын ауданында тұрғызылған үйлер сапасыз құрылыстың нақты бір мысалы бола алады. Тұрғындардың айтуына қарағанда құны 5 млн теңге тұратын үй адам тұрғысыз. Ол үйлерде қыс мезгілі былай тұрсын, жаз мезгілінде де тұру мүмкін емес. Іргетасы боркемік. Қабырғалары бос кеуек. Есік, терезесінен жел улеп тұрады. Жергілікті билік өкілдері үйлердің сапасыз салынғанын жоққа шығармайды. Олардың мәліметінше, қазіргі уақытта құрылыс компаниясының ісі сотта қаралып жатқан көрінеді. Алайда одан тұрғындардың ауыры жеңілдей қоймасы анық.
Сондай-ақ, Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйі жарамсыз болып шыққын. Белгілі болғандай, өткен жылы желтоқсан айында көп балалы анаға тегін берілген баспана үйдің жылу жүйелері дұрыс орнатылмағандықтан, қабырғалары жарылып, сылақтары түсе бастаған. Ал жауапты мамандар мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған үйлердің қалай болса, солай салынғанын мойындаған.
Республикамыздың барлық аймағында жағдай осындай.
Ресми деректерге қарағанда ағымдағы жылдың 8 айында құрылыс нормативтерін бұзғаны үшін 371 мердігер компания жауапқа тартылған. Оларға қатысты 256 әкімшілік іс қозғалып, 361 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Ал төрт компания лицензиясынан айырылған. Ескере кететін жайт – құрылыс компаниясын екінші рет ереже бұзғанда ғана сот шешімімен лицензиясынан айыруға болады.
Жалпы бүгінгі күні елімізде мемлекеттік бағдарлама бойынша 1 312 тұрғын-үй нысаны салынып жатыр. Ал 2 118 үй қолданысқа берілген.
Сапасыз құрылыс жүргізушілер тіпті заңнан да қорықпайды. Неліктен? Заң әлсіз бе? Жоқ әлде олар заң құрығынан құтылып шығатынына сенімді ме? Бақылаушы органдар қайда қарайды? Қабылдау комиссиясы кемшілікті неге көрмейді?
Біріншіден: Бізде заң бар. Алайда заңның жұмыс істеуі әлсіз. Заңсыздықты бақылаушы органдардың жұмысы салғырт.
Екіншіден: Жемқорлық жайлаған біздің қоғамда заң құрығынан құтылып кететіндер көп. Көкесі барлар тамыр-таныс арқылы, ақшасы барлар пара беріп (сондықтан мүмкіндігінше көбірек жеуге тырысады), мәселені өз пайдасына шешіп, жазадан құтылып жүре береді. Қылмысы үшін жаза арқалайтындар некен саяқ.
Үшіншіден: Бізде көп жағдайда тапсырыс беруші мен бақылаушы біреу. Тендердің жайы әмбеге аян. Ал тендерді бөгде біреудің жеңіп алуы екіталай. Яғни құрылыс жұмыстары басталмай жатып, ымыраласу, жемқорлық басталады. Сонан соң аузы былғанған бақылаушылар, құрылыс жұмысының барысын бақыламайды. Соны пайдаланған құрылыс компаниялары арзан, сапасыз материалдарды пайдаланып, бетін жылтыратып, сылап-сипап қояды да еш қиындықсыз нысанды тапсырады.
Төртіншіден: Қабылдау комиссиясы біткен нысанды жіте тексермейді. Өйткені құрылыс компаниялары олардың да көңілін табады. Ертеңгі күні кемшілік анықталып жатса, «біз еденді көтеріп, қабырғаны бұзып тексере алмаймыз ғой, құрылыс барысын бақылаушы орган қадағалаған» деп құтылады.
Сондықтан құқық қорғау органдары заңдылықты қатаң сақтап, сапасыз құрылыс жүргізіп, мемлекет қаржысын қалтасына басқандардың жауапкершіліктен құтылып кетуіне жол бермеуі тиіс. Егер құрылыс компаниясының басшысы заң құрығынан құтылып кетпесін білсе, құрылыс саласындағы бассыздық азаяр еді.