Дін саласында кадр мәселесі бірінші орында тұр. Бұл проблема тек Ақтөбе облысына емес, республикаға тән. «Нұр Мүбәрәк» ислам университеті мен орта арнаулы оқу орындарына пара-пар келетін 9 медресе болса, соның бірі Ақтөбенің Бастамақ ауылында. Ал мектепте жақсы оқыған балалар медреседе діни білім алғысы келмейді. Бұл туралы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Ақтөбе медресесінде қазіргі күні 49 шәкірт білім алып жатыр. Оларға 6 ұстаз дәріс береді. Бізде жергілікті ғана емес, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарынан келген балалар білім алып жүр. Бір қиыны, мектепте жақсы оқыған балалар медреседе діни білім алғысы келмейді. Шәкірт жинау қиынға соғып отыр. Аудан, ауылға хабар беріп, «балаларды оқуға жіберіңдер» дегенде ешкім табылмайды. Жақсы оқыған балалар басқа мамандықты игеруді қалайды. Соңыда нашар оқитын оқушылар қалып жатады. Алалап, төмендетіп отырғаным жоқ. Бірақ бізге де үздік оқитын балалар керек»,- дейді басқарма басшысы.
Статистикаға сүйенсек, өңірде 65 мешіт бар. Онда 60 имам еңбек етіп жүр. Олардың 14-і жоғары діни сауатты, 12-сі медреседе білім алған. Ал 34-і орталық және облыстық теологиялық курстардан өткен мамандармен қамтылған. Әлі күнге дейін 7 мешітте имам жоқ.
«Темір, Мұғалжар, Алға аудандарындағы елді мекендерде имамы жоқ мешіттер бар. Бірақ бұл мешіттерді молда, ақсақалдар уақытша өз бақылауына алған»,- дейді Б.Есмахан.