Мектепке медбике емес, фельдшер керек
Бүгінде балалардың толыққанды білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Кем-кетіктің орны уақытысымен толып та жатыр. Бірақ кейде артық қыламыз деп, тыртық қылатын кездер де жоқ емес. Оқушылардың тәртібін қадағалау үшін мектеп инспекторлары іске кірісті. Денсаулықтарын бақылау үшін мектеп медбикелері жұмыс атқаруда.
Алайда мектептегі оқушылардың денінің саулығына жауапты маман медбике емес, фельдшер болуы тиіс. Бұған дәрігер-педиатрлар алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл негізсіз де емес. Еліміздегі орта мектеп оқушыларының денсаулығы жыл жылжыған сайын нашарлап барады. Оның басты себебі: мектептердегі сапалы медициналық бақылаудың жоқтығы дейді мамандар. Бүгінде білім ошақтарында тек медбикенің ставкасы ғана қалған. Сынып бөлмелерінің жарықтандырылуына, парталардың дұрыс қойылуына, асханадағы тағам түрлерінің сапасына, бастысы балалардың денсаулығына кім жауап береді? Орта буынды медицина қызметкері болып саналатын медбикелер ме? Жоқ. Оған жауапты фелдьшер болуы тиіс. Бұл дәрігер-педиатрлардың пікірі. Екеуі де медицина маманы болып саналғанымен, атқаратын жұмыстарының айырмашылығы жер мен көктей екендігі белгілі.
Бүгінде мектеп оқушылары арасында түрлі аурулардың белең алғандығы белгілі. Көз кемістігі, бүкірлік, омыртқа қисаюы сияқты күрделі кеселдер де кездеседі. Жуырда австралиялық ғалымдар оқушылар арасындағы жақыннан көргіштік кеселінің туындауына тар сынып бөлмелерінің, парталардың тым жиі орналасуының да қатысы бар екендігін дәлелдеген болатын. Австралия ұлттық университетінің қызметкерлері тар бөлмелерде оқитын оқушылардың көру қабілеті бірте-бірте төмендейтінін, ақыры 80 пайызында көру кемістігі пайда болатынын анықтаған. Біздің елімізде мұндай зерттеулер жүргізілмегенімен, осы мысалдан-ақ сабақ алуға болады. Фельдшер әр сынып бөлмесіндегі жарықтандырылуға жауап беруі тиіс. Әрі апта аралатып болмаса да, ай аралатып тексеріп тұруы тиіс. Мұның оқушылардың денсаулығына тигізер септігі болары сөзсіз. Бүгінде мектепке бекітілген медбикелер жылына екі рет медициналық бақылаудың өткізілуіне көмек береді, түрлі егулер жасап, оқушылардың денсаулығына бақылау жасайды. Ал шын мәнінде солай ма?
Балжан Исабекова, Оңтүстік Қазақстан облысының бас педиатры:
– Қарапайым медбике мектепте бір өзі ғана жұмыс істей алмайды. Оған себеп – біліктілігі басқа. Медбикенің медициналық көмек көрсетуге, кәсіби тексеруге қатысуға құқы жоқ. Ал фельдшер болса, мұның барлығына да бақылау жасауға құқы да бар, біліктілігі де жетеді. Осының салдарынан мектептер алғашқы медициналық бақылаусыз қалып отыр.
Осыдан біршама уақыт бұрын дәрігер-педиатрлар мен фельдшерлер Үкіметтің қаулысынан кейін «майдан даласын» тастап шықты. «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысында мектепте тек медбикенің ғана ставкасын қалдыру керек делінген көрінеді. Әрине, қаулыға қарсы келер қауқар жоқ. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мамандар кетуге мәжбүр болды. Орнын басқан медбикелердің тиісті жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізе алады дегенге сенімсіздік білдірушілер басым. Мектептегі бұл орынның жұмысы көп болғанымен, жалақысы өте төмен. Дәрігерлер үшін тиімсіз, әрине. Бір таңғаларлығы, бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігіне емес, Білім және ғылым министрлігіне қарайтын болғандықтан, мектеп медбикелері тіпті тегін біліктілігін көтеру курстарына барудан да қағылған. Балжан Исабекова бұл мәселені шешуге болады деп есептейді. Ол үшін фельдшерлерді штатқа алу мәселесін шешу керек екен. Орта буынды медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің тапшылығына қарамастан, фельдшер мамандығын игергендер елімізде жеткілікті. Әрі олар бұған қуана-қуана келісері айқын. Кейбір мектептерде медбикелер фелдьшерлік курстарды бітіріп, қатырма қағаз алып, қызмет атқарып жүрген көрінеді. Екі-үш айлық курстарда білім алу осы саланы толыққанды меңгеріп шығу деген сөз емес. Сондықтан да ол қатырма қағаздардың жарамайтындығы анық. Бүгінде Шымқалада 90-ға жуық мектеп бар. Әр мектепке бір-бір фельдшерден қабылданғанның өзінде қаншама маман жұмыспен қамтылар еді. Әрі медбикелерді де жылы орнынан қумай, оларға көмекші етіп бекітіп берсе, артықтығы жоқ. Балалардың денсаулығын нығайту үшін мұның бәрі де керек.
Әрине, оқушылардың білімімен қатар, денсаулығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Мықты денсаулықтың мектеп жасында қалыптасатыны белгілі. Сау ұрпақтың өсіп-жетілуі үшін оған жағдай жасау керек. Ол жағдайды, әрине, қажетті деңгейде білім алған, біліктілігі жоғары фельдшерлер атқаруы тиіс. Бұл іс бір ғана медбикенің қолынан келмесі анық дейді мамандар. Бұл жағдайды медиктер де, мұғалімдер де жалғыз-жарым жүріп шеше алмайды. Мектепке фельдшерлерді қайтару мәселесі жоғары деңгейде шешілуі тиіс.