Медициналық қалдықтар қайда кетіп жатыр?
Қаперден шығып, көзден таса қалған бір мәселе бар. Ол – медициналық қалдықтардың жағдайы. Әдетте тұрмыстық, өндірістік қалдықтар туралы аз айтылмайды. Есесіне, зияны мен залалы зор медициналық қалдықтардың «тағдыры» туралы әңгіме аз. Біле-білгенге аңдамаса, олардан келетін зардап орасан. Қазіргі таңда бұл медициналық қалдықтарды тендерді ұтып алған ұйым-кәсіпорындардың қалай өртеп, қайтіп жойып жатқанын бақылап жатқан құзырлы орын кемде-кем. Ал бұл проблема бір ел ғана емес, бүтін әлемнің басын ауыртып, балтырын сыздатқан жайт...
Өйткені жыл сайын емес, күн сайын медициналық мекемелердің қызметі барысында қолданылатын дәрілік препараттардың тізімі де, пайда болатын қалдықтардың қаупімен қатар ауқымы да артып келеді. Сондықтан эпидемия пайда болу қаупі де бар. Жалпы, әлем тәжірибесінде медициналық қалдықтарды залалсыздандыру және оларды өңдеу тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге қарағанда, әлдеқайда қымбатқа түсетін көрінеді. Сондықтан да көп жағдайда бұл қалдықтарды жою кезінде санитарлық талаптар орындалмай қалады. Себебі ол мұндай қызметті атқарушылар үшін қымбат. Сондықтан олар оңай жолын іздейді. Ал оңай жолы – арнаулы пештерде емес, қарапайым жолмен өртеу болып тұр.
Мәселен, шетелде медициналық қалдықды өртеудің 1 тоннасы 500 доллардан 1500 долларды құрайды екен. Бізде 2000 долларға жуықтайды деседі. Әлемдік тәжірибеде оларды жою үшін термикалық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылады. Оның ішінде өртеу, химиялық-механикалық өңдеу, гаммал-сәулелендіру, химиялық фиксация секілді тәсілдер бар. Сонымен қатар әлі де сынақта жүрген әдістер де аз емес секілді. Айталық, күлгін сәулемен сәулелендіру, лазерлік сәуле және т.б. Солай бола тұрса да, батыста медициналық қалдықтарды жоюға қатысты аталған барлық қызметті белгілі бір фирмалар тиянақты жүзеге асырса керек. Ол қызметтердің қатарында жинақтаудан бастап, буып-түю, тасымалдау және қалдықтарды өңдеу бар. Ал бізде медициналық қалдықтарды өңдеуді ұтып алған ұйымдардың «ақтаңдақтары» көп болып тұр.
Медициналық қалдықтың қауіптілігі сонша, Дүниежүзінің денсаулық сақтау ұйымы бұларды залалсыздандыруда өртеуді ұсынған болатын. Бұл мәселеде химиялық тәсіл де тиімді. Бірақ одан қалған химиялық қалдықтарды жою тағы туындайды. Сондықтан да өртеу ұтымды болып отыр. Ал қалдықтар талапқа сай өртелуде ме? Ол енді осы күні біздің ел үшін шақшадай басты шарадай етіп ойланатын шаруа.
Қазақстанда 15 мыңға жуық емдеу-алдын алу мекеме ұйымдары бар екен. Оның арасында ауруханасы, емханасы, дәріханасы және өзге де медициналық қалдықтар шығаратын ұйымдары бар. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің 2006 жылғы дерегі бойынша, жылына 12 мың тонна медициналық қалдық пайда болады.
Ол – орташа есеппен күніне 32 тонна медициналық қалдық. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі ауруханадағы әр төсектен 1-2 кг медициналық қалдық шығады дейді. Сондықтан да қазіргі таңда медициналық қалдықтардың саны көрсетілгеннен әлдеқайда көп, бірнеше есе асып түсетінін айтуда мамандар.
Елімізде бүгінгі таңда медициналық қалдықтарды өртейтін 70-тен астам пеш бар. Оның 39-ы аймақтың орталықтарында орналасқан. Алайда ол пештерден қанша қалдық ауаға жайылады, ол қаншалықты залалсыз? Жіті қадағаланып жүрген жоқ. Қолда бар деректердің айтуынша, пештер ауаның ластануын бақылайтын құрылғымен жабдықталмаған. Сонымен қатар медициналық қалдықтарды жою барысында денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау мамандары тарапынан қадағалау жеткіліксіз. Оның салдары – медициналық қалдықтардың талапқа сай жойылмауы. Талапқа сай дегенде, біріншіден, сол медициналық қалдықтарды жоюды мойнына алған ұйымның сапасыз қызметі, екіншіден, медициналық мекемелердің бұл медициналық қалдықтарды кем шығарып, оны тұрмыстық қалдықтарға қоса салу мәселесі тұр. Медициналық қалдықтарға арналған шығынның қымбаттығын мейлінше кемітуге тырысады. Одан қалды, бұл медициналық қалдықтарды буып-түю ісінің де әлі күнге дейін түйіні шешілмей келеді.
Арай ЗЕКЕНОВА, ҚР ДСМ МСЭҚК Қарағанды облысы бойынша бас маманы:
– Жүргізілген жұмыстарға қарамастан, негізгі мәселе стандартты қораптармен қамтамасыз ету, қауіпсіз жою үшін, сонымен қатар стоматологиялық кабинет, дәрігерлік амбулаториялар және медициналық пункттерде уақытша сақтауға үй-жайлардың ауданының жетіспеуі, медициналық қалдықтарды пайдалану кезінде материалдар мен көрсетілетін қызметтер құнының жоғары болуы және қызмет көрсетулердің орталықтандырылған өндірушілерінің нарықта болмауы болып табылады. Денсаулық сақтау объектілері мен ұйымдарына санитарлық қызмет бақылау жүргізу және медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатындар, медициналық қалдықтарды жою мен уақытша сақтауда, ағымдағы жылда медициналық қалдықтарды жинау, уақытша сақтау және жоюда 13 айыппұл салынды, сомасы – 41206 теңге, берілген ұйғарымдар саны – 9.
Бекiтiлген ережеге сай өртелетiн қалдықтар түрлi топтарға бөлiнедi. Мәселен, А (қауiпсiз) тобына жұқпалы емес емдеу орындарынан шыққан тамақ сарқыншақтары, қағаз, жиһаз, құрылыс материалдары енсе, Б (қауiптi) тобына пайдаланылған шприцтер, гинекологиялық сарқындылар, яғни бала жолдасы, ұрықтар, ота жасаудан шыққан дене мүшелерi (аяқ, қол т.б), тiндер, биологиялық сұйықтықтар, ауруханалардан, диагностикалық зертханалардан шыққан жұқпалы қалдықтар жатады. В (өте қауiптi) тобына аса қауiптi саналатын, жұғуы жылдам науқастарға пайдаланылған заттар кiредi. Г, Д топтарына өндiрiс құралдары, дәрi-дәрмектер мен олардың ыдыстары және медициналық радиоактивтi қалдықтар енедi. «А» қалдықтары ақ түске боялған бiр реттiк пакет пен қораптарға салынса, «Б» тобындағылар сары түстi бiр реттiк пакетпен бiрнеше есе қапталады, сұйықтықтар шелек немесе құтыларға құйылып, аузы нықтап бекiтiледi. «В» — қызыл, «Г» тобындағылар қара түстi қораптарға салынады.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің өзі де медициналық қалдықтарды бақылаусыз өртеудің салдарымен ВИЧ/ СПИД, гепатит және де басқа да аурулардың белең алуында байланыстың бар-жоғына назар аударуда. Тегін болмаса керек-ті. Қоғамда қаптап жүретін түрлі аурудың төркіні осылардан шықпасына кім кепіл?
Сол себепті де медициналық қалдықтарды жою мәселесі дүниежүзінде өзекті. Мысалы, АҚШ-та қоқысқа төгілген шприц пен қан құюға арналған системалармен ойнаған балалардың ВИЧ/СПИД жұқтырған жағдайы тіркелген. Ресейдің бір дәріханасында дәріхана қызметкерінің кәріз жүйесіне тасталған, мерзімі өткен дәрі-дәрмектерінің әсерінен токсинді газ пайда болып, сонымен уланған.
Айта берсе, мұндай оқиғалар аз емес. Әсіресе ауылдық жерлерде ашықтан-ашық өртеліп жатқан медициналық қалдықтардың зияны қаншалықты екенін ешкім тап басып айта алмайды. Сондықтан бұған қатаң бақылау ауадай қажет. Бұл мәселенің түйіні сонда ғана шешілмек...