«Отбасының ошағы сөнбеу үшін екі жақтан бірдей отын салып отыру керек» деген сөз бар. Босағаның берік болуына ер де, әйел де мүдделі болғанда ғана шаңырақ биік болмақ. Бірақ өкінішке орай, кейінгі жылдары шаңырағы шайқалған отбасылардың қатары азаймай тұр. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылдың алғашқы үш айында елімізде төрт мыңдай ерлі-зайыпты ажырасқан. Алматы қаласы бойынша 536 отбасы ажырасуға шешім қабылдапты.
Мәңгілік қол ұстасып өтуге серт беріп, отбасылық өмірге бірге аттаған жұптарға сабырлылық, бір-біріне деген сенім, төзімділік жетіспей жатыр ма, әйтеуір, қазіргі кезде отбасы институты әлсіреп кетті. Көптеген жас отбасылар болмашы ұсақ-түйекке бола ажырасып жатады, жанұядағы алғашқы қиындықтарды көтере алмайды. Былтыр елімізде 2700 отбасы үйленгендеріне бір жыл толмай айырылысып кеткен.
IFFD Kazakhstan халықаралық отбасын дамыту Федерациясының сарапшысы Роман Павлеттаның айтуынша, егер ерлі-зайыптылар қарапайым, бірақ өте тиімді ережелерді ұстанатын болса, отбасын сақтап қалуға болады. Әр отбасында қиын кезеңдер болады. Осындай кезеңдерден өту үшін оған дайын болу керек.
«Махаббаттың бес тілі бар, егер әрбір адам өз жұбына осы тілдердің қайсысы түсінікті екенін білсе, некені сақтау оңай болар еді. Махаббаттың бес тілін жаттап алудың еш қиындығы жоқ. Бұл жерде асқан полиглот, интеллектуал болудың қажеті жоқ, тек нәзік сезімталдық, сенім болса, ойыңды ашық жеткізе алсаң болғаны. Махаббаттың бес тілі – бұл сөз, уақыт, қолдау, көмек, жанасу. Біреуге сөзбен қолдау білдіруге болады, енді біреу жұбынан махаббатын іс жүзінде дәлелдегенін күтеді. Кейбір адамға бір ғана «тіл» аздық етеді, кейде бірнеше «тілді» қолдануға тура келеді». Сезімді аялау үшін бірге серуендеу, тосынсый, бір-біріне мейірім төгу, қамқорлық көрсету, ортақ арман керек. Отбасылық қарым-қатынаста ерлі-зайыптылардың ешбірі бір-біріне дес бермесе, сыйласпаса, төзімділік пен даналық танытпаса, ажырасудан басқа жол қалмайды», – дейді сарапшы.
Сарапшы тағы бір мәселеге ерекше назар аударды, көп жағдайда ерлі-зайыптылар отбасында бала дүниеге келгеннен кейін немесе балалары ержетіп, өз өмірлерімен кеткенде ажырасып жатады. Бірінші жағдайда бала тәрбиесімен тек әйел адам айналысып, әкелері шетте қалады. Үйдің тірлігі мен баланың күтімінен шаршаған келіншектерге күйеуі қолдау білдірмегенде отбасылық өмірден жериді. Ең дұрысы, ер мен әйелі балалы болуға алдын ала әзірленіп, міндеттерін айқындап алғаны жөн. Ал екінші жағдайда ата-ана барлық махббаттарын түгелей баласына арнайды. Балалар есейгенде, оқуға кеткенде немесе өз отбасын құрғанда ерлі-зайыптылардың сөйлесетін ортақ әңгімелері де таусылып, бел ортаға келгенде екі жаққа кетіп тынады.
Бексұлтан Нұржекеұлының «Ерлі-зайыптылар» кітабында «Үй болу, оның татулығын сақтау оңай емес. Өйткені, өмірдің өзі де, сол өмірдің ең тәттісі махаббат та тек мерекелі сәттердің тізбегі емес. Махаббаттың қызығына қарай қиындығы да мол. Алайда, қосағың келіп құшағыңа кіргенде, балаң келіп мойныңа асылғанда, қиындықтың бәрі қуанышқа айналып шыға келеді» дейді. Рас, бақытты өмір болмайды, тек бақытты сәттерден тұрады. Кейбір сәтсіздіктер үшін шаңырақтар шайқала берсе, отбасынан жылулықты, махаббатты сезінбеген күнәсіз сәбилер де зардап шегеді. Кейбір отбасында ажырасудан басқа амал жоқ, бір-біріне еркіндік беру арқылы ғана бақыттың дәмін сезуге болатын жайттар кездеседі. Дегенмен, құдай қосқан жұптардың қосағымен қоса ағарғанына не жетсін...
· Дәстүр
Қара шаңырақ
Қара шаңырақ дегенде әр қазақтың көз алдына өзінің туып-өскен үйі немесе ата-әжесінің шаңырағы елестейді. Қара шаңырақ – қасиетті, қастерлі ұғым.
Қалада, шетелде оқып, жұмыс істеп жүрген жастар ауылға барғанда үлкен кісілер, әке-шешелері ұл-қыздарына үлкен үйге барып сәлем беріп шық деп ескертіп отырады. Үлкен үй дегені – қарт ата-әжесі отырған, бала-шағасы сол үйден өсіп-өніп тарап шыққан қара шаңырақ. Ұрпағын көрегендікке, ізеттілікке тәрбиелейтін қазақ халқында осындай бір жақсы дәстүр бар. Ұлтымызға тән осы бір дәстүр өскелең ұрпақты үлкенді сыйлауға, ата-анаға қамқор болуға тәрбиелейді.
Әулеттің үлкен балалары еншісін алып бөлек шығады, қыздар өз жұртына кетеді, ал үйдің кенжесі әдетте әке-шешесімен бірге қалады. «Қара шаңырақ» деп аталатын әкенің үйіне болашақта кенже бала ие болып қалады. «Шаңыраққа ие болып қалатын ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда» демекші, ата-бабалырымыз ер баланы ерте жастан әулетке бас болуға, қамқор болуға баулыған. Жасы кіші болғанмен, кенже бала отырған үлкен үй жас үлкен ағайын-туыс үшін қадірлі, қасиетті болып саналады. Әке-шешені асырау, қартайғанда оларға қамқор болу кене ұлдың мойнында болғанымен, басқа балалар да ата-анасының алдындағы жауапкершілігін атқарады.
Бірде жақсы араласатын достарымызды Наурыз тойын бірге атап өтуге үйге қоанққа шақырдық. Сонда досымыз: «Ренжімеңдерші, келе алмаймыцн. Біздің үйде қалыптасқан дәстүр бар. 22 Наурыз күні барлық ағайын-туыс қара шаңырақта жиналамыз. Дәл сол күнге ештеңе жоспарламаймыз» деді. Осы сөзді естіп іштей риза болдым. Қазақтың жазылмаған заңын, қасиетті дәстүрін ұстанатын әулетке құрметің арта түседі екен.
Қара шаңыраққа ие болып отырған ұл мен келін басқалардың құрметіне ие болған. Қазақта «Би болмаса да, би түсетін үй болсын» деген аталы сөз бар. Осы сөз қара шаңыраққа қатысты айтылса керек. Жиын-тойларда, мерекелерде бір әулеттің балалары қара шаңыраққа жиналып, дастарханнан дәм татып, ата-ананың батасын алуының өзі қандай ғанибет.
Бүгінде шаңырақты қастерлеу, үлкенді құрметтеу секілді қазақы болмысымыз аздап бұлыңғырланғаны рас. Қазір кенже келіндердің өзі ата-енесінен бөлек шыққысы келіп тұрады, ата-ене де келінді тәрбиелеуге қауқарымыз жетпейді дей ме екен, бөлек шығаруға асық. Қара шаңыраққа ие болу – ескіліктің салты емес, жанымызға жылу сыйлайтын, тұтастай ұлттық болмысымызды сипаттайтын, парасат-пайымымызды ашып көрсететін құндылығымыз екенін түсінсек екен.
Айнұр СЕНБАЕВА