Мас күйінде көлік айдайтын әйелдер көбейді
Шығыс Қазақстан облысында ішімдік ішіп көлік айдайтын әйелдер саны артты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша жыл басынан бері алкогольді ішімдік ішіп көлік тізгініне отыратын әйелдер саны екі есеге жуық артқан.
«Өткен жылдың 6 айындағы көрсеткішке сәйкес, Шығыс Қазақстанда ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша (көлік құралын мас күйінде жүргізу) 19 әйел жауапқа тартылған болатын. Ал осы жылдың сәйкес кезеңінде 37 әйел мұндай қылмыс жасағаны үшін сотқа тартылды. Өкінішке қарай, әйелдер арасында осындай теріс статистика байқалып отыр», - дейді судья Ирина Дорош.
Оның айтуынша, аталған бапты бұзғандар он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тартылады.