Маңғыстауда Бекет ата атындағы қала болса...
Құрбан айттың екінші күні ел азаматтары мен маңғыстаулық ақсақалдар Оғланды жеріндегі Бекет ата басына зиярат етіп, баба рухына тәу етті. Зияратқа Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов та барды. Әкім өз атынан құрбандық шалып, жиналған жұртшылыққа ас берді. Ақ дастархан басында ақсақалдармен келелі кеңес құрды.
Жиында облыстың бірнеше өзекті мәселесі талқыланды. Соның ішінде жаңаөзендік ақсақалдардың ұсынысы ерекше болып шықты. Олар Жаңаөзен қаласын Бекет ата деп атауды қалайтынын жеткізді.
Жаңаөзен қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Айдаров қаланың атын өзгерту туралы идеяны ортаға тастады. Оның айтуынша, қазақтың өз ой-арманы бар. Ол – бұрынғы өткен рухани тұлғаларымызды, бабаларымызды ұлықтап, олардың өмірін өнеге ету, еңбегін сақтап қалу мақсатында аянбай қызмет қылу. «Қаламыздың атын өздеріңіз ұлықтап, бас иетін Бекет ата атымен атауды жаңаөзендік ақсақалдар қолдап отыр, осы ұсынысты сіздердің талқыларыңызға салғымыз келеді», – деді А.Айдаров.
Бұл бастама облыстың барлық аймағынан келген ақсақалдардың арасында қызу пікірталас тудырды. Өз ойын білдіргендердің бірі – Сақып Керелбаев ақсақал. Ол маң далада үш қасиетті атау барын айтты. Оның біріншісі – Маңғыстау аты. Екіншісі – Адай ата. Оған Отпан тауда есімі әспеттеліп, ескерткіш қойылды. «Үшіншісі Бекет ата екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Демек, бабамыздың атымен қандай шаһарды атасақ та, жарасады», – деді С.Керелбаев.
Сонымен қатар ол: «Облысымызда Бекет ата атымен аталатын мешіт қана бар, ол аздық етеді. Сондықтан бабамызды ұлықтап, рухани болмысын насихаттауымыз керек», – дейді.
Бұл ұсыныс бірнеше жыл бұрын қозғалған
Ақтау қаласының тұрғыны Сақып Керелбаев: «Маңғыстауда Бекет ата деп үлкен елді мекеннің атын беріп жатсақ, ол ұтылғандық емес», – дейді. Тіпті бұл шара әлдеқашан істелуі керек еді деп есептейді ол. Иә, Бекет атаның атын Жаңаөзенге беру бүгін ғана көтерілген, талқыланған мәселе емес. Ел ағалары мұндай ойды бірнеше жылдан бері айтып келген екен. Асылбек Айдаров екі жыл бұрын Бекет атаның 260 жылдығында осындай ұсыныс айтылғанын жеткізді. Бірақ ол аяқсыз қалыпты.
Тарихқа қиянат болмайды
Бастамаға ақсақалдар жан-жақты сараптама жасады. Мысалы, жаңаөзендік ақсақал Тыныштық Базарбаевтың пікірінше, Жаңаөзен қаласын Бекет ата деп ауыстырсақ, тарихқа еш қиянат болмайды. Өйткені бұл атау – кеңестік кезеңде қазақтың тарихын білмейтін басқа ұлт өкілдерінің аспаннан алып қоя салған аты. 60-жылдары жер қойнауының игерілуіне байланысты пайда болған қаланың атын кеңес үкіметі «Новый Узень» деп атаған. Оны Жаңаөзен деп өзіміздікілер қазақшалап алған екен. Ол уақытта қалада 30 мыңға жетер-жетпес адам тұратын. Тыныштық Базарбаев қаланың тарихи тамыры Қызылсай ауылында жатқанын айтады. Ал Бектұр Төлеуғалиев «жаңаөзен» деген сөздің түп-төркіні түрікмендердің «өжен» деген сөзінен шыққанын жеткізді. «Маңғыстауда өзен де, көл де болған жоқ. Бұл жерде тек құдық болған», – дейді қария.
Бекет ата аты қалаға берілуге лайықты, оған еш талас жоқ десті ақсақалдар. Оған тағы бір мысал, елімізде ұлы тұлғалардың атымен аталған қалалар жетерлік. Абай, Сәтбаев, Шевченко деп аталған қалалар бар. Ол аз десеңіз, патшалы Ресей мен кеңестік кезеңде көптеген қаламыздың тегі де, елге сіңген еңбегі де белгісіз, кездейсоқ тұлғалардың атымен аталғаны белгілі. Күні кеше Маңғыстаудағы Қарақия ауданын Ералиев деп жүргеніміз есімізде.
Бекет атаның жолы – бірліктің, елдіктің жолы
Ақсақалдар жиында тағы бір уәжді алға тартты. «Бұл қала – бір сөзбен айтқанда, пір Бекетке баратын қақпа», – дейді. Шындығында, Бекет атаға баратын зияратшылардың барлығы осы қаланың үстінен өтеді. Көпті көрген ақсақалдар әріден ойлайды ғой. Әулие бабаның атын беру қаланың жарқын болашағына жол ашатын ырым болар еді. «Жаңа атаумен аталса, шаһардың жолы ашылады», – дейді қариялар. Сонымен бірге бұл шараның тәрбиелік мәні де бар. Ақтау қаласының тұрғыны Сағын Қырымқұловтың айтуынша, бұл атау халықты Бекет атаның жүрген рухани жолына бастайды. Бір сөзбен айтқанда, қала жұртшылығына жауапкершілік жүктейді. «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деген асыл сөздің біздің тірегіміз, адаспайтын алтын шынжырымыз екені рас. Осы ретте Тыныштық Базарбаев: «Елімізде пір Бекет атаны білмейтін адам жоқ, олардың әулиеге құрметі ерекше, қатты сыйлайды. Сондықтан қала көркейіп, рухани тазарады деп ойлаймын», – деді. Асылбек Айдаров Бекет атаның шарапатымен жастар адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиеленеді деп отыр. Ал Сақып Керелбаев: «Бұл қала және оның тұрғындары келешекте Бекет ата жолының үлгісін көрсететін болады», – дейді.
ТҮЙІН
Жаңаөзендік ақсақалдардың ұсынысын барлығы қолдады. 40-қа жуық қария қаланы Бекет ата деп өзгерту туралы ұсынысхатқа қол қойып, облыс басшысына тапсырды. Хатта: «Біз сіздің әулие атамыздың атын мәңгіге сақтап қана қоймай, әлемдік карталарға енгізсек деген игі тілегімізге түсіністікпен қарайтыныңызға сенімдіміз. Біздің бұл тілегіміз – бүкіл елдің тілегі», – делінген. Елдің тілегін қабыл алған Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов бұл ұсыныс заң шеңберінде қаралатынын айтты. Бұл мәселе әуелі Жаңаөзен қалалық мәслихатында қаралып болған соң, ономастикалық комиссияға жол тартады.