«Мал өсірсең – ешкі өсір, табысы оның көл-көсір...»

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Төрт түліктің қатарынан орын тие қоймаған ешкі малының елеусіздеу қалып келе жатқаны рас. Бәлкім, оған «Есі кеткен ешкі жинайды» деп кесім жасалғандықтан болар. Әйтеуір, өте өсімтал келетін Сексеката тұқымына бүгінде аздап бетбұрыс бар. Ешкi сүтiн өндiру, өңдеу iсi Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет қолға алынбақ.
Табиғи дәруменге бай, емдiк қасиетi мол, ана сүтiнен кем емес ешкi сүтiне сұра­ныс та мол екені белгілі. Осыны терең зерттеп, табысты болатынына көзі жеткен кәсіпкерлер ешкі малына мойын бұрып, табыс көзіне айналдырмақ. Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қазығұрт ауда­нына арнайы іссапармен барған болатын. Әрине, әкім келетін болған соң, ауданның оңды істері алғашқы болып көрсетілері сөзсіз. Бұл жолы да қазығұрт­тықтар тәс­пісінен жаңылған жоқ. Облыс әкімінің алғашқы болып аяқ аттаған жері аудандағы «Айқожа» өндірістік кооперативі болды. Ауданда келер жылы ешкi сүтiн өндiрiп, өңдейтiн инновациялық кешен қолға алынғалы отыр. Инновациялық жобаның дайындығы жаман емес. Әу баста егін шаруашылығымен айналысқан қожалық енді облыс бойынша тың бастаманы қолға алмақ ниетте. Алдын ала болжам бойынша, жобаның жалпы құны 112 млн теңгеге жуықтамақ. Айқожалықтар 30 млн теңгені бастапқы жарна ретінде шығарса, қалған 82 млн теңгенi «ҚазАгро» қаржы инс­титутынан несиеге алуды жоспарлап отыр. Көлемді қаржыға ұжым асылтұқымды 200 аналық ешкi сатып алмақ. Одан бөлек, сүт сауатын, өңдейтін құрылғыларды да естен шығармаған. Сүт сауатын арнайы орын мен жем дайындайтын цехтың құрылысы да өз кезегін күтіп тұр.
Батырбай САҒИДУЛЛА, «Айқожа» шаруа қожалығының төрағасы:
– «Жол картасы» аясында инфрақұрылымдық түйткiлдердi шешiп беруге қолдау бiлдiрсе, иіріп әкететін-ақ шаруа. Өнімділігі орасан зор ешкі малынан түсетін пайда да аз болмаса керек. Оның үстіне біраз адам жұмыспен қамтылмақ.
Әрине, мал бағуды атакәсіп санайтын қаз­екем үшін бұл тың жаңалық емес. Тек инновациялық бағдарламалардың арқа­сында соны серпін беріліп, ауыл­дықтарды жұмыспен қамтығанының пайдасы осы болып тұр. Ешкінің етін де, сүтін де, жүнін де кәдеге жаратуға болады. Ең бастысы, емдік қасиеті мол ешкі сүтінен йогурт жасап шығармасақ та, әзірге сүтінің өзін әжетке жарата алсақ, ерлегеніміз. Оның сүтінің емдік қасиеті туралы айта берсек, артықтық етпес. Дәрігерлер ешкі сүтінің ана сүтін алмастыра алатындығын айтады. Бүгінде сәбиіне неше түрлі қоспалары бар қосымша тамақ беретін жас аналардың назарына алтын сырға: оның сүті әсіресе асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы. Швейцарияның таулы аймақтарындағы емдеу-сауықтыру орын­дарында туберку­лез, анемия мен рахит ауруына шалдық­қан­дарды ешкі сүтімен емдеу қолға алынған. XIX ғасырдың аяғынан бастап ешкі сүті үшін «өрлеу дәуірі» басталды десе де болады. Оның емдік қасиеті де терең зерттеле бастағаны – осы кез. Ол басқа мал сияқты туберкулезбен, бруцеллезбен, сиыр ауыратын басқа да аурулармен ауырмайды. АҚШ ғалымдары­ның зерт­теулеріне қарағанда, ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда анағұрлым пайдалы. Кана­далық дәрігерлердің айтуынша, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адам­дардың денсаулығына жақсы әсер етеді әрі өт-тас ауруларын емдеуде, фи­бромиома мен балалар эпи­лепсиясын емдеуде аса пайдалы кө­рінеді.
Бүгінде жас балалардың сүйікті асына айналған йогуртты ең алғаш ешкі сүтінен жасап шығарған екен. Профессор Мечников ешкі сүтінен жасалған болгар йогуртынан емдік лактобациллинді бөліп шығарды.
Әрине, отандық өндірісте ешкі сүтінен йогурт жасап шығаратындар болса, тұ­тынушылардың да аз болмасы анық. Бұл тұрғыда қолда бардың қадірін бағалай алмай отырғанымыз анық. Отандық на­рықта ешкі сүті мен одан жасалатын өнімдердің кеңістігі бос тұр десе де болады. Осы олқылықтың орнын толтыруға күш салып жатқан қазығұрттықтардың еңбегін айтуға болады. Сондай-ақ елімізде алғаш рет ешкі сүтінің өнеркәсіптік өндірісін игерген «Ақ-Бастау» компаниясы голлан­диялық өндірушілермен серіктесіп, ультра­пастерленген ешкі сүтін шығаруда. Өңдеуден өткен өнімнің бағасы да жоғары болары сөзсіз. Осында шығарылған ешкі сүтінің 1 литрінің бағасы – 800 теңге. Өндіріс орындары көбейсе, бағаның да түсетіні анық. Ондайда қолжетімді бағаға тұтынушы саны да артары кәміл...

Ешкі сүті – дәрумен
Құрамында бета-казеин мол болуына байланысты ешкі сүті ана сүтіне жақын. Оның сүтінде холестерин жиналуына қарсы тұратын ерекше метаболикалық қасиеті бар және ағзаның қорғаныс қызметін арттыратын қанықпаған майлы қышқылдардың 67 пайызы бар. Сондай-ақ 143,0 мг кальций, 14,0 мг магний, 89,0 мг фосфор, 17,0 мкг марганец, 20,0 мкг мыс бар. Ешкі сүтінің майы адам ағзасында 100 пайыз дерлік сіңіріледі. Құрамында аллергия тудырушы альфа-ls-казеин болмауына байланысты кейбір тағамдарға аллергиясы бар адамдарға қолдануға болады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста