Мәйітханада маман аз...
Мәйітхана десе денесі дір етпейтін адам жоқ шығар, сірә. Аты қорқынышты мекемеден мәлімет алу да оңай емес. Тілшілер үшін есігі тіптен тарс жабық. Сот медициналық сараптама саласында шешімін таппаған, түйіні тарқатылуы тиіс мәселелері шаш-етектен. Басынан бастасақ... Мәйітхананы аз-маз күн мекен ететін мүрделерді «сойып», сараптап, талдау жүргізетін маман тапшылығы байқалады мұнда. Оқу бітірген жастар мұнда келіп жұмыс істеуге қорқа ма, әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір айналып қашады.
Мәйітханада жұмыс істейтіндердің дені зейнет жасына жақындап қалғандар. Ертең олардың орнын кім басады деген салмақты сауал туындайды осындайда. Мәйіттердің ішкі органдарын ақтарып сараптама жасайтын сот сарапшысы болу деген өте қиын. Мұндай мамандыққа медицинаға деген махаббаты «мол» жүрек жұтқандар болмаса кез-келген дәрігер бет бұрмайды. Әрі «Сот сарапшысы» деген маманның сертификатын алу асу бермес өткелдей. Медициналық жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған талай студенттің мәйітханаға барған күні талып қалғандарына да, мұндай оқуы құрысын деп тастап кеткендердің көп екеніне де куә болып та жүрміз. Бәрімізге белгілі мединституттың табақтай дипломын алу үшін 7 жыл оқу қажет. Одан бөлек қосымша оқу-тоқуларын қосқанда айналдырған 10 жылға созылады. Ал сот сарапшысы деген дардай атақты алып шығу үшін қиындыққа мойынсұнып, аянбай тер төгіп оқуды талап етеді. Негізі Кеңес кезеңінде мұндай мамандарды оқытатын институттар болмаған елімізде. Тек Ресейде ғана оқытатын. Ал бүгінде мұндай мамандарды мединституттардың жалпы бөлімінде дайындайды. Диплом алған соң 1 жыл интернатурада, не болмаса жарты жылдық қайта даярлау курсын тәмәмдауы тиіс. Осы курстардың сертификаты ауадай қажет. Одан кейінгі өткел бермес асу Денсаулық сақтау министрлігіне келіп тіреледі. Осындағы медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау комитетіне келіп емтихан тапсырады. Мұнда «Сот сарапшысы» деген арнайы сертификат алады. Бұдан кейін сот сараптамасының бірталай бөлімге бөлінуіне орай өзінің қалаған саласы бойынша тағы да оқуын жалғастыруы тиіс. Криминалистика бөлімі, биологиялық бөлім, химиялық-токсикология бөлімі, гистология бөлімі бар. Маман өз таңдауы бойынша білімін жетілдіріп, қайтадан министрлікке емтихан тапсырып тағы да сертификат алуы тиіс. Қысқасы осыншама оқуды көз майын тауысып оқып, қасқабас «ғалым» атанып шығуына болады. Қаншама өткелектерден өтем деп жүргенде қиындыққа төзбей, қолын бір сілтеп, басқа салаға ауысып кететіндер де бар.
Оңтүстікте де кадр тапшылығы өткір тұр. 2011 жылы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен аудандардағы паталогоанатом дәрігерлер облыстық паталогоанатомиялық бюросына біріктірілген болатын. Бүгінгі күні Арыс, Түркістан, Сайрам, Ордабасы аудандарында гистологиялық зертхана жұмыс істеуде. Жаңадан салынатын ауруханаларда заманауи жабдықтармен қамтылған зертханалар ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Төлеби, Созақ, Шардара аудандарында маман жоқ. Қазіргі таңда бұл өткір тұрған мәселелердің бірі.
Бұдан бөлек ғимарат пен құрал-жабдық мәселесі де аяқтан тартып тұр. Зерттеу жүргізуге арналған арнайы заманауи құрал-жабдықтар өте қымбат тұрады. Әзірге Астана қаласындағы сот-сараптама орталығында бір ғана геномдық зертхана бар. Бұл еліміздегі жалғыз ғана аппарат. Мұндай қымбат құрылғыны әр облыстағы сот-сараптама орталықтарына орнату қыруар қаржыға түседі. Әзірге тірілер емделетін ауруханаларға ақша молынан бөлініп жатқанымен марқұмдардың мәйіті дамылдайтын жерлер ұмыт қалып келеді. Оның үстіне мұндай мекемелер марқұмдар арыздана алмайтын болғандықтан да ма үнемі тасада қалып кете беретіні рас. Ғимараттардың басым бөлігі ескі. Құрал жабдықтардың кеңес кезеңінен бері жаңарталмаған орталықтар да көп. Астана мен Алматы қаласындағы мекеме өз ғимараттарында отыр, одан кейін Шымкентте жаңадан салынды. Ал басқа аймақтардың басым бөлігінде көшпендінің күйін кешіп, ғимарат жалдап отырғандары да бар... Оның үстіне бүгінде сот медициналық сараптама орталықтары жекеменшік болуы керек деп ұсыныс жасаушылар саны да аз емес. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мүмкін емес деп отыр. Шетелдік тәжірибеге құмармыз ғой, қарап отырсақ Еуропада, Германияда мемлекеттік сот сараптама орталығы деген атымен болмайды екен. Ол елдерде тек мемлекеттік ғылыми соттық медицина орталығы деген бар. Бұл мәселе туралы әлі нақты шешім қабылданған жоқ....
Аты-жөні анықталмаған белгісіз мәйіттерді кім жерлейді?
Аты-жөні белгісіз марқұмдардың да өз құқықтары бар. Оларға арнайы зират бөлінген. Оған көбіне іздеу-сұрауы жоқ, жеке басын анықтайтын құжаты жоқтар жерленеді. Көбіне суық мезгілдерде баспанасы жоқ қаңғыбастар үсіктен көз жұмады. Ондайларды «Жедел жәрдем» мәйітханаға жеткізеді. Мұнда оларды тек 10 күнге дейін ғана сақтай алады. Оларды негізінен салттық қызмет көрсету орталықтары жерлейді. Оларды нөмірлеп жерлейді. Егер туысқандары табылған жағдайда осы нөмірлер арқылы тауып алуға болады.
Салтанат Қарагөзова, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:
– Бұрын-соңды мұндай сұрақпен ешкім хабарласпаған-ды... Негізінде жеке басы анықталмаған адам өлімі орын алған жағдайда керекті құжаттарды дайындап сот-медициналық сараптама орындарына өткіземіз. Егер мәйітте ешқандай да қинап өлтіру деректері кездеспеген жағдайда оны мәйітханаға апарып, сол жақтан жерлейді.
Қалалық тұрғын үй шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарласқанымызда ондағылар бұған арнайы тендер жарияланатынын, оны осы жерлеумен айналысатын фирманың қайсы жеңіп алса солар жерлеумен айналысатынын айтты. Қала бойынша осындай жұмыспен айналысатын төрт фирма бар екен. «Арнайы қызмет көрсету орталығынан» бөлек, «Ритуал» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер белгісіз мәйіттерді жерлеумен айналысады.
Заң не дейді?
ҚР «Сот-сараптама қызметі туралы» заңы бар. Одан бөлек «Сот-медициналық сараптама жүргізу және ұйымдастыру ережесі» тағы бар. Сонда көрсетілгендей Сот-медициналық сараптаманы сот-медициналық сарапшы жүргізетіні, оның құзырына: зорлықпен өлтірілген жағдайда мәйітке сараптама жүргізу, зорлықпен өлтірілгендігіне күдіктенген жағдайда, денсаулыққа келтірілген зиянның сипаты мен ауырлығын, жыныстық жағдайларын анықтау және сот медицинасы саласындағы танымдарды талап ететін басқа да мәселелерді шешу үшін жәбірленушіге, айыпталушыға және басқа да тұлғаларға сараптама жүргізу, зертханалық зерттеу әдістерін қолдана отырып, заттай айғақтарға сараптама жүргізу кіреді. Сондай-ақ, сот-медициналық сарапшы сот-медициналық сараптама жүргізу және сот отырысында бұрынғы жүргізген сот-медициналық зерттеулері бойынша түсінік беру үшін тартылады. Сот-медициналық сараптаманы тағайындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкес жүргізіледі деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Оның үстіне эксгумацияны бұрмалаған дәрігер қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылатыны тағы бар.