Майданды жеңген махаббат...

Ұйқы, күлкі, тамақ секілді махаббат та арсыз... Тіпті кескілескен ұрыс пен қан майданда да адамдар бір-біріне ғашық болған, жан тапсырғалы жатып соңғы демімен анасының емес, сүйгенінің есімін айтып көз жұмған солдаттарды соғыс жайлы фильмдерден талай рет тамашаладық та. Ал ол – ойдан шығарылған нәрсе емес, адамзаттың ішкі қалтарысындағы жұмбақ құбылыс. Шыбын жаны кеудеден шыққанша пенде өмірден күдерін үзбей, тырнағының ұшымен болса да жарық дүниеге жармасып, тірі қалуға тырысады. Сондағы оны өмірге құштарландыратын не? Махаббат!

Майдан өлімнің ошағы болса, махаббат – өмірдің құшағы. Талай боздақтар жар құшағын көрмек түгіл, бойжеткен атаулыға бір ауыз сөз айта алмаған күйі майданда мерт болып кетті. Отау құрған күннің ертесіне отағасын соғысқа алып кетіп, жұбайлық өмірдің дәмін небәрі бір-ақ күн татқан да ғашықтар болды. Асқар Сүлейменовтің «Қыздай жесір» романында дәл осындай тағдыр баяндалады. Бір қызығы, сол бір ғана түнде әйел жүкті болып, бала туып, өмірінің соңына дейін майданнан хабарсыз кеткен күйеуін күтумен өтеді. Міне, сүйген жарға деген адалдық! Махаббат жүрген жерде қасіреттің қоса жүретіні тағы ақиқат. Үйінен сап-сау кетіп, соғысқа екі қол, екі аяғын беріп, жар құшағына әншейін дөңбек болып қайтқан ер-азаматтар қаншама? Соның өзіне жарлары Жаратқанға мың алғыс айтып, азаматын алақанға салып аялады емес пе? Дулат Исабеков ағамыздың «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты шығармасында дәл осындай Бәрібай есімді азаматтың тағдыры баяндалады. Әйелі Орынша күйеуіне қанша жақсы қарағанымен де, өзінің сондай мүгедек күйінен намыстанған Бәрібай боранды бір түнде жоғалып кетеді. Келесі күні ауыл адамдары оның биік төбеден қоларбамен құлап өлген денесін тауып алады. Бұл ер-азаматқа мүсәпір хал кешуден өткен қорлық жоқ екенін көрсетеді, әсіресе онысы сүйген адамына салмақ болса... Осылай Орынша қайғыдан қан жұтып жатқанда оның көршісінің үйіндегі төрт бірдей азамат та бірінен кейін бірі соғыстан аман оралып, төртеуінде де той жасайтын еді ғой. Бірақ сонда той той емес, қаралы жиынға ұласты. Сонда соғыстан аман оралудың өзі біреуге қуаныш, ал біреуге қасірет болып тиген екен. Әсіресе сүйген жары, өмірдегі тірегінен айырылған қаралы жесір үшін. Тағдырдың тәлкегін қойсаңшы, майдандағы жарынан қара қағаз алып, содан соң күдерін үзген әйел басқа бір үйдің шамын жаққан күннің ертесіне «өлді» деген күйеуі келген де жағдайлар болды. Тап осындай тағдыр кешкен Мұхтар Шахановтың «Ғайша жеңгейі» қалай қиналып еді? Күйеуінің аяғына құлап, ағыл-тегіл жылап, ақыры ауыл шетіндегі өзенге өзін-өзі тастап өлді. Себебі ол ендігі жерде ел-жұртқа қарабет болғысы келмеді. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласы» жарық көргенде қырғыздар неге өре түрегелді? Себебі Жәмила соғысқа кеткен күйеуін күтпей, өзі сүйген адамның етегінен ұстап кете барды. Еуропа үшін бұл керемет жаңалық болды, олар Жәмиланы кінәлаған жоқ, керісінше, махаббаты үшін сондай батыл қадамға барған қырғыз әйелін жақсы көрді.

Сатыбалды Нарымбетовтің «Жусан дәмі» атты әңгімесінде жұбайы майданда жүрген келіншек аяғы ауыр екенін өзінің ұлына білдіруге ұялып, жасырып жүреді. Содан айы-күні жетіп, толғақ қысқанда айдалаға кетіп қалып, жусанның арасында жалғыз өзі босанушы еді ғой. Шешесінен көз жазып қалған бала елегізіп іздейді, бір кезде жусан арасынан іңгәлаған шарана дауысын құлағы шалады. Келсе, шешесі босанып болып, тісіменен баласының кіндігін кесе алмай жатады. Қара терге түсіп, қиналғанда аузына жусанды алса керек, соның кермек дәмі мен тағдырдың ащы азабын әлгі шығарма иесі керемет келтірген.

Бұл елде қалған жетім-жесірдің тауқыметі болса, оқ пен оттың ортасында жүрген азаматтар қандай күй кешті? Әйелінің аялы алақаны, баласының былдыр тілін сағынып, оларды енді көре ме, көрмей ме, сондай оймен қайғыдан қан жұтқан ер көңілі өзіне аз да болса өмірге құштарландыратын бір сәуле іздейді. Ондай жылуды жауынгер қайдан таппақ? Байқап тұрсақ, майдандағы махаббат көбіне жауынгер жігіт пен оны өлім аузынан құтқарып қалған медбике қыз арасында туындайтынға ұқсайды. Себебі ер-азамат өзін ажалдан аман алып қалған әйелдің алдында борышты санап, тірі қалар болса, соған үйленуге өзіне серт береді. Махаббат жүрген жерде қасірет те қатар жүретін заңдылыққа сай, тағы да сол ер-азаматтар уақыт өте тіпті өлімнен құтқарғаны үшін өзін борышты санап үйленген әйелін тастап та кеткен кездер болған. Өйткені күндердің күні есіне елінде қалған жары мен баласы түседі.

Майданда да өмір, майданда да махаббат болатынын тамаша бейнелеген шығарманың бірі – Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы. Онда жазушы соғыс трагедиясын қарапайым қазақ әйелінің тағдырымен бейнелеуші еді ғой. Нәзік жаратылысына қарамай, Нәзира майданға аттанып, ол жақта талайлы тағдыр кешіп, соғыс біткенде елге үш бірдей баламен оралмайтын ба еді?.. Бұдан не түйеміз? Сондай өмір мен өлім арбасқан шақта да пенде баласының ғашық болып, сәбилердің дүниеге келгенін көруге болады. Кальман Миксат есімді венгр жазушысының «Өрескел неке» деген шығармасында махаббат ұятты жеңеді деген идея жатады. Соғыс кезіндегі махаббат та дәл солай, адамдардың бойындағы біраз сезімдермен арпалысқа түссе керек. Демек, майдан тек сыртта ғана емес, адамның жүрегінде де қатар жүрді. Түбі майданды махаббат жеңіп, Жеңіс туын желбіретті. Сол соғыста да сүйген жандардың сезімінің сынығы іспетті сәбилер, біздің талай жауынгерлердің балалары, бәлкім, қазір жат елдерде жүрген шығар, кім білсін?..

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста