Жетісу жерінде майбұршақ егуге ден қоя бастаған шаруалардың қатары артып келеді. Майбұршақ өсіргенмен, оны өңдеудің машақаты көп дейтіндер ендігі жерде қорықпайтын болды. Себебі мемлекет қолдауының арқасында өңдеуші кәсіпорындардың керегесі кеңейіп, тынысы ашыла түсуде.
Көксу ауданы Теректі ауылында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған майбұршақ өңдеуші «Уыз май Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ауқымын ұлғайтуға белсене кіріскен. Екі гектардан астам жерді алып жатқан зауыттың қуаты тәулігіне – 4 тонна, жылына 25 мың тонна өнім өңдеуге жетеді.
Жуырда серіктестік 2 мың тонна майбұршақ сақтауға лайықталған екі қойма тұрғызса, биылғы жылдың соңына дейін заман талабына сай жабдықталған тағы екі қойма салынады деп жоспарлап отыр. Зауыт басшысы Ербол Тоқтағұловтың айтуына қарағанда, биыл – май шығаратын цех, ал келесі жылы жүгері өңдейтін зауыт іске қосылмақ.
Айта кетейік, 2010 жылы – зауытта 271 млн 614 мың теңгеге 4717 тонна, ал 2011 жылы 1 млрд 89 млн теңге болатын 12 271 тонна өнім өндірілген.