Қазір қайыршылар қаптаған заман ғой. Көшеде алақан жая қыр соңыңнан жүгіретін қара қожалақ балаларға жұртшылықтың еті де әбден үйренген сияқты. Адамның қыр соңынан қалмайтын шынашақтай балаларды аналары көбінесе сыртынан бақылап тұрады. Не болмаса, емшектегі сәбиін құндақтай ұстап, сол аналардың өзі өткен-кеткенге қол жаяды. Мұндайларды мешіт пен базар маңайында көптеп кездестіруге болады. Сосын «Бұлар өздері қайыршы бола тұра баланы не үшін табады екен? Әкелері қайда өзі? Өзі қандай ұлт?», - деп ойланатынымыз да бар. Сырт келбетіне қарап оларды «тәжік» деп ойламыз. Сөйтсек, бұл әсте олай емес екен. Алайда олардың Тәжікстан мен Өзбекстаннан келетіні рас.
Олардың тегі – люли. Бұл – сығандардың шығыс жақтағы бір тармағы. Люли, көбінесе, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстанда көшіп-қонып жүреді. Сондай-ақ оларды Ресей мен Ауғанстанда көптеп кездестіруге болады. Тілдері дом-сығандардан (бұл да бір этникалық топ – авт.) бастау алады деген дерек бар. Қазір олардың диалектісінде тәжік сөздері көп. Содан болар, көбісі люлиді тәжік деп санайды. Алайда олар өздерін «мугат» (арабтың сөзі «муг»– «отқа табынушы», «пұтқа табынушы») немесе «гурбат» (арабтың сөзінен – жалғыздық, жат елдік, тексіздік) деп атайды. Өзбектер «люли» десе, тәжіктер «джуги» (үнді сөзінен – қайыршы, дәруіш) деп те атайды.
Негізі «люли» деген сөздің нақты түсініктемесі жоқ тәрізді. Оның шығу тегіне қатысты бір аңыз бар. Оған сәйкес, баяғы заманда бір ерлі-зайыптыларда ұл мен қыз болған екен. Ұлдың аты – Лю, қыздың аты – Ли. Шапшқыншылық кезінде жаудан қашқан ата-аналар балаларын жоғалтып, таба алмай қалады. Жетім қалған Лю мен Ли оларды іздейміз деп, екі жаққа кетеді. Біраз жылдан кейін екеуі кездеседі, бірақ бір-бірін танымай қалады. Содан қосылып, үй болады. Ал шындықтың беті ашылғаннан кейін олар молданың қарғысына ұшырайды. Сол қарғыстың зардабын қазіргі ұрпағы – «люлилер» әлі күнге дейін тартып келеді. Шыны керек, бүгінде «люли» деген сөз бірде-бір тілде кездеспейді. Сондықтан оның нақты аудармасы жоқ. Люлидің салты да сол, олар өзге ұлтпен тұрмыс құрмайды, тек өз топтарының ішінде ғана қосылып жүре береді. Айтпақшы, люлидің «заңы» бойынша отағалар «түк бітірмейді» деуге болады. Ол рас. Отбасыны қайыршылықпен асырау – әйелдердің міндеті.
Жалпы, Орта Азиядағы сығандар, олардың басқа да тармақтары сияқты Үндістаннан көшіп келді деген дерек де бар. Бұрын олар индус қоғамының бір кастасы болған екен. Осы орайда мамандар парсы жазушысы Фирдоусидің «Шахнаме» еңбегіне кірген бір аңызға сүйеніп, V ғасырда «лури» атты 12 мың әртістердің Үндістаннан Парсы еліне қоныс аударғаны туралы айтады. Оларды сасанидтердің қолбасшысы Бахрам Гуруға сыйға тартқан көрінеді. Сол әртістер жаңа жерге бейімделіп, өздерінің ішкі болымысын сақтай алған. Сөйтіп, сығандардың бір этникалық тобына айналыпты-мыс. Қазірдің өзінде парсы сөздігінде «люли» деген сөздің түсініктімесі: «ән айтып, би билейтін адамдар», - деп берілген.
Люлилер өздері дініміз ислам дейді. Дегенмен, үнемі көшіп-қонып жүргеннен кейін мұсылманның барлық парыздарын сақтамайды. Дәстүрлі кәсіптері – зергерлік қолөнер, мал мен есірткі саудасы, бал ашу, қайыр сұрау. Бізде жүрген люли, көп жағдайда, соңғы кәсіппен айналысады. Жазба мәдениеттері жоқ деуге болады. Сондықтан аталған этникалық топтың өкілдері сауатсыз болып келеді. Ауызша өлеңдер мен аңыздары бар. Бірақ олардың қазіргі ұрпағы өзінің түп-тамыры мен мәдениетін, көп жағдайда, білмейді.
Айтпақшы, мұның бәрін айтып отырғанымыздың себебі жақында ішкі істер министрлігі қайыршыларға айыппұл салатын заң шығармақ. Ендеше елдегі люлилердің саны да азаятын шығар.
Люли... Ол кім?
Последние статьи автора