Күрішті ұшақпен егіп жүр
Осыдан жиырма жылдай бұрын Сыр бойындағы диқандар қауымы егінді ұшақпен егуді қолға алған еді. Өкінішке қарай, күрішшілер қауымына қолайлы сол әдіс түрлі себеппен орта жолда үзіліп қалған болатын. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін жерден несібе терген егіншілер аталған игілікті бастаманы қайта жалғастыра бастады.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні ұшақпен тұқым себуге құлшына кіріскен жайы бар. Өткен жылы тәжірибелік негізде 100 гектарға осындай әдісті қолданған шаруашылық мүшелері биыл оның көлемін 600 гектарға жеткізді. Шындығын айтқанда, бұл әдіс қалтаңнан қомақты қаржыны қағады. Алайда ол тұқымның өнімділігіне тікелей әсер ететіндіктен, жаңажолдықтардың жаңашылдыққа жаны құмар болып тұр.
Серіктестік төрағасы Қылышбек Әбішев әуеден тұқым себудің тиімді тұстарын тізбелейді. Осының нәтижесінде су ресурстары, тұқым үнемделеді. Сонымен қатар бұл әдіс адам қолын аз қажет етеді. Дән желмен ұшып, басқа жаққа кетпейді, топыраққа тікелей түседі. Диқандар өткен жылы осы әдіс арқылы гектарына орташа есеппен алғанда, 58-60 центнерден өнім жинаған болатын.