Еліміздің ауыл шаруашылық ғылымы мен техникасының дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының және Ресей ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик А.И.Бараев және академик В.А.Бальмонт атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат» ордендерінің иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Медеубеков Қилыбай Үсенұлы 2015 жылдың 3 мамыр күні 86 жасқа қараған шағында ауыр науқастан кейін дүние салды.
Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі Қилыбай Медеубековтің қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Қилыбай Үсенұлы ауыл шаруашылығы саласына арнап көптеген мамандар мен ғалым шәкірттер даярлап, өзіндік мектебін қалыптастырды. Оның маңызды ғылыми еңбектері және жолын жалғастырушы ізбасарлары алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін», - делінген жеделхатта. Қазақстан Президенті республикамыздың дамуына көп еңбек сіңіріп, ғылымда айрықша із қалдырған Қ.Медеубековтің жарқын бейнесі халқымыздың жадында әрдайым сақталатынын айтты.
Қилыбай Үсенұлы Медеубеков 1929 жылы 15 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы «Коммунизм» кеңшарында туған.
Еңбек жолын 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында колхозшы, кейіннен жол бөлімінің жұмысшысы ретінде бастаған.
1953 жылы К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылғы академиясын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, осы оқу орнында зертханашы, аспирант (1953-1957жж.); Жамбыл тәжірибе стансасында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары (1957-1961 жж.); Жамбыл ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры (1961-1962 жж.); Қазақ мал шаруашылығы ҒЗИ директоры (1962-1974 жж); Қазақ қой шаруашылығы ҒЗТИ директоры (1974-1984 жж.); В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөлімшесі Президиумының төрағасы (1979-1990 жж.); Қазақ КСР Мелекеттік агроөнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары (1986-1990 жж.); Қазақ мал шаруашылығы ҒЗТИ директоры (1988-1997 жж.); 1997 жылдан Қазақ қой шаруашылығы ҒЗТИ қой тұқымының селекциясы мен генетикасы орталығының директоры, 2003 жылдан қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Мал шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедрасының профессоры болып қызмет атқарған.
Қилыбай Үсенұлы қатарынан екі рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып (1980-1990 жж.), КСРО Халық депутатығына (1989-1992 ж.ж.) сайланған, республикамыздың Жоғары Кеңесінің төрағасы болып он жылдан аса (1980-19912 жж.) қызмет атқарды. Ол Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат болып сайланған.
Ғалымның ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі А.Еламановпен бірге жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде 1976 жылы республикадағы биязы жүнді, жоғары өнімді қой тұқымы — солтүстік қазақ мериносы шығарылды. Ол академик В.А. Больмонттың бастамасымен қолға алынған ағылшынның биязылау кроссбред жүнді қойларын жерсіндіру, сондай-ақ линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер бітімдес қойлардың отандық репродукторларын құру жұмыстарын жалғастырды. Оның негізгі ғылыми ізденістері бағалы қой тұқымдарының гендік қорын сақтауға, жетілдіру және көбейтуге, таза тұқымды австралия мериностарының репродукторын құруға, солтүстік қазақ мериносын асылдандыруға және биязылау жүнді, төлді көп беретін қой тұқымын шығаруға бағытталған. Ол 500-ден астам ғылыми еңбек жазған.
Білікті ғалымның білім мен ғылым саласында атқарған еңбектері Тәуелсіз мемлекетіміздің ғана емес, алыс-жақын шет елдердің ғылыми ортасында лайықты бағасын алып, әр жылдары мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі жоғары құрметті атақтар мен марапаттарға лайық болды.
Ғалымның жетекшілігімен 35 кандидат, 14 докторлық диссертация қорғалынған. Оның түлектері бүгінде Қазақстан Республикасында ғана емес Ресей, Қырғызстан, Украйна, Әзірбайжан және Моңғолия елдерінде ғылым, білім және өндіріс салаларында жемісті қызмет атқаруда.
Терең білімі, мол тәжірибесі мен еңбегін туған халқына мұра ете білген, ғылым мен техника саласында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған мемлекет және қоғам қайраткері Медеубеков Қилыбай Үсенұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 2015 жылдың 5-мамыр күні «Ғылым Ордасы» ғимаратында (Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29 үй) сағат 9.00-де басталады.
Көрнекті ғалым Қилыбай Медеубеков өмірден озды
Последние статьи автора