Конго Қырым геморрагиялық қызбасы аса қауіпті
Республика көлемінде жыл сайын тіркеліп отырған Конго Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошағы бар аурулардың қатарына жатады. Ауруды қоздырушы вирустың табиғатта жануарлар арасында айналысқа түсуіне байланысты ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін емес, сондықтан табиғи ошақтары бар елді мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы жоғары.
Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, ауруды дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға жібермей ұстап тұру шараларын жүргізу тек қана медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары ғана емес, оған осындай аймақта тұратын елді мекендердің тұрғындары да ат салысуға тиіс. Осыған байланысты республика көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сұрақ туындайды.
Белсенді табиғи ошақтары бар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында осы аурудың алдын алу шаралары жыл сайын жүйелі түрде қолға алынуда. Бұл жұмысқа Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының әкімшіліктері зор белсенділік танытып отыр. Жыл басында міндетті түрде эпизоотиялық, эпидемиялық ахуал облыстық коллегияда қаралып, істелінетін жұмыстарға байланысты қаржы бөлініп, жұмыс көлемі, кестесі бекітіліп отырады.
Мемлекет тарапынан да алдын алу жұмыстары үлкен қолдау тауып отыр. Ауру мәселесінің күрделігіне байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында Конго Қырым геморрагиялық қызбасын төмендету шаралары көрсетілген.
Бағдарламаны iске асыру жергілікті әкімшіліктердің, тұтынушыларды қорғау агентігінің, медицина қызметкерлерінің ведомствоаралық бірлесе өзара iс-қимыл жасауының арқасында тиiстi профилактикалық шаралар эндемиялық өңiрлерде мал бастарына және малдың қора-жайларына кенеге қарсы өңдеу, сондай-ақ КҚГҚ бойынша қолайсыз елдi мекендердiң айналасына санитариялық-қорғау аймақтарын құру арқылы жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары аурудың табиғи ошақтарының көлемі біртіндеп ұлғайып келе жатқаны байқауға болады және кенелердің жұқпалық белсенділігі бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Тұтынушыларды қорғау Агентігі осы аурудың аурушаңдығын азайту мақсатында айтарлықтай жұмыс атқаруда. Біздің негізгі міндетіміз КҚГҚ-ны жұқтыру жолдары және алдын алу шаралары туралы халық арасында санитариялық-түсiндiру жұмысын күшейту және iс-шаралардың жүйелі түрде жүргізілуін, атқарылған жұмыстардың сапасына көңіл бөліп, бағыттарының ғылыми түрде жүргізілуіне жол көрсету болып табылады.
Статистикалық мәліметке жүгінсек 2013 жылы 7 адам ауырған, ол 100 мың тұрғынға шаққанда 0,04 құрайды, (2012 жылы 13 адам, көрсеткіш-0,07) бұл 2012 жылғы ауырған адамдар санымен салыстырғанда 6 адамға төмендегенін көрсетеді. Республика бойынша КҚГҚ-ның аурушаңдылық көрсеткіші 0,04-ге яғни «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткішінен төмен деңгейге жеткізілді. Аурудың төменгі жағдайда болуы профилактикалық жұмыстардың эпидемиялық маусымда кенеге қарсы залалсыздандыру іс шаралардың жүргізілуі арқасында жүзеге асты.
Биылғы 2014 жылы (23 мамырға дейінгі аралықта) эпидемиологиялық маусым кезінде кененің шағуына шағымданған 1941 адам медицина мекемелеріне жүгінді, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында -1364 адам, Қызылорда облысында - 374, Жамбыл облысында – 203 адам.
Кене шаққан адамдардың 72-сі ауруханаға жатқызылып, оның 9 адамы аурудың күдікті жағдайы деп есептеліп, арнайы тексеріс, емдеу шаралары жүргізілді. Олардың ішінен Конго Қырым геморрагиялық қызбасының ауруы лабораториялық тексеріс кезінде анықталмады.
Эндемиялық аудандарда вирустың антигенін анықтау мақсатында малдан және елді- мекендерден кене жинау жүргізіліп, 97601 иксод кенелері зерттелді, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 19827 кене, Қызылорда облысынан 42595 кене, Жамбыл облысынан 35179 кене. Зерттеулер нәтижесінде иксод кенелерінен 3,6%, аурудың вирустары табылды, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанда-3,2%, Қызылорда облысыда 4,3%, Жамбыл облысынан 3,0%.
2014 жылы кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына 785,1 млн. теңге, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 491,5 млн. теңге, Қызылорда облысында 201,7 млн. теңге және Жамбыл облысында 91,9 млн. теңге қаржы бөлініп, осының қазіргі таңда 27,1% игерілді.
Кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары қолайсыз деп танылған 238 елді мекеннің санитарлық қорғаныс аймағындағы 144,8 шаршы шақырымына жүргізілді. Сонымен қатар 973 елді мекендерін (мал қора, суат) 29,2 ш² жер көлеміне және 3573581 мал басына кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Кененің белсенділігіне байланысты заласыздандыру жұмыстары екі кезеңде жасалуы жоспарланып отыр.
Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар бұл облыс көлемінде жергілікті әкімшіліктермен бірлесе істеліп жатырған алдын алу жұмыстары.
Аурудың эпидемиологиялық қадағалауын және оның алдын алу жүйесін жетілдіру мақсатында халықаралық ұйымдармен (ДСҰ, СДС) қарым қатынас орнатылды. Қызылорда қаласында республикалық семинар өткізіліп, әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетілді. Осындай жұмыстар барлық аудан, облыстарында жасалынды.
Шетел мемлекетеріндегі Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы алдын алу іс шаралар біздің назарымызда және олардың тәжірибелерін қолдануға ат салысамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) ұсынысы бойынша аурудың алдын алу жұмыстары 3 бағытта жүргізілге тиіс.
Біріншіден, вирусты кенеден адамға жұқтырмау шарасы, оған кене шақпау үшін сақтандыру киімін қолдану (жеңі ұзын жейде, шалбар); кенені тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді кию; кенеге қарсы препаратты қолдану; кененің бар екенін тексеріп өзді-өздерін қарау; малдардың кенеленбеуін қарастыру, кенеге қарсы препараттарды қолдану; кенесі көп аудандарға негізсіз бармау шараларын ұйымдастыру, әсіресе кенелердің өте белсенділігі кезінде.
Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру, оған жануарларға күтім жасағанда (баққан, сауған кезде және т.б.), жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану.
Үшіншіден, адамнан адамға жұғу қаупін азайту, оған науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұтырмау шаралары қарастыру, ауру күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау болып табылады
Кене тістеп алғанда немесе кенемен жанасқанда, жануарларға күтім жасағанда (баққан, сауған кезде және т.б.), жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда, ашық аумақта болғанда (табиғат аясында демалғанда және т.б.), қансыраған науқас адаммен жанасқанда ауру жұқтыру қаупі көбейеді, ал егер жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өз-өзін нашар сезінгенде және дененің қызуы көтерілгенде, кем дегенде бас және бұлшық еттер ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болғанда, іш ауырғанда немесе іш өткенде дереу медицина мекемелеріне қаралуы қажет. Аудың алғашқы белгілері кезінде қаралса, қайғылы жағдайға душар болу қауіпі азаяды.
Қорытып айтқанда, жалпы Конго Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы алдын алу жұмыстары мемлекеттік мекемелер тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп келеді, ендігі кезек ауыл тұрғындарың саналы түрде жұқтырмау шараларын іске асыру.
Қыраубаев Кәкімжан
ҚР ТҚҚА санитарлық-эпидемиологиялық сараптама
және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының
дәрігер эпидемиологы