Әлеуметтік желілерде Көлсай көлдері маңынан уран табылуына байланысты Алматы облысы Райымбек ауданында қарасты 1,7 мың тұрғыны бар Саты ауылы көшіріледі екен, – деген дақпырт тарап жатыр. Бұл қаншалықты рас ақпарат? «Алаш айнасы» мәселеге тереңірек үңіліп көрген еді.
ФБ әлеуметтік желісінің белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы өзінің жеке парақшасында: «Алматы облысында Көлсай деген керемет сұлу жер барын бәріңіз білесіздер. Сол Көлсайдан уран табылып, ауыл адамдарын көшіру жұмыстары басталыпты деп естідім. Бұл туралы кім қандай нақты ақпарат біледі? Уран қазып, Көлсайды көрсайға айналдырмаса игі еді. Бұл ақпарат рас болса, сол ауылдың адамдары, ауданның халқы табиғат қорғаушыларымен, журналистермен бірігіп, уран өндіру жұмыстарына жол бермеуге тиіс. Басқа жерлерде де уран аз емес, сол жетпей жатыр ма екен?», – деп жазады.
Осы жазбаның астына геолог Ерқанат Тәукебай өз ойын білдіріпті.
Ерқанат Тәукебай, геолог:
– Геолог ретiнде, сол жақтың тумасы ретiнде айтамын, мұндай әңгіме қозғалып жатқан жоқ. Жалпы, Алматы облысында жуық арада уран өндірісі болмайды. Қазір Райымбек ауданындағы Тұйық деген жерде барит, қорғасын, Шәлкөде деген жерде алтын іздеу (разведка) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнан өзге жерде жер асты байлықтарына қатысты ғылыми негізде жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Назым Әлижанқызы атты Алматы тұрғыны бізге берген пікірінде геологтың бұл сөзін жоққа шығарды.
Назым Әлижанқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
– Осыдан екі апта бұрын Райымбек ауданындағы Жалаңаш ауылына сіңілімнің тойына бардық. Сол тойға Саты деген ауылдан қонақтар келді. «Көлсайдан уран табылыпты, ауылды көшіреді екен» деген әңгімені сол кезде естідім. Сіздерге қалай екенін білмеймін, дәл осы Көлсай секілді әдемі жер жер бетінде жоқ қой. Бұл көлдер – Қазақстанның мақтанышы. Ол жерде уран өндіргенше, туризмді дамыту керек қой. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Ғалымдар, әкімдер, лауазымды тұлғалар өздеріне сөз келмеу үшін, халықты алдай салуы мүмкін. Бұл үрдіс бізде әлдеқашан қалыптасып кеткен. Мұның анық-қанығына жетуіміз қажет. Шынында бұл дақпырт болса, оның дақпырт екенін үрейлендіре бермей, елге түсіндіру қажет.
Біз мәселенің анық-қанығын ресми тұлғалардан білмек болып, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Ерболат Нұрахметов және Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Мәдени Нұрдәулетов мырзаларға хабарластық.
Ерболат Нұрахметов, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:
– «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында уран өндіріліп жатыр екен» деген дақпыртты сіздерден естіп отырмыз. Біздің аумақта ондай өндіріс орны ашылған емес. Ашылмайды да. Әрине, бұл аумаққа геологтар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатады. Бірақ, олар жаман мақсатта келмейді. Жер асты байлықтарымызды зерттейді. Біз табиғи парк аумағын әрдайым қадағалауда ұстайтындықтан бұл жерде ешқандай уран өндірісі ашылмағанын, ашылуы мүмкін емес екенін сенімді түрде айта аламын.
Мәдени Нұрдәулетов, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:
– Саты ауылынан ешкім де көшірілмейді. Керісінше, қазір бұл ауылды өсіру, көркейту мақсатында жұмыстар жасалып жатыр. Көлсайға жақын ауылдар туризм дамыту үшін өте қолайлы. Сондықтан да, биыл Саты ауылының территориясына 12 гектар жер қосылып отыр. Туризм бизнесін дамытқысы келетін азаматтарға бар жағдайды жасамақ ниетіміз бар.
«Алаш айнасының» түйіні
Біз ресми тұлғалардың айтқан сөзіне сенгіміз келеді. Десек те, қазір осы шекаралы ауданда дәл осы іспетті сыбыстар гу-гу етеді. «Бәлен жерге әскери қалашық салынып, ауыл адамдары көшіріледі-міс», «Кеген жақта бір ауыл адамды Жаркентке көшіріп тастапты-мыс»... Быды-быды... Әрине, сену қиын. Бірақ, көкейде бір сұрақ бар.
«Мұндай әңгімелердің көбеюіне не түрткі болып отыр?». Бұл сұраққа әлі жауап іздейтін боламыз...
Көлсай "Көрсайға" айналмай ма?
Последние статьи автора