Коллекторлардың қызметі заңмен реттеледі
Коллекторлардың заңсыз әрекетіне көпшілік наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сот шешімінсіз азаматтардың шоттарын бұғаттап, телефон арқылы қорқыту деректері көбейіп барады.
Жақында ел Парламенті салаға қатысты заңға бірқатар өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Енді коллекторлық компанияны ашу үшін кем дегенде 10 миллион теңге жарғылық капитал болу керек.
Бүгінгі таңда микрокредиттік ұйымдардан қарызға ақша алу үйреншікті дүниеге айналып кетті. Алайда кейін оны қайтарып алу оңайға түспейді.
Азаматтарымыз алған қаражатын не нәрсеге жұмсайды? Біз сауалнама жүргізіп, мынадай қорытындыға келдік.
Жауап бергендердің 30 проценті қарызды басқа несиелерін жабу үшін алады екен.
16 проценті жаңа ұялы телефонға жаратады.
8 проценті қаражатты құмар ойындарға жұмсаса, 6 проценті таныстарына қарызға беретіні белгілі болды.
Ал қалғаны азық-түлік пен пәтер ақысын осындай несие есебінен төлеген.
Займ алғандардың қатарында елорда тұрғыны Батыр есімді азамат та бар. Ол пандемия кезінде жұмысын жоғалтып, амалсыздан микрокредиттік ұйым көмегіне жүгінген.
Батыр, қала тұрғыны:
– Осыдан жарты жыл бұрын микрокредиттік ұйымнан қарызға ақша алған едім. Пандемияда жұмысымды жоғалтып алдым. Кейін сол алған кредитімді төлей алмадым. Сосын маған коллекторлар звондап қоймады. Менің туыстарымның нөмірін тауып алып соларға хабарласты. Әбден мазамызды алды. Сосын банктегі шотымды жауып тастады. Енді мүлдем ақшасыз қалдым.
Алған қарызды өтеу уақыты келгенде кейбір азаматтар түрлі сылтаумен несиені төлемейтін жағдайлар жиілеп кетті. Тараптар арасында дау пайда болады. Коллекторлар адамдарға ескерту жасамай, шоттарын бұғаттап тастайды.
Кейде олар өзін сот орындаушылар ретінде таныстырып, жалған құжат көрсетеді. Судьялардың жүктемесін азайту мақсатында қазір шоттарды нотариус арқылы бұғаттауға рұқсат берілді. Соны пайдаланып, заңды бұзып жатқандар көп.
Мадина Жанасаева, өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары:
– Коллекторлар сот орындаушыларының атынан смс-хабарламалар жібереді. Азаматтарға телефон арқылы хабарласып, қорқытады. Құжаттарға жалған мөр қоятын жағдайлар да кездеседі. Сол құжаттар арқылы жұрттың жәрдемақы түсетін арнайы шоттарын да бұғаттайды. Сосын адамдар бізге келіп шағымданады. Әзірге біз олардың заңсыз әрекеттерін дәлелдеп, жауапқа тарта алмай отырмыз. Егер сізге сот орындаушысының атынан хабарласса, оның аты-жөнін біздің сайттан тексеріп алуға болатынын ескертеміз.
Осы мәселелерге қатысты ел Парламентіне де біраз шағым түскен. Соның негізінде депутаттар заңға өзгеріс енгізуді жөн көрді.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Біздің азаматтар микрокредиттік ұйымдардың жарнамасына жиі алданып қалады. Көбіне мұндай ұйымдар өзінің проценттік мөлшерлемесін кішкентай қаріппен жазып қойып, халықты алдайды. Сол себепті біз қарыз алған кезде бекітілген проценттік мөлшерлемені шарттың ең бірінші бетінде көрсету қажеттілігін талап етіп отырмыз. Сондай-ақ коллекторлар қарыз алған адамдарға басқа біреудің нөмірінен хабарласуына тыйым салып отырмыз. Оның туыстарына немесе жұмыс берушілеріне де телефон шалып, мазаны алуға да енді рұқсат берілмейді. Заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес коллектор қарыз алушымен сөйлескенде аудио-бейне жазба жасауға міндетті.
Қазір бұл құжат Сенат қарауында. Егер заң қабылданса, коллекторлардың қызметін жіті қадағалауға мүмкіндік туады.