Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы №56 гимназия 1-сынып оқушыларына жан-жақты білім беруге ұстаздар мен ата-аналарды бірге жұмылдырып отыр. Дәл осы мақсатта мектепте кіріктірілген сабақтар жүйесі қолға алынды.
Кіріктірілген сабақтар – орта білім беру жүйесінде сирек қолданылатын тиімді әдіс. Гимназия басшылығы мұндай сабақтар түрін 1-сынып оқушылары үшін тұңғыш рет енгізіп отыр. Әр тарапты сабақтар бастауыш сынып балаларына аса қажет. Өйткені орта білім алуды жаңа бастаған балалар үшін дүниетанымды жан-жақты кеңейту, ой-өрісті жетілдіру маңызды. Бір кіріктірілген сабақта бірнеше пәннің білімі, өнер мен шығармашылықтың түрлі саласы жарасым табады. Мысалы, бейнелеу өнерін, музыкамен, денешынықтырумен, ауыз әдебиетімен, ағылшын тілімен, басқа да пәндермен байланыстыру. Бастауыш сынып мұғалімі Светлана Кравченко «К.И.Чуковский ертегілерінің ізгі әлемі» атты ашық сабақ өткізді. Мұнда балалар алдымен Чуковскийдің «Ғажайып ағаш» шығармасымен танысты. Көрнекі құралдың көмегімен ертегідегі ағаштың не себепті ғажайып саналатынын ұқты, ертегі авторы туралы мағлұмат алды, ойындарға қатысып, ұстаздың сұрағына жауап берді. Чуковскийдің «Телефон» өлеңінен үзіндіні сахналады, суреттер салды, пазлдарды құрастырды. Сөйтіп, бұл сабақта әдебиет те, музыка да, драма да, дене тәрбиесі де, бейнелеу өнері, орыс тілі де болды. Балалардың мәнерлеп оқу, актерлік шеберлік, баяндау, жұмбақ шешу, кескіндеу, өзара ынтымақтаса отырып жарысу, графикамен шұғылдану сияқты және басқа да машықтары қамтылды. «Кіріктірілген сабақта, негізінен, сыныптан тыс оқу мен бейнелеу өнері пәндерін ұштастырдық. Шілтер графикасы сабағы Корней Чуковскийдің «Ғажайып ағаш» шығармасы негізінде түсіндірілді. Балалардың Чуковскийдің шығармасын терең түсінуіне жағдай жасадық. Мектепте «Жанды кітап» деген акция болады, балалар электронды немесе онлайн кітап емес, кәдімгі қағаз бетті кітаптарды алып оқиды. Оқыған кітаптарын бір-біріне айтып береді. Мектепке келгенде балалардың оқу деңгейі әртүрлі болды, біреу тәп-тәуір оқитын болып келді, біреуі буынға бөліп оқитын, біреуі енді үйреніп жатыр», – дейді мұғалім С.Кравченко.
Алексей Черкашин, 1-сынып оқушысы:
– Маған сабақ қатты ұнады, балалардың өнер көрсеткені көңілден шықты. «Телефон» деген өлеңді оқып бердік. Мен автор рөлінде болдым. Сабақта сурет салған да ұнады.
Артем Воскресенский, 1-сынып оқушысы:
– Спектакльде мен піл рөлінде болдым. Сабақтың соңында сиқырлы ағаштың сұлбасын жасадық, маған сол бәрінен бұрын ұнады, бәрінен бұрын есте қалды. Өзіме математика, дене тәрбиесі, еңбек пен бейнелеу өнері пәндері ұнайды. Чуковскийдің «Айболит», «Мойдодыр», «Телефон» шығармаларын сүйіп оқимын.
Мектепте кіріктірілген сабақтар «Ата-аналар, ұстаздар, ынтымақтастықты үйренейік» атты ашық есік күні барысында өткізілді. Бұл күні мәнерлеп оқу, ағылшын тілі және қазақ тілі пәндерін біріктірген «Күзгі қала», дүниетаным және ағылшын тілі пәндерін байланыстырған «Табиғаттағы күзгі өзгерістер», нота сабағы қазақ тілі пәндерін біріктірген «Ля» дыбысы мен әріптері» атты және басқа да тақырыптағы сабақтар 1-сынып оқушыларына арналды. 87 жылдық тарихы бар білім шаңырағында қазір 1461 бала білім алып жатыр. Оның 217-сі – 1-сынып оқушылары. Биылғы оқу жылында 1-сыныптар алтыға көбейді. «Мектеп қоғамдық өмірдің барлық саласында белсенді боп жүретін көшбасшыларды даярлауды мақсат етеді», – дейді ұстаздар.
Ләззат Ыбыраева, гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сыныптардың оқу ісінің меңгерушісі:
– Ашық есік күнінде біз оқу жылы басталған аз уақыттың ішінде 1-сынып оқитын бүлдіршіндердің мектебімізден не үйренгенін көрсетуді мақсат еттік. Бүгінгі шара балақайлардың мектепке, оқу процесіне әбден бейімделгенін аңғартты. Ата-аналарды мұғалімдердің жұмысына көмектесуге шақырамыз, өйткені біздің мақсатымыз ортақ – бала тәрбиесі. Биыл – отбасы жылы, ата-ана балаларының дүниені танудағы, білім жинаудағы әр қадамын педагогтермен бірге бақылап, қалай дамып жатқанын көріп отыруы тиіс. Кіріктірілген сабақтарды бастауыш сыныптардың жоғары санатты мұғалімдері өткізіп жатыр. Сол себепті бұл сабақтардың балалардың тұлғалық қасиеттерінің дамуына ықпал ететініне күмән келтірмейміз.
Кіріктірілген сабақтар келешек көшбасшыларға арналған
Последние статьи автора