Қазақ халқы салт пен дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, ырымға өте бай. Оның әрқайсысының астарында үлкен мән-мағына, ұлттық құндылық пен адам баласына керек тәрбие жатыр. Бірақ соңғы уақыттары дәстүрге дәйекті көңіл аудармайтын болдық. Ырымдардың қолданылу аясын, салтымыз бен дәстүріміздің жауапкершілігін, берер тәлімін жете түсіне бермейміз.
Өткенге көз жүгіртсек, ата-ана кіндік шешеге кімді болса соны таңдай салмаған. “Балам ибалы, тәрбиелі, сол кісіге ұқсаса екен” деген ниетпен ауылдың беделді, аузы дуалы, қолы жеңіл, жайсаң мінезді аналарын таңдаған. Сондықтан кіндік шешеге деген құрмет ерекше болды. Өйткені, қазақта дүние есігін ашқан нәрестенің кіндігін кім кессе, бала есейгенде мінез-құлқы жағынан кіндік шешесіне тартады деген ұғым бар. Осыған сәйкес, кіндік шеше де сәбиді өз баласынан кем көрмеген. Баланың екінші анасындай болып, қыз баланың анасына айта алмаған сырларын осы кіндік шеше жеткізіп отырған.
Байқасаңыз бүгіндері осы алтын желі үзіліп қалғандай. Неге десеңіз, қазіргі жастар кіндік шешелерінің кім екенін білмейді. Кіндігінің кім кескенін сұрамайды да. Өйткені, қазір бұрынғыдай үйде босану деген жоқ. “Анау менің кіндік балам” деп айтатын аналар қатары да жоқтың қасы. Қарыштап технологияның дамыған заманында перзентханада көбіне босандырған дәрігер кесіп жатады. Қасына кірген серіктесіне кестіру де сирек кездеседі. Мүмкін заманның талабы солай шығар... Десе де, бұл тұрғыда бізді алаңдататын мәселе жоқ емес.
Шын мәнінде, “кіндік шеше” деген ұғымның мәнін кетіріп, оған деген құрметтің маңызын жоғалтып алғандаймыз. Қазіргі жастардың түсінігінде кіндік шеше әркімнің өзінің жақын адамы. Оны да “сен баламның кіндік шешесі” боласың деп жай ғана таңдай салады. Оған жүктелетін міндет – перзентханадан дүркіретіп шығарып алу, балаға киім-кешек пен қажетті асай-мүсей заттарын алып беру. Болды. Осындай түсініктен әрі аса алмай әр саққа бір аунап, әбігерге түсіп жүрміз.
Ол аздай, кіндік шешенің қадірі қашқан уақытта, үрдісіміз мен салтымызға "кіндік әке" деген термин енді. Әлеуметтік желіні ашсаңыз болды жастардың дені “менің кіндік балам” деп суреттерін сырғытып жүктеп жатады. Араларында тіпті, үйленбеген жігіттерде кіндік әке атанып жатыр. Жақын жора-жолдастарының арасынан таңдап алынған бұл «әке» де аз-маз сыйлық жасағанына мәз. Балаға әкесі мен шешесіндей қарап тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру, сырласындай болу секілді артылатын жауапкершілікке мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Мұның барлығын жастардың тек қызық үшін қабылдауы көңілге кірбің ұялатады. Батыстан келген осы бір “крестный” деген атауды санадан шығаратын уақыт жетті.
Ұрпағым ұлықты болсын десең, ұлт болашағы – балаңызды осы бастан ұлттық дәстүрмен сусындатқаныңыз абзал. Болмаса өзгенің қаңсығына бой алдырып, арындап қалуыңыз ғажап емес. Бұған сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.