Киіз үйді жалға алу сәнге айналып барады
Бұрындары қазақтың ұлттық дүниелерін жалға беру таңданыс тудырып жататын. Сондай-ақ оларға деген сұраныс та жоқтың қасы еді. Ал Наурыз мерекесі ресми тойлана бастаған 1990 жылдардың аяқ шенінен бастап қазақ үй, алтыбақан, ұлттық киімдер сияқты заттарымызды жалға алу үрдісі сәнге айналды.
Тіпті ұлттық дүниелерімізді жалға беруді табыс көзіне айналдырғандар да жоқ емес. Наурыз мерекесінің қазір барған сайын кең тойлана бастағанынан болар, олардың бизнестері тәп-тәуір пайда түсіруде. Тіпті кейбіреулер қазақ үй, алтыбақандарын тұтынушыларға жеткізе де алмай жататынға ұқсайды. Бір байқанымыз, осындай бизнеспен айналысатындардың саны артса да, баға тұрақтанар емес, керісінше, жыл сайын еселене түсуде.
Әрине, бір жағынан іштей «бәрекелді!» деп қаласың. Тойдың сәнін ұлттық дүниелеріміз бен бұйымдарымыз келтіріп, Ұлыстың ұлы күні лайықты деңгейде өткізіліп, мәртебесі биіктеп жатса, қалай қуанбасқа... «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» деген жақсы сөз бар. Сол сияқты қазақ қандай дегендерге айтар кеңесіміз, біздің салт-дәстүрлерімізге үңіліп-ақ та тануға болатынына ешкім дау айтпас, яғни этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы сыр беріп тұрады. Былайша айтқанда салт-дәстүр – халықтың тілінің тірегі, рухани өзегі және мәдениетінің діңгегі. Міне, осы құндылықтарымыз әсіресе наурыз мерекесі барысында жақсы көрініс тауып жатады. Әйтпесе, жыл он екі ай барымызды, асылымызды, құндылықтарымызды ұлықтауға мойнымыз жар бермейді-ау. Әрине, қазір наурыз мерекесі көнедегідей емес, көптеген өзгерістер енген. Оған кейбір тарихшыларымыз ренжулі де. Бір анығы, киіз үй тігіп, алтыбақан орнатып, ұлттық киімдер киіп шығу жағынан қазір бірінен-бірі озып түсуде. Міне, бағаның өсуінің себебі қайда жатыр.
Бағаларды білмек болып, біз, негізінен, қазақ үй, алтыбақан, ұлттық киімдерді жалға беретін мекемелермен хабарласып шықтық. Өйткені Наурыз мейрамына этнографиялық реңк беретін заттар – негізінен осылар. Сөйтсек, алты қанатты киіз үйден бастап он алты қанатты киіз үйлерге дейінгі баға 60 мыңнан 420 мың теңгеге дейінгі аралықта. Айтпақшы, аймақтарда алты қанаттылары – 100 мың, сегіз қанаттылары – 150 мың теңге. Пайдалану мерзімі – үш күн. Ал арнайы жасалған, биік алтыбақандар 100 мыңның ар жақ, бер жағында екен. Ұлттық киімдерге келсек, тәулігіне 3,5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейінгі мөлшерде. Сән үйлерінде қымбат. Олар ұлттық киімдерін тәулігіне 100 долларға бағалап отыр. Біз өткен жылғы бағаларды да сұрастырып білдік, барлығы да 20-30 мың теңгеге арзан болған екен.
Байқап отырғандарыңыздай, наурыз мерекесін білгенімізше атап өтудің өзі біраз шығынға батырады. Негізгі айтпағымыз да осы еді. Теңеуіміз кейбіреулерге түсініксіздеу көрінер, әйтсе де, мәселен, еліміздегі ең қымбат қалалардың бірі Алматыда үш бөлмелі пәтерді жалға алсаң, айына 100 мың теңге төлейсің. Ал киіз үй үшін үш күнге орта есеппен 200 мың теңге төлейсің. Әрине, киіз үйдің қадір-қасиеті жоғары, әсіресе, қазақ үшін оның орны бөлек. Десек те, біз ұлттық дүниелерімізді қолжетімді етуге тырыспаймыз ба? Сонда оларға деген сұраныс қазіргіден де арта түсер еді. Сол сұранысты арттыру арқылы қай-қайсысы болмасын, кез келген этнографиялық заттарымызды насихаттауға да болады емес пе. Қазақстанда тұрып қазақтың ұлттық дүниелерінің бағасын сол қазаққа аспандатып өткізуіміз – біздің ойымызша, жөнсіз. Бара-бара ұлттық құндылықтарымыз таңсық болып жүрмесін. Керісінше, кеңестік дәуірде малшылар көктем шыға жайлауға қоныс теуіп, қыс түскенше киіз үйді паналайтын. Міне, сол кездері ата-әжелеріне қыдырып барып, балалар айлап киіз үйде жататын. Ал қазіргі балалардың көпшілігі киіз үйдің атын біледі, затын көрмеген. Алтыбақан да дәл солай. Ауылда кеш бата балалар алтыбақан басына жиналатын. Енді ол да жәдігерге айналып барады.
Бұл тұрғыда Орталық мұражайдың директоры Нұрсан Әлімбай былай дейді:
– Әрине, ұлттық дүниелеріміздің қымбатқа сатылып, болмаса жалға берілгендегі құнын екінің бірінің қалтасының көтере бермейтіндігі өкінішті. Рас, қазір наурыз тойын ұлттық дүниелермен әспеттеуде қызығушылық бар. Алайда қымбат баға келе-келе сол қарқынымызды басып тастамасына кім кепіл? Сөнгенімізді қайта жағып, жоғалғанымызбен енді қауыша бастағанымызда, сіздер айтып отырған ұлттық дүниелеріміздің нарықтағы бағасын қымбаттатамыз деп, керісінше олардың құндылығын жоғалтып алмасақ игі еді. Әрине, мәселен, жалға киіз үй берумен айналысатын жеке фирмалар осы жағын ойласа, игі іс болар-ақ еді. Әй, қайдам... Бұл – нарық заманы. Сондықтан ұсынушыларға ешқандай талап қоя алмайсың.