Киіктің көбеюіне заң мүдделі емес пе?
Кезінде сахарада қына теріп, мың-мыңдап еркін кезген бота көз киіктердің бүгінгі «алқындысы» «алқам шүкірге» жарағанымен, алаң көңілді жұбатуға жетпей тұрғаны рас. Сенсеңіз, өткен ғасырдың 50-жылдары қазақтың атақонысында киіктің жалпы саны 2 миллионнан асқан, ал 90-жылдары оның саны 1 миллионға азайыпты. 2000 жылдардың басында бұл миллионнан бар болғаны 23 мыңдай киік қалды.
2006 жылы қазақ киелі деп есептейтін бұл жануар Қызыл кітапқа енгізілгеннен кейін жасалып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде оның саны бүгін 136 мыңнан асты. Кезінде Қытайда, Түрікменстан, Өзбекстан, Моңғолия аумағында еркін жосылған киіктердің бүгінгі «қалдығының» 90 пайыздайы қазақ жерін мекен етеді. Осыны меңзеген болуы керек, шетелдік сарапшылар бұл жануарды «ұлттық брендке айналдырып, қорғауға алу керектігін» айтады. Құла түзге айналып бара жатқан қазақ даласының ұлттық проблемасының шешімі қайда? Бұл мәселе әсіресе ақтөбеліктерді көбірек алаңдатады. Себебі даламызды жайлаған киіктердің 80 пайызға жуығы осы өңірде.
2007 жылы Ырғыз ауданында киік санын көбейту мақсатында «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Сол жылы аумақта 7 мың ғана киік болды. Қазір бұл көрсеткіш 2012 жылдың күзгі санағы бойынша 86 мыңға жетті.
Ырғыз — облыстағы ең ірі аудандардың бірі. 4,2 млн гектар жерді алып жатқан Ырғыз даласының аумағы кәдімгі Швейцариядан 200 шақырымға артық екен. Осы жердің 1 миллион гектардан астамын «Ырғыз-Торғай» резерваты (763 543 га) мен оған қарасты Торғай зоологиялық қаумалы (296 000 га) алып жатыр. Яғни аталған «Ырғыз-Торғай» республикадағы ең үлкен резерват болып есептеледі. Бұл саланы басқаратын ведомстволардың тілегі осы резерваттың үстінде болуы заңдылық.
Ғалымдардың айтуынша, киіктер оралдық, бетпақдалалық және үстірттік болып үшке бөлінеді екен. Ырғыз өңірін Бетпақдаланың киіктері паналайды. Киіктің бір бөлігі көктем шыға Шалқар-Нұра қыратының үсті мен етегіндегі кең жазықта төлдеп, Құрдым теңіз сорының айналасындағы майқаралы бұйрығындағы кең алқапта күзгі шағылысқа түсетін киіктер осы алқапта қараша, желтоқсан айларындағы қақаған аяздарда мейлінше қозғалмастан тебінеді. Ойдағы, қырдағы тағы бір бөлігі қазан айынан бастап «елге келіп», Атанбасы, Қосбүйрек, Сұңқарқия тауларының етегінде жайылып, Қыземшек, Айырмола, Теңгелбай қыраттары мен Жыңғылды өзек, Тегененің бойын мекендейді.
Деректерге қарағанда, 136 мың киіктің 35-40 мыңдайы Ақтөбе өңірінің Ырғыз, Әйтеке би ауданы аумақтарында қыстайды. Сәуірдің басында киіктер келе бастайды. 3-4 сәуірден әуеден бақылау арқылы киіктер санағы басталды.
Аталған резерват директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Болат Аймановтың айтуынша, киіктердің 10 пайыздайы Қызылорда облысы аумағынан, қалған 90 пайызы, негізінен, Жезқазған арқылы Қарағанды облысынан келеді.
2007 жылы елімізде шамамен 18 мыңдай киік болса, қазір 136 мыңға жетті дедік. Бұл көрсеткіштің өзі реверват аумағын үлкейтуді сұрап тұр. Осыдан азғана уақыт бұрын Қостанай облысында жалпы алаңы 400 мың гектардай болатын «Алтын дала» резерваты ашылды. Бұған да қанағат. Бірақ бренд деуге боларлық бұл жануардың көбеюіне неғұрлым жұмыстар жасалып жатқанымен, браконьер деген бәлелердің айылы соғұрлым жиылмай тұр.
Ерболат САРҚҰЛОВ, Ақтөбе облысы ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы:
– Киіктерді өлтіріп, мүйізін алу оқиғалары былтыр бірнеше рет тіркелді. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында Әйтеке би ауданы аумағында 63 киіктің атылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Мұның үшеуі аналық, қалғаны аталық киік болып шықты. Аталған оқиғаға байланысты жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, күдікті ретінде Қызылорда облысының бірнеше азаматы ұсталды. Күдіктілердің бұл шараға әбден дайындалғаны байқалып тұр. Қаруларымен бірге «ТУРАЙ» спутниктік байланыс телефондары табылды. Бұған қоса, мемлекеттік нөмірлері жоқ «Тойота Ландкрузер» маркалы көліктері радио және навигациялық байланыспен жабдықталған.
Қыркүйек айында да Шалқар ауданының Бозой ауылы маңында жалпы салмағы 16 келі болатын 137 киік мүйізін өңгеріп алған жамбылдық азаматтар ұсталды. Ерекше қорғауға жататын жануарларды өлтіргені үшін күдіктілердің бірі кінәлі деп танылып, ол азамат екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Шілде айында Ырғыз ауданының Қалалыкөл ауылы маңынан киіктің бес мүйізін қоржынына салған «Субару-Форестер» көлігі ұсталды.
Резерват қызметкерлерінің айтуынша, браконьерлер киік аулауға әбден дайындалып шығады екен. Мысалы, «ТУРАЙ» спутниктік байланыс телефондары қарапайым адам түгіл, резерват қызметкерлерінің өзінде жоқ көрінеді. «Анау-мынау көлікке жеткізбей кететін бірнеше джип көліктеріне спорттық мотоциклдерді тиеп алып, өздері зерттеп алған киіктің шоғырланған жерлерін қоритындардың 90 пайызға жуығы Қызылорда облысы бағытынан келеді» дейді резерваттықтар. Осыдан төрт-бес жылдай уақыт бұрын Арал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері табельдік қарумен киік атып ұсталып, жұмыстан босатылып, жазасын алғаны белгілі. «Жасыратыны жоқ, браконьерлердің көбінің жоғары жақта қорғаушылары болуы мүмкін. Мысалы, көліктің алдыңғы жағына бір мемлекеттің, артқы жағына екінші мемлекеттің нөмірін салып алып жүретін джиптер бар. Бұлай жасау қарапайым адамға оңай емес. Тағы бір дәлелі қолымызбен ұстап, ішкі істер бөліміне тапсырған күннің өзінде жауаптан сытылып кететін адамдар бар», — дейді Б.Айманов. Мұздай қаруланған әккі браконьерлермен күрестің қиындығы – осында. Және заңның жұмсақтығында. Қазіргі заңдылық бойынша олар тек шартты түрде ғана бас бостандығынан айырылады және киіктің аталығын аулағандығы үшін — 200, аналығы мен лағы үшін 150 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл төлейді. Ал бұл сома «көкесі» барлар үшін, тиын-тебен болуы мүмкін... Браконьердің барлығы дерлік киікті мүйізі үшін өлтіретіні белгілі. Көбіне киік текесін көздейді. Бейресми деректер бойынша, киік мүйізі 30-40 мың теңгеге, еліміздің кейбір өңірлерінде келісі, тіпті 200 мыңға дейін бағаланады екен. Дәстүрлі медицинада дәрілік шикізат ретінде пайдаланылатын киік мүйіздері Қытайда 3-4 мың доллар төңірегінде қолдан-қолға өтеді. Қызылорда, Ақтөбе облыстарында жасырын түрде киік мүйізін сатып алатындар бар екені бейресми түрде еріннің емеурінімен ғана айтылады.
Болат АЙМАНОВ, «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
— Ерекше қорғауға алынған резерват аумағы — қорғау, буферлік және ядро, яғни ұйытқы аумағы болып үшке бөлінеді. Ядро аумағы резерват аумағының 75 пайызын алып жатыр. Киіктердің жүретін, лақтайтын, күйекке түсетін жері, негізінен, осы аумақ. Қорғауға қиыны да осы жер. Себебі көліктер ескі. Екіншіден, мен биолог ретінде қауіп етіп отырған мәселе — инфрақұрылым дамуының табиғатқа әсері. Әрине, инфрақұрылымның дамуы ең алдымен, адам үшін керек. Алайда табиғаттағы тепе-теңдікті де ұмытуға болмайды. Мұны айтып отырғаным, резерваттың жүрегі болып саналатын ядро аумағынан өңірді Астанамен жалғайтын күре жол салынып жатыр, бұл — бір. Ғасыр жобасы аталған Жезқазған-Бейнеу теміржол магистралі да ядро аумағынан өтеді, бұл — екі. Осы аумақ арқылы елордаға қарай газ құбырын тарту жобасын іске асыру жұмыстары басталды, газ құбыры да ерекше қорғалатын аумақтың үстін кесіп өтеді, міне, бұл — үш. Еліміз үшін маңыздылығы аса жоғары мұндай жетістіктерге мен қарсы емеспін, алайда Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, ғалымдар, экологтер аталған ұлы жоспарлардың табиғатқа зиянының ықтималдығын, мейлінше, азайту жолдарын қарастырғаны жөн. Киік – өте үркек жануар. Ертеңгі күні бұл жұмыстар сәтті жүзеге асса, өзіміз әзер дегенде санын өсіріп отырған киік саны 35-40 пайызға азайып кетуі бек мүмкін. Резерват ашылғанда 7 мың болған киік саны қазір 80 мыңнан асты. Онсыз да олар жүретін, лақтайтын, күйікке түсетін жер аумағы тарлық ететіні аян.