Келіндер форумда бас қосты
Талдықорған қаласында келіндерге кеңес берер тағылымды шара өтті. Алматы облыстық ардагерлер кеңесі мен әкімдік бірлесіп, «Келін – отбасының болашағы» атты форум ұйымдастырды.
Бұл форумды соңғы үш жылда ұрпақ тәрбиесінде аға буын қариялардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру үшін өткізілген «Әжелер – отбасының берекесі», «Атадан ұлағат» атты қариялардың облыстық жиындарының заңды жалғасы деуге болады. Арулардың ажары мен бітіміне басымдық берілетін байқаулардан мұның бір ерекшелігі – бала тәрбиесі, ата мен енені сыйлау секілді келіндік парыздың парқын ұғынуын басты ұстаным етуінде. Келіндер кеңесіне, негізінен, аудан, қалаларда өткен байқауларда үздік шыққандар қатысты. Сонымен қатар форум жұмысынан ер-азаматтар, аталар мен әжелер, жастар, жергілікті билік өкілдері, педагогтер де тыс қалған жоқ. Алдыңғы буын ата-әжелердің тәлімі мол тағылымды сөздерінен кейін келіндерге сұрақтар қойылып, олардың жауаптарын қазылар алқасы сараптады. Жүлделерге келіндермен қатар, аудан, қалалардан келген үлгілі отағалары, ата-әжелер, бойдақ қыз-жігіттер де ие болды. Форум соңында қатысушылар үндеу қабылдады.
Егеубек ДАЛБАҒАЕВ, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бала тәрбиесін балабақшадан емес, тал бесіктен бастау керек, жаһандануға қарсы күресу емес, оған бейімделуді ойлау керек, тілімізді, дінімізді, ділімізді, әдет-ғұрпымызды сонда ғана сақтай аламыз», – деген болатын. Осыған сәйкес, Облыстық ардагерлер ұйымы «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты бағдарлама жасап, 2008 жылдан бастап барлық мектептерде сабақтан тыс тәрбие жұмыстарын өткізіп келеді. Сол шаралардың бірі – осы келіндер форумы. Бізді, қарияларды «ертең ұрпағымыз елімізге ие бола ала ма, жолымызды жалғай ма, салт-дәстүрімізді сақтай ала ма?» деген сұрақтар мазалайды. Сондықтан тентегіне тәйт дейтін, ұл мен келінге ұлағатты сөз айтатын ата мен әженің ұрпақ тәрбиесіндегі белсенділігін арттыруды мақсат етіп отырмыз.