Соңғы кездері Second hand, Stokk секілді киім дүкендеріне көпшілік барғыш-ақ болып кетті. Бір ерекшелігі, онда Еуропадан әкелінген ескі-құсқы киімдер келілеп сатылады. Әрине, бағасы қолжетімді. Киімнің бір келісі 1500 бен 2500 теңгенің аралығында. Салмағы 200-300 грамнан аспайтын бір жеңіл жейдені (футболканы) 500-700 теңгеге аласыз. Ал базарда 15-20 мың тұратын киімдерді мұнда төрт-бес мың теңгеге табуға болады. Дегенмен Еуропа елдерінің халқы киіп-киіп күресінге тастаған ескі киімдерін біздің елге тасымалдаған қаншалықты тиімді? Ертеңгі күні ол киімдерден ауру жұғып, жұртшылық айықпас дертке шалдықпай ма? Жалпы, бұл мәселеден қалай шығуға болады? Бүгінгі тақырыбымыз осы негізде болмақ.
Дерматолог мамандар мұндай бизнеске мүлдем тыйым салу керек деп нақты айта алмай отыр. Өйткені халық ішінен өлшеп сатылатын киім алып, одан шын мәнінде ауру жұқтырған адам тіркелмеген көрінеді. «Алайда біреудің киіп тастаған аяқкиімі мен ішкиімдерін сатып аларда өте мұқият болған жөн» дейді олар.
Гүлсім АСҚАРОВА, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты тері-венерология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Шынында да, бізде Second hand деген өлшеп сатылатын киім дүкендері қаптап кетті. Олардан киім алатындар да күннен-күнге көбейіп отыр. Әрине, мен көпшілікке ондай жерлерден киім сатып алмаңдар деп айта алмаймын. Өйткені әркім қалтасына, шамасына қарай киінеді. Десек те, қазір бізде денесіне аллергиялық жаралар пайда болған науқастар көбеюде. Ал аллергия киімнен де жұғады. Алайда мен мұның барлығы Еуропадан әкелінген ескі киімдерден жұғып жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен солай болуы да мүмкін, тек оны науқас білмей қалуы мүмкін. Осы орайда тұрғындарға ондай дүкендерден аяқкиім мен ішкиім алуға болмайтынын ескерткім келеді. Өйткені туфлидің бұрынғы иесінің аяғында саңырауқұлақ жарасы бар болатын болса, ол міндетті түрде екінші киген адамға жұғады. Оның үстіне, оның аяғындағы қолаңса иіс жұқса, оны да кетіру оңай емес. Сондай-ақ біреудің киіп тастаған ішкиімін алмаған жөн. Себебі адамның шап аймағы тершең келеді. Ол да адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан лажы болса, біреудің пайдаланған киімін сатып алып, айықпас дерт жұқтырғанша, жаңасын сатып алған дұрыс деп есептеймін.
Естуімізше, мұндай киімдердің барлығы бізге АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Германиядан келеді екен. Ол жақта арнайы бір күн белгіленіп, кедей-кепшікке ұсынған көмегі ретінде тұрғындар есіктерінің алдына өздерінің керексіз заттарын шығарып қояды екен. Оны арнайы көлік жинап алып, сұрыптаудан өткізіп, жоғарғы температурадағы қайнатылған суға салып, дезинфекциялайтын көрінеді.
Дегенмен Украина шетелден әкелінген ескі-құсқы киімдерді өз елінде саудалауға заң жүзінде тыйым салып отыр. Ел басшыларының айтуынша, бұл отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына кесірін тигізіп әрі сырттан әкелінген, санитарлық сапасы күмәнді мұндай тауарлар украиналықтардың денсаулығына зиян келтіреді екен. Әрине, бізде жеңіл өнеркәсіп дамып отырған жоқ, бірақ санитарлық жағын ескере отырып, келілеп сатылатын киім бизнесіне шектеу қою қажет пе?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор, саясаткер:
–Second hand киім дүкендерінің барлығын жауып тастау қажет. Өйткені мұндағы киімдердің барлығы артта қалған, халқының жағдайы нашар елдерге таратылады. Оның үстіне, ол киімдерді әркім киіп тастағаннан кейін, халқымызға түрлі жұқпалы аурулар жұғуы мүмкін. Сондықтан келілеп сатылатын киімдерді киюге болмайды. Ондай бизнеске шектеу қою қажет. Керек десеңіз, бұл біздің халықты төмен санап, масқара еткенмен бірдей. Өкініштісі сол, қарапайым халық өзінің тері ауруына шалдыққанына ол киімдердің әсері болғанын біле бермеуі мүмкін. Білсе де, қарапайым адам заң қуалап, өз құқын қорғай алмайды. Сондықтан Қазақстанның керемет дамып жатқан мемлекет екенін дәлелдейтін болсақ, әлгіндей киімдерді алып келуге тыйым салуымыз қажет.
Біз бұл төңіректе Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шалғынбай Жандосовпен де пікірлескен болатынбыз. Ол кісінің айтқан сөздерінің астарына үңілсеңіз, Second hand киім дүкендеріне оның да көңілі толмайтын секілді болып көрінді. Ш.Жандосовтың айтуынша, келілеп сатылатын киімдердің барлығы шекарадан өтпей жатып, кеденде СЭС мамандарының тексеруінен өтеді екен. «Өкінішке қарай, біз Second hand-тегі киімдердің санитарлық талаптарға қаншалықты сай екендігін тексере алмаймыз. Олай ететін болсақ, ертеңгі күні олар біздің үстімізден прокуратураға шағым жазуы мүмкін. Мұны олар дереу «біреудің қалтасына қол сұғу» деп түсінеді. Бірақ егер жұртшылық арасынан «осы жерден киім алғаннан кейін менің денем қыши бастады, қызарып, бөрте бастады» деп бізге арыз жазатын болса, онда біз міндетті түрде тексеретін боламыз. Алайда әзірге бізге арыз жазып ешкім келген жоқ. Сондықтан ол киімдердің қаншалықты санитарлық талаптарға сай екендігін нақты айта алмаймын. Оның үстіне, мұның барлығы елге кірмей жатып, кеденде толық СЭС мамандарының тексерулерінен өтеді», – дейді Ш.Жандосов. Енді мұны ретке келтіру үшін не істеу керек?
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Қазақстанға келетін қандай зат болсын, әсіресе халық көп тұтынатын киім, тамақ секілді тауарлар СЭС мамандарының жіті қадағалауынан өтуі тиіс. Өйткені халық денсаулығынан артық байлық жоқ. Келілеп сатылатын киімдерге бірден шектеу қоймасақ та, кеденнен өтетін кезде қатаң қадағалау қажет. Дегенмен Қазақстан дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға күш салып жатыр. Сондықтан Еуропаның ескі киімдерін тасып әкеліп, шетелдіктердің Қазақстан жайлы теріс көзқарасын қалыптастырып алмағанымыз жөн. Халқымыздың киген киімі, жеген тағамы сапалы болғанға не жетсін?!. Алайда біз нарықтық заманда өмір сүріп отырғандықтан, оған бірден тосқауыл қою қиын. Егер сұраныс болмаса, олар мұны осында алып келіп саудаламас еді. Сондықтан халқымыздың әлеуметтік жағдайын неғұрлым жылдам көтерсек, өзіміздің киім өндірісімізді шапшаң дамытсақ, онда бұл мәселе өздігінен шешілер еді...
Қалай десек те, жаман айтпай жақсы жоқ. Онсыз да елімізде тері ауруларының саны жылдан-жылға артып отырғанда, тағы да шетелдіктердің жұқпалы ауруларын өзімізге жамап алмасақ болғаны. Әзірге келілеп киім алатын қарапайым тұрғындарға ондай киім алсаңыз, міндетті түрде ыстық суға бір қайнатып, бір жуып барып пайдаланған дұрыс дегеннен басқа ештеңе айта алмай отырғанымыз өкінішті.
Келілеп алған киімнің кеселі жоқ па?
Последние статьи автора