Келілеп алған киімнің кеселі жоқ па?

Келілеп алған киімнің кеселі жоқ па?

Соңғы кездері Second hand, Stokk секілді киім дүкендеріне көпшілік барғыш-ақ болып кетті. Бір ерекшелігі, онда Еуропадан әкелінген ескі-құсқы киімдер келілеп сатылады. Әрине, бағасы қолжетімді. Киімнің бір келісі 1500 бен 2500 теңгенің аралығында. Салмағы 200-300 грамнан аспайтын бір жеңіл жейдені (футболканы) 500-700 теңгеге аласыз. Ал базарда 15-20 мың тұратын киімдерді мұнда төрт-бес мың теңгеге табуға болады. Дегенмен Еуропа елдерінің халқы киіп-киіп күресінге тастаған ескі киімдерін біздің елге тасымалдаған қаншалықты тиімді? Ертеңгі күні ол киімдерден ауру жұғып, жұртшылық айықпас дертке шалдықпай ма? Жалпы, бұл мәселеден қалай шығуға болады? Бүгінгі тақырыбымыз осы негізде болмақ.
Дерматолог мамандар мұндай бизнеске мүлдем тыйым салу керек деп нақты айта алмай отыр. Өйткені халық ішінен өлшеп сатылатын киім алып, одан шын мәнінде ауру жұқтырған адам тіркелмеген көрінеді. «Алайда біреудің киіп тастаған аяқкиімі мен ішкиімдерін сатып аларда өте мұқият болған жөн» дейді олар.
Гүлсім АСҚАРОВА, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты тері-венерология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Шынында да, бізде Second hand деген өлшеп сатылатын киім дүкендері қаптап кетті. Олардан киім алатындар да күннен-күнге көбейіп отыр. Әрине, мен көпшілікке ондай жерлерден киім сатып алмаңдар деп айта алмаймын. Өйткені әркім қалтасына, шамасына қа­рай киінеді. Десек те, қазір бізде де­несіне аллергиялық жаралар пайда бол­ған науқастар көбеюде. Ал аллергия киімнен де жұғады. Алайда мен мұның барлығы Еуропадан әкелінген ескі киім­дерден жұғып жатыр деп айта алма­й­мын. Дегенмен солай болуы да мүмкін, тек оны науқас білмей қалуы мүмкін. Осы орайда тұрғындарға ондай дүкен­дер­ден аяқкиім мен ішкиім алуға бол­май­тынын ескерткім келеді. Өйткені туф­лидің бұрынғы иесінің аяғында са­ңырауқұлақ жарасы бар болатын болса, ол міндетті түрде екінші киген адамға жұғады. Оның үстіне, оның аяғындағы қо­лаңса иіс жұқса, оны да кетіру оңай емес. Сондай-ақ біреудің киіп тастаған ішкиімін алмаған жөн. Себебі адамның шап аймағы тершең келеді. Ол да адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан лажы болса, біреудің пайдаланған киімін са­тып алып, айықпас дерт жұқтырғанша, жаңасын сатып алған дұрыс деп есептеймін.

Естуімізше, мұндай киімдердің барлығы бізге АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Гер­мания­дан келеді екен. Ол жақта арнайы бір күн белгіленіп, кедей-кепшікке ұсынған кө­мегі ретінде тұрғындар есіктерінің алды­на өздерінің керексіз заттарын шығарып қояды екен. Оны арнайы көлік жинап алып, сұрыптаудан өткізіп, жоғарғы темпе­ра­­турадағы қайнатылған суға салып, де­зин­фекциялайтын көрінеді.
Дегенмен Украина шетелден әкелінген ескі-құсқы киімдерді өз елінде саудалауға заң жүзінде тыйым салып отыр. Ел бас­шыларының айтуынша, бұл отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына кесірін тигізіп әрі сырттан әкелінген, санитарлық сапасы кү­мән­ді мұндай тауарлар украиналықтардың денсаулығына зиян келтіреді екен. Әрине, бізде жеңіл өнеркәсіп дамып отырған жоқ, бірақ санитарлық жағын ескере отырып, келілеп сатылатын киім бизнесіне шектеу қою қажет пе?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор, саясаткер:
–Second hand киім дүкендерінің бар­лығын жауып тастау қажет. Өйткені мұндағы киімдердің барлығы артта қал­ған, халқының жағдайы нашар ел­дерге таратылады. Оның үстіне, ол киім­дерді әркім киіп тастағаннан кейін, хал­қымызға түрлі жұқпалы аурулар жұ­ғуы мүмкін. Сондықтан келілеп саты­латын киімдерді киюге болмайды. Он­дай бизнеске шектеу қою қажет. Керек де­сеңіз, бұл біздің халықты төмен санап, масқара еткенмен бірдей. Өкініштісі сол, қарапайым халық өзінің тері ауруына шалдыққанына ол киімдердің әсері болғанын біле бермеуі мүмкін. Білсе де, қарапайым адам заң қуалап, өз құқын қорғай алмайды. Сондықтан Қазақстанның керемет да­мып жатқан мемлекет екенін дәлел­дей­тін болсақ, әлгіндей киімдерді алып ке­луге тыйым салуымыз қажет.

Біз бұл төңіректе Республикалық са­ни­тарлық-эпидемиологиялық сараптама жә­не мониторинг ғылыми-тәжірибелік орта­лы­ғының директоры Шалғынбай Жан­до­совпен де пікірлескен болатынбыз. Ол кісінің айтқан сөздерінің астарына үңіл­сеңіз, Second hand киім дүкендеріне оның да көңілі толмайтын секілді болып кө­рінді. Ш.Жандосовтың айтуынша, ке­лі­леп сатылатын киімдердің барлығы ше­ка­радан өтпей жатып, кеденде СЭС ма­ман­дарының тексеруінен өтеді екен. «Өкінішке қа­рай, біз Second hand-тегі киімдердің санитарлық талаптарға қан­шалықты сай екендігін тексере алмаймыз. Олай ететін болсақ, ертеңгі күні олар біздің үстімізден проку­ратураға шағым жазуы мүмкін. Мұны олар дереу «біреудің қалта­сына қол сұғу» деп түсінеді. Бірақ егер жұртшылық арасынан «осы жерден киім алғаннан кейін ме­нің денем қыши бастады, қызарып, бөр­те бастады» деп бізге арыз жазатын болса, онда біз міндетті түрде тексеретін боламыз. Алайда әзірге бізге арыз жазып ешкім келген жоқ. Сондықтан ол киімдердің қан­ша­лықты са­ни­­тарлық талаптарға сай екен­дігін нақты айта алмаймын. Оның үстіне, мұ­ның бар­лығы елге кірмей жатып, кеден­де толық СЭС мамандарының тексеру­ле­рінен өтеді», – дейді Ш.Жандосов. Енді мұны ретке келтіру үшін не істеу керек?
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Қазақстанға келетін қандай зат бол­­­сын, әсіресе халық көп тұтынатын киім, тамақ секілді тауарлар СЭС ма­ман­дарының жіті қадағалауынан өтуі тиіс. Өйткені халық денсаулығынан ар­тық байлық жоқ. Келілеп са­тылатын киім­­дерге бірден шектеу қой­ма­сақ та, кеденнен өтетін кезде қатаң қада­ға­лау қажет. Дегенмен Қазақстан дамыған мем­­лекеттер қатарына қосылуға күш са­лып жа­тыр. Сондықтан Еуропаның ес­кі киім­де­рін тасып әкеліп, шетел­дік­тердің Қазақстан жай­лы теріс көз­қа­расын қалыптастырып алмаға­нымыз жөн. Халқымыздың киген киімі, жеген тағамы сапалы болғанға не жет­сін?!. Алайда біз нарықтық заманда өмір сүріп отырғандықтан, оған бірден тос­қа­уыл қою қиын. Егер сұраныс болмаса, олар мұны осында алып келіп сауда­ла­мас еді. Сондықтан халқымыздың әлеуметтік жағдайын неғұрлым жылдам көтерсек, өзі­міздің киім өндірісімізді шап­шаң дамытсақ, онда бұл мәселе өз­дігінен шешілер еді...
Қалай десек те, жаман айтпай жақсы жоқ. Онсыз да елімізде тері ауруларының са­­ны жылдан-жылға артып отырғанда, та­ғы да шетелдіктердің жұқпалы ауруларын өзі­мізге жамап алмасақ болғаны. Әзірге ке­лілеп киім алатын қарапайым тұрғын­дарға ондай киім алсаңыз, міндетті түрде ыстық суға бір қайнатып, бір жуып барып пайдаланған дұрыс дегеннен басқа ештеңе айта алмай отырғанымыз өкінішті.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста