Еліміздегі жоғары білім беруді әлемдік деңгеймен теңестіруде академик Тоқмұхаммед Садықовтың еңбегі өлшеусіз. Алматыдағы «Ғылым ордасында» білім берудің ұлттық жүйесінің іргелі мәселелерін талқылаған ғылыми қауым бірауыздан осылай десті. «Садықов оқулары: білім беру кеңістігіне инновациялық технологияларды енгізу мәселелері және жолдары» деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өмірден өткен көрнекті ғалым, жоғары білім беру ісінің көшбасшысы Тоқмұхаммед Сәлменұлының 75 жылдығына арналды.
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, тарихшы, академик, қазақтың Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін ұзақ жыл басқарған білікті жетекші, қоғам қайраткері Т.Садықовтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған басқосу бес жылдан бері дәстүрлі өтіп келеді. Бірақ жыл сайын жаңа бағытта, жаңа тақырыпта. Өйткені Садықовтың ғылыми-шығармашылық жолы жан-жақты. Қайраткердің есімі мен еңбегі отандық білім саласының барлық бағытына қатысты. Соның ішінде, қазіргі қоғам оны «келешектің білімін қалыптастырған адам» деп таниды. Ол білім берудің кеңестік жүйесінен қазіргі заманғы халықаралық талаптарға ауысуда іргелі зерттеулерге барып, әлемдік білім берудегі тың әдістерді тәжірибеге енгізді. Абай атындағы педагогикалық оқу орнын еліміздің жетекші университетіне айналдырды. Тоқмұхаммед Сәлменұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің келешек дамуына серпін беретін көптеген заң мен тұжырымдаманы, «Білім туралы» және «Жоғары білім туралы» заңдарды жасауға атсалысты. 500-ден астам ғылыми еңбек пен 20-дан астам монография жазды. «Садықов оқуларының» ашылуына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, ғалымның кәсіби қызметі мен ғылыми шығармашылығын әлем жұртшылығы мойындайды. «Оның басшылығымен еліміздің әлемдік білімге қатысуының интерактивтік және инновациялық жолдары анықталды, отандық білім-ғылымның ХХІ ғасырдың талабына сай дамуының негізі қаланды. Ерен еңбегінің арқасында ол Қазақстанның ғана емес, көптеген шет мемлекет университеттерінің құрметті профессоры болды. Тоқмұхаммед Сәлменұлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін әлемдік стандарттарға жеткізіп, білікті кадрлер дайындады. Тоқаңның мыңдаған шәкірті бүгінде әлем бойынша жемісті еңбек етіп жүр», – деді Мәжіліс төрағасы. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов болса, бұл шараға Тоқмұхаммед Сәлменұлын еске алу деп емес, Тәуелсіз Қазақстанды құруға атсалысқан адамның идеяларын одан әрі жетілдіру деп қарайтынын айтты. «Келешекте «Қазақстан – 2050» стратегиясының сәтті іске асырылуы біздің білім берудің қазақстандық моделін қалыптастыру методологиясының базалық қағидаларын қаншалықты нығайтып, қаншалықты іске асыратынымызға байланысты. Т.Садықов «мемлекеттің алдына қойылған міндеттерді, ең алдымен, елдің үздік жоғары оқу орындары орындауы керек. Элиталық университеттердің бұл еңбегі ақталады, өйткені білім – ең үздік капитал, Қазақстан мен өзге де көрші елдердің өмір сапасы бойынша бәсекелестік параметрлерін айқындауына білім берудің еуразиялық стандарттары бағдар бола алады» деген болатын. Бүгінде әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті елдерінің алғашқы отыздығына енуіміз дүниежүзінің жетекші державалары рейтингіндегі жай ғана орын емес, бұл – мемлекетіміз бен қазақстандық қоғам реформаларының табыстылығының куәсі, өмір сапасының жоғары стандартының көрсеткіші, білім берудің жоғары деңгейі, денсаулық сақтаудың сапалылығы және тұтастай алғанда, әлемнің елімізге деген құрметі. Елбасы айтқандай, Қазақстанның басты ресурсы – қазақстандықтардың өзі, тарихи қоғамдық тұрақтылық пен құндылықтар сабақтастығын ұстап тұрған отбасы және мектеп сияқты шешуші институттар», – деді ол.
«Садықов оқулары» аясында ғалымның педагогикалық-қайраткерлік еңбегімен қатар, білім саласының жаңалықтары мен келешектегі жоспарлары да талқыланды. Ғалымдардың айтуынша, өзгермелі заман тың білімді қажет еткен сайын жаңашылдықтың бастауы болған Садықов еңбектерінің маңызы арта түседі.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
– Академик Садықов ұстаз, ғалым болып қана қоймай, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. Қоғам қайраткері ретінде әрқашан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге болды, Президенттің жүргізген реформаларына ақ жүрекпен аянбай еңбек етіп, Елбасының сенімді серігі болған адам. 1999 және 2005 жылдары өткен Президент сайлауында Елбасының сенімді өкілі болды, парламенттік сайлау штабтарына бірнеше рет жетекшілік етті. «Нұр Отан» партиясының дамуына да зор ықпал етіп, партияның ірі бөлімшелерінің бірі – Алматы қаласындағы филиалды басқарды. Ол кісінің бастамасымен әлеуметтік мәселелерді қарау және шешу жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, аз уақыттың ішінде ол кеңестің жұмысы нәтижесін берді.
Геннадий СЕЛЮТИН, ЮНЕСКО-ның Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы педагогика кафедрасының меңгерушісі:
– Бұл конференция ақпараттық қоғамның өзекті мәселелерін қозғайды. Ақпараттық қоғам жетілмейінше, қандай да бір саланың дамуы қиын. Т.Садықов Қазақстанда білім беру саласына ақпараттық технологияны, ақпараттық коммуникацияны енгізуге үлес қосты. Ол – ЮНЕСКО-мен ынтымақтаса жұмыс істеуге қадам жасаған алғашқы адамдардың бірі. Оқу орнының ұзақ жылғы басшысы ретінде дәл осы салада көп табысқа жетті. Айталық, оның тікелей араласуымен Қазақстанда магистранттарды еуропалық стандарттар бойынша оқытуға алғаш қол жетті. Садықовтың тың идеялары кезінде жоғары білім саласына жаңалық болып еніп, бүгінде жетіліп келеді.
Георгий РУДИК, Канаданың «Шексіз оқыту» заманауи педагогикалық орталығының профессоры, педагогика ғылымының докторы:
– Бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстандағы ғана емес, жалпы, әлемнің білім беру саласын қандай реформалар күтіп тұрғаны және қандай өзгерістерге қажеттілік бары айтылады. Жаһандану дәуірі жаңа білімді қажет етеді. Міне, қазір дүниежүзі осы мәселені талқылап жатыр. Мен Садықов оқуларына екінші рет қатысып отырмын, өзім бұл кісімен жақын таныс болдым. Оны жоғары білім саласының дамуын алдын ала көре білген сәуегей ғалым деп білемін. Оның салаға енгізген бастамаларының қай-қайсысының да құнды екенін айта кеткен жөн.
Қайрат АДАМБЕКОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Этномәдениет» орталығының директоры, педагогика ғылымының докторы:
– Ол өте тәртіпті, барлық нәрсеге оң көзқараспен қарайтын адам еді. Мейірімді әрі талапшыл адам болды, уәде беріп алып орындамайтын адамдарды жек көретін. Әр қызметкердің жай ғана жұмыс емес, шығармашылық жұмыс атқарғанын қалайтын. Адамгершілігі мол ұстазды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «еліміздің бірінші педагогы» деп бекер айтқан жоқ. Мен ол кісіден көп нәрсені үйрендім, біздің университет кредиттік технологияны енгізген тұңғыш оқу орны еді. Кредиттік технологияны енгізу жөнінде көптеген қиын жұмыстарды бірге қолға алдық. Бүгінгі шара магистранттарға, жас ғалымдарға Садықовтың ойларын, жалғаспай қалған еңбектерін зерделеуге көмектеседі.
Келешектің білімін болжай білген ғалым
Последние статьи автора