Кәмелетке толмаған қыз құлдықтан құтқарылды
Кәмелетке толмаған қыз Алматы қаласында бір ай бойы тәнін саудалаған. Бірақ бұл уақытта ол Жамбыл облысында із-түзсіз жоғалғандардың тізімінде тұрыпты.
Алматы қаласы Ішкі істер департаменті мамандарының хабарлауынша, Жамбыл облысының кәмелетке толмаған тұрғыны Алматы қаласында құлдықтың құрығына ілінген. Оны ескі танысы «жазғы демалыста жақсы жұмыс тауып беремін» деп алдаған. Наурыз айының соңында таныс табылып, жұмыс орнының дайын екендігін хабарлап, қызды Алматы қаласына шақырады. Сондай-ақ күнделікті жолдың және күнкөрістің шығындарын толық өз мойнына алатынын айтқан. Алайда Алматыға келген Ақниетті бөтен әйел қарсы алады. Жеңіл жүрісті әйел жас қызды бірден жезөкшелікке итермелеген. Кәмелетке толмаған жас қыз жұмыстан бас тартады. Қарсылық көрсеткені үшін қыз баланы жеңгетай жалдамалы пәтерге қамаған. Сонымен қатар физикалық тұрғыда зорлық жасалатынын айтып, қорқытқан. Өміріне қауіп төнгенін білген қыз еріксіз бір ай көлемінде жезөкшелікпен айналысқан. «Кәмелеттік жасқа толмаған азаматша бұл уақытта туған ауылында із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болған», – дейді Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция капитаны Қуат Науатов. «Шарасыздықтан мұндай іске барған жас қыз туралы мәлімет Алматы қалалық ІІД-інде анықталып, босатылды. Ал жеңгетайлықпен айналысқан әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Енді ол адамды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін және кәмелеттік жасқа толмаған адамды зинақорлыққа итермелегені үшін заң алдында жауап береді», – деді қалалық ІІД баспасөз қызметі.