Ісімен із қалдырған...

Нағыз прокурор! Бұл – осы әңгімеге өзек болып отырған әділет саласының үздігі, марқұм Сәткен Мәйкенұлына жаңалық жаршылары – журналистер қауымының берген атауы болатын.
Жұмыста көңіл күйім болыңқырамай, әдет­тегіше мерзімді баспасөзді ақтарып отыр­ғанмын. Телефон қоңыраулады. Тұт­қа­ны көтердім. Ар жақтан «Аға, мен Мара Мәй­кеновамын ғой», – деді сөзінде діріл бар қарындасым. Он күннен бері қоңырау ша­лып, сіздің телефоныңызға түсе алмай жа­тырмын. (Кезекті демалысымда елде бол­ғанмын әрі телефон нөмірін жаңарт­қан едім).
– Жайшылық па, амандық па? – дей бер­дім Мараның «үздіксіз іздеп жатыр­мын» деген сөзінен, әрі дауысындағы ді­рілден секем ала...
– Папам қайтыс болды, – деді төбеден суық су құйып жібергендей қарындасым.
– Қалай, қашан, қартайып тұрған жоқ еді ғой? – дедім жөпелдемеде сөз таба алмай.
Астанаға оралып келгенше ағаның қыр­қы да болды. Сәткен ағаға берілген ас­тың тізгінін өз қолына алып тұрып, қоғам қайраткері Кәрібай Шушиков:
– Әуеден тағы бір жұлдыз ағып түсті. Сәт­кен Мәйкенұлы панасызға қамқор бол­ды. Адамгершілік туын асқақ ұстады. Өмі­рінің әрбір сәтінде әділдік іздеді. Адам­ның қиянат көрмеуіне білімін де, бі­лік­тілігін де, күш-қайратын да арнады. Со­дан рақат тапты. Ағаға сүйеу, ініге қам­қор болды. Ағаның аялы алақанының жы­луын көрген жанның бірі менмін, – деп те­біренді.
 Сәткен ағаның тегі өз алдына, Мәйкен сияқ­ты адал әкенің, көрнекті композитор Базарбай Жұманиязов сияқты жезденің, бөле айтарлықтай, «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» дейтін халқымыздың асыл перзенті Ғабит Мүсірепов сияқты су­реткердің тәлімін көргені өз алдына бір әң­гіме өзегі боларлық. Ұлы Ғабеңнің те­ме­кісін тасуының өзі бір хикая. Осын­дайда, кеңсесінде сыр ақтарып отырған бір сәтте: «Құлыным, Айтқадыр, ағаңның темекішіл екенін білесің ғой, қорап босап қа­лыпты, мына бұрышта дүкен бар, содан soveren әкеліп бере қойшы, Ғабит Мү­сі­репов сияқты заңғардың темекісін тасы­ған адамның жұмсағанын да жақсылыққа ба­лағайсың, өйткені Ғабеңнің батасын ал­дым ғой, саған да жұғысты болып қа­лар», – деп әзіл қоса айтқаны есіме түседі. Ол былай болған екен. Жездесі Базарбай мен апасы Гүлбану Алматыда Ға­бең­дер­мен көрші тұрады. Шығармашылық адам­дар отбасы болып араласады ғой. Сол кез­де апа-жездесінің қолында, ҚазМУ-дың заң факультетінде оқып жатқан қағы­лез студент Сәткенді ұлы суреткер жақ­тыр­тып қалып, әр нәрсені сылтауратып, ма­­ңайына үйір­сектете береді. Жазушы адам жа­ны­ның тамыршысы емес пе, сол кез­де-ақ кө­кірегіне иман ұйыған жақсы жанды жаз­бай таниды.Темекі алдыртады, әңгіме ай­тады, студенттен сыр суыртпақ­тайды, тіп­тен преферанс үйретеді. Әйте­уір, ма­ңа­йына жақындата берудің жол­да­рын із­дей­ді ғой. Ақыры зерек жігіт пре­­фе­ранс­тың майын ішпесе де, ойна­ған­да таңды таң­ға ұратын Ғабеңді зеріктір­мей­тіндей деңгейге жетеді.Студентке ықы­ласы ау­ға­ны сондай – Ғабит Мах­мұт­ұлы ди­пло­мы­ның сиясы кеппеген жас ма­ман­ға Алм­а­ты­да қалуды ұсынып, оған күш са­ла­тынына сендіреді. Асыл ағаны, жақ­сы жез­дені, ақ апаны, тіпті арайлы Ал­матыны қи­маса да, туған жердің құдіреті өзіне тарта береді. Сөйтіп, өмірдегі ұс­таз­да­рына шек­сіз алғысын айтып, Жаңа­ар­қасына ке­ліп табан тірейді ғой.
– Ғабеңнің қолына су құю бақытының бұ­йыр­ғанына ризамын. Сөз зергерінен ал­­ған тәлімім өмі­рім­нің өн бойына азық бо­­лып келе жатыр. Жол­сапарға да алып шы­­ғып, жол жүру ра­қа­тын да сездірген Ға­бең еді. Ғабит аға мен Ба­зарбай жездем үй­рет­кен дастарқан мә­дениетін әлі күнге де­йін бағдаршамдай ұс­танамын, – деп еді бір­де ризашылықпен, мақ­тануды аса сүйе бер­мейтін Сәткен ағам. «Тіршілік болса, жол­­сапарға бірге шы­ғып, Ғабит ағаның «дас­тарқан мә­де­ние­ті» деген үлгісін көр­се­те­мін, ол пойыздың ку­­песінен бастала­ды» де­­­гені әлі есімде. Ме­нің бір бай­қа­ға­ным, асыл қашанда асыл болып қа­латын кө­рі­не­­ді. Сәт-ағама деген жұрт­шы­лықтың ықы­­ласы, расында да, ерекше екен. Ас үс­­тін­­де сағынышпен еске ал­ған­дар­­дың сө­­зі­нен ұққаным осы. Жү­рек­жар­ды жоқ­тау сөз­дер үш сағатқа со­зыл­ған астың шең­бе­ріне сыймады. Про­ку­рорлық қыз­меті ора­йы­мен болған жер­лерден келген өкіл­дер өз алдына, же­делхат түрінде жеткен көңіл айтуларда да есеп болмады.
 Ағамен сыйласқан сәттердің бәрін қазір қимастықпен еске аламын. Ал Мара қа­рындасымның мені қоймай іздеуінің жө­ні бар еді. Ол асыл әкесі мен менің арам­дағы бауырлық қарым-қатынасты жақ­сы білетін... Сәткен аға екеуміз ағалы-іні­лі болып жарастық. Арамызда сый­лас­тықтың жібек жібі өрілді. Екі жыл бұрын, ме­нің 50 жасқа келген тойымда көсіле, тебірене сөйлегенін қалай ұмытайын?! – «Ағам деп төріңді, беташар тілекті беріп жа­тырсың, рақмет, сендей жігіттер керек, аман бол! Енді мына кішкентай ұл­да­рым­ның шаңырақ көтерген тойларында ор­таң­­нан табылайын», – деп, келінінің қо­лы­на ша­­шуын ұстатып, бетінен сүйіп жат­қаны кеше ға­на еді. «Енді ұлдарымның то­йында Сәткен ағамды төрден көре ал­майтын болдым-ау» дегенде көңілім қат­ты құлазиды. Шара не, «жазмыштан оз­мыш жоқ». Кейде мен ұзағырақ ха­бар­ласпай кетсем, өзі телефон шалатын еді-ау.
– Құлыным Айтқадыр, ағаңды ізде­мей­сің ғой тіптен, қолың тимей жүр ме? Кел­сей­ші, әңгімелесейік, – деп, үніне наз қоса өті­ні­шін айтар еді. Қазақтың сөзінің нәрін уы­­зынан татқан Сәткен ағаға «құлыным», «бо­там» деген сөздер табиғатынан тән сияқ­ты көрінеді маған. Еріксіз маңайына үйіретін осынау іңкәр тілбезеулер онсыз да көз тоятын тұлғасына айрықша сән бере түседі.
 Таныстығымыз осы қалай басталып еді? Қараөткелге көш толассыз ағылып жатқан кез еді ол. Арнайы Елбасы тапсырмасы ар­қы­лы кәделі квотамен Алматыдан қоныс ау­дар­ғандар көші-қонды ұйымдастырумен ай­налысатын органның пәрменімен «жа­ман­ды-жақсылы» пәтерлеріне қоныстанып жат­ты. Оның сыртында жүрек қалауымен «жа­ңа астананың тарихын бірге жасайық» де­ген игі ниетпен ат артқандар қаншама де­сеңізші?! Соңғысының қатарында дәл сол сәт­терде облысы жабылып, пұшайман күй кеш­кен осы жолдардың авторы да бар еді. Жа­зушы Алдан аға Смайылдың қамқор­лы­ғымен қалам тербеуге мүмкіндік алатындай, Ақ­моладағы жалғыз қазақ газетіне аял­даудың орайы түсті. Міне, осы кез ғой, Сәт­кен ағаны жолықтырғаным. Не керек, га­зет­тің дәстүрі бойынша қала прокуратурасының жұ­мысын көрсету туралы редакциялық тап­сыр­маны маған берді. Менің бөлімім қа­ла­ның әлеуметтік-экономикалық саласын көр­се­тумен шұғылданғандықтан, шаһардың үз­діксіз тіршілігін көрсету мойынға мұрша бер­мейтіндігінен, прокуратура тапсырмасын бас­шылықтың келісімімен газетке келуге ниет­теніп жүрген кәнігі журналист Самат Ас­қарға жүктеуіме тура келді. Сөйтіп, жинақтап қой­ған материалдарым мен «табы» басыл­ма­ған қосымша деректерді Сәкеңнің қолына ұс­таттым. Нәтижесінде екеуміздің аты­мыз­бен «Қара қылды қақ жарған» деген сүй­кім­ді сұхбат жарияланып, ол Сәткен ағаның ре­дакцияға алғыс айтқан телефон қоңы­ра­уына негіз болғаны әлі есімде.
– Прокуратураны жемқорлықтың ны­са­нына айналдырғысы келетіндер бар, олар оның ішкі аласапыран күрестерін, органның, әу баста анықталған қасиетті борышын естен шы­ғарып алады, – деп бірде күйіне тоқтап еді. «Күлтөбенің басындағыдай» қала әкім­ші­лігінде күнде өтетін жиынға прокуратура атынан әдеттегіше есеп беруге келген Сәткен Мәйкеновтің сөзіне БАҚ өкілдерінің құлақ түргені бар. Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының, неге екенін қайдам, қай «қисыққа» болса да прокуратураны кі­нәлі ғып айыптай сөйлейтін әдеті. Қа­ла әкімшілігінде аптасына бір өтетін «пла­нерка» деп аталатын осындай әр ап­талық жиында айтылатын сөз бұл. Прокурордың бірінші орынбасары әлгі тұ­қыртулардың бәріне және басқа да жиын­ға қатысушылар тарапынан қо­йылған «тікенекті» сұрақтарға кәсіби тұр­ғыдан негіздеп, сауатты жауап қай­тарғанына, оны қоғам төрағасының өзінің де сол жерде-ақ мойындағанына куә болдық. «Бәрекелді, міне, нағыз про­курор, ауыз аштырмады ғой» десті сон­да тілшілер қауымы. Жиынға төр­аға­лық етіп отырған Ә.Жақсыбековтің жү­зінен де прокурорға деген риза­шы­лықты байқаған едік.
Таяуда ҚР еңбек сіңірген әртісі, ұлт­тық мәдениетімізге үлкен үлес қосып жүрген азамат Серік Оспанов Сәткен аға туралы әңгіме сабақтала бастағанда-ақ «енді ондай адамды таба алар ма екен­біз, жаны ерекше нәзік сирек тұлға ғой» деп еді қамығып. Секеңе алып-қо­сарым жоқ. Енді тек осылайша са­ғы­нып, құран бағыштап, еске алып оты­ра­мыз. Қазан айының соңында аға­ның жыл­дығына арнап ас беріледі. Оған да Сәт­кен Мәйкенұлын сағынған жұрттың жи­налып, көзіне жас іркетініне күмәнім жоқ.
 Мақала болған соң, оның белгілі бір шарттары болады. Ол кеңес кезінде ма­рапаттарды түгін қалдырмай тізумен ажар­ланбақ еді. Бірақ қазір кеңселік тәр­тіппен алған наградаларын термелеп оты­руға аса құлқым болмай тұр. Өйткені көзі тірі болып, сіз туралы «пәлен ор­ден», «түген медаль» алғаныңызды ай­та­йын десем, ағаның мұнымды құпта­ма­сына кәміл сенімдімін. Сондықтан мар­құмның аруағын мазаламай, ел-жұр­ты берген Азамат, менің әріптестерім ата­ған Нағыз прокурор, туған-туыстың Асыл бауыр деген шынайы да тұнық ма­ра­паттармен шектелгенді жөн көріп отырмын.
 «Артында бар оңалар» дейді қа­зақ. Бұл жерде ғасырдан-ғасырға көшіп келе жатқан тәмсілдің «жетім жетіледі» де­ген сияқты екінші қырын қылтитудан ау­лақпыз. Шүкір, тәрбиелі, өрелі, өне­ге­лі ұл-қызы жетілген. Өз алдына бір-бір отау. Ақар-шақар өз отбасылары бар. Жақында ғана олар марқұмның өмір­дегі тағдырласы, сырласы, оша­ғы­ның берекесі Ләззат жеңгеміздің бас­шы­лығымен қабірінің басына еңселі ес­керткіш қойды. «Жақсының жақ­сы­лығынан сыр шертетін» белгі еді ол.
Сәткен аға-ау, бізден қанша алыс­та­са­ңыз да, тау тұлғаңыз еңселеніп ба­ра­ды. Орайы келгенде, жас прокурорларға сіздің атыңызды, сіз иеленген адамгершілік қасиеттерді, мамандыққа адалдықты, құқық қорғау саласына сіз қосқан үлесті айтып жүретін боламыз. Оның құқықтанушы жас маманның өмір жолында кәдеге жарарына күмәнім жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста