Ғылымның болашақ жемісі – адам осалдығын жояды, бірақ қатыгездене түседі
Осы ғасыр басында ұялы байланыс, интернет дегендер көпшілік қауым үшін мүмкін емес таңғаларлық нәрседей көрінетін. Одан бері де технология қаншама қарыштап дамып кетті. Бүгінде дауыс арқылы есігі ашылатын көлік, «ақылды үй» дегендеріңнің өзі ешкімді таңғалдырмайтын болды.
Ғалымдар болжамына үңілсек, жақын жылдары адамзатты кванттық революция күтіп тұр. D-Wave кванттық компьютері қазіргі жеке компьютерге қарағанда 3600 есе қуатты болады делінеді. Шамамен, енді бес-он жылдан соң компьютердің қуаты адам миының қуатына – секундына 20000000 миллиард операция орындайтын орасан зор қуатқа ие болса, онда компьютер адамға айналды дей беріңіз. Мур заңы (ол заң бойынша, әрбір чиптегі транзисторлар саны жыл өткен сайын екі есеге көбейіп отырады және бұл тенденция жақын арада өзгере қоймайды) аман-есен тұра берсе, 2060 жылы компьютердің қуаты бүкіл адамзаттың ақыл-ой санасы қуатымен тең болады екен. Ары қарай ойлаудың өзі қорқынышты.
«Ақырзаман боларда он сегіз мың ғалам бір тарының қауызына сыятын болады» дейді діндарлар. Мынау нақ соның өзі. Егер Мур заңы өзінің маңыздылығын жоятын болса, онда әлемдік экономикада апат болады, болмаса технология дамуын ары қарай жалғастырады – кванттық компьютер дәуірі басталады, оның қуаты, жоғарыда айтқанымыздай, жаншошырлық.
«2020 жылы адамзат төртінші компьютерлік дәуірге аяқ басатын болады» деді Microsoft компаниясын зерттеушілер. Оның басты айырмашылығы – бір қолданушының өзінде көптеген компьютердің, мәселен, жарық жылдамдығымен жұмыс істейтін биокомпьютер, оптикалық компьютер, кванттық, т.б. компьютердің болуы. Microsoft компаниясының негізін салушы миллиардер Билл Гейтс адамзаттың компьютерлік болашағы жайында бірнеше болжамын жариялады.
Оның айтуынша, енді бір жеті жылдан соң пернетақта мен тінтуір (мышка) жайына қалып, оның орнына жазуды өзі оқып, өзі жаза беретін, айтқан бұйрығыңды қалтқысыз орындап, әңгімеңді түсінетін жаңа операциялық жүйе іске қосылатын болады. Қазір көптеген адамның қолында бұйрығыңды бұлжытпай орындайтын ұялы телефондардың жүргенін ескерсек, әлгінің ауылы тіпті жақын деу керек.
Сонымен, 2030 жылы... Компьютерге диктовка жасап, ауыздан шыққан сөзіңізді еркін жаздыра бересіз. Қысқасы, компьютер көптеген функция орындайтын сіздің жеке хатшыңызға айналады. Адамдар қолына микрочип орнатып, секунд сайын компьютер денсаулығы жөнінде ақпарат беріп отырады. Осылайша, ағзаға қай жерден қандай вирус шабуылдап жатқанын адамның өзі кәдімгідей біліп, аурудың алдын алып, сақтанып отырады.
Ай ғаламшарында пайдалы қазба байлықтар өндіру басталады. Гендік инженерияның көмегімен бізге фантастика болып көрінетін өсімдіктер мен жануарлар өсіріле бастайды. Мәселен, бір талының салмағы бірнеше келі тартатын помидор мен үлкендігі қойдан кем түспейтін тауыққа ешкім таңғалмайтын болады. Генетиктердің көмегімен жарық дүние есігін ашатын нәрестеге ата-аналарының келісімі арқылы алдын ала жынысы, салмағы, шашы мен қасы-көзінің түсі, т.б. таңдалады.
Тіпті ата-ана баласының болашақта қандай мамандық иесі – ғарышкер, спортшы, әнші, жазушы т.б. болғанын қалайды – оны да болашақ сәбидің геніне енгізіп береді. Қай ата-ана ұрпағының жаман болғанын қалайды дейсіз, бәрі де ұрпағының басқаларға қарағанда күшті, ақылды, қу болғанын қалайды. Осылайша, кибернетиканың көмегімен адамға тән әлсіздіктерден арыламыз деп, болашақта мейірімсіз, қатыгез ұрпақ өсіп шығуы да бек мүмкін.
Жер бетіндегі температура 2 – 2,5 градусқа көтеріледі. Канаданың оңтүсті – субтропикаға, ал АҚШ-тың оңтүстігі шөл далаға айналады. Оңтүстік-шығыс Азия, Жапония мен Ұлыбритания аумағының 15 пайызы суға кетеді.
Әлсіз елдерге көмектесу тоқталады. Экология деген сылтаумен ондай елдердің жері әлемдік қорыққа айналдырылады.
2045 жылы кез келген адам өзінің қартайған не істен шыққан органдарын жаңасына ауыстыра алатын болады. Жасанды жүрек, бүйрек, өкпе, тіпті жасанды ми қолданысқа дендеп енеді. Қазірдің өзінде жасанды қол мен жасанды аяқ жасалып қойғанын ескерсек, бұл айтылғандарға да жетеріміз анық.
Нәтижесінде, адамзаттың орта жасы қазіргі 40-тан 80-ге дейін өсетін болады. Орта ғасырда адам жасы орта есеппен 35 жыл болса, бүгінде ол 58-65 жас, ал дамыған жекелеген елдерде 90-ға жетіп отыр. Мамандар экологиялық қолайлы жағдай туғызылса, адамзаттың орта жасын 100-ден еркін асыруға болатынын айтады.
Нанотехнологияның көмегімен физикалық денеге мәңгілік өмір сыйлау үміті жанданады. Мәселен, қазірдің өзінде кез келген тірі клетканың ішіне қартаюды болдырмау үшін нанороботтар жасап жіберу жұмысының қызып тұрғанын ескерсек, жоғарыдағы киборг жобаның іске асуы әбден мүмкін.
Киборг – кибернетикалық және органдық синтез. Осы арқылы мәңгілік өмір болмаған күнде де, адам өмірін недәуір ұзарту қолға алынбақ.
Технология қарыштап дами берсе, адамзат шынайы өмірден виртуалды өмірге біржола көшуі мүмкін. Түптің түбінде оқымыстылардың басын сындырған сұрақ шындыққа айналып, адамның орнын машина біржола тартып алса, адамдарды ғарышқа аттандырудан басқа жол қалмайтын шығар. Бұл – адамзат баласын биологиялық түр ретінде жойылып кетуден сақтап қалудың жалғыз жолы. Ғаламдағы миллиардтаған планетаның ең болмағанда біреуі адамзаттың өмір сүруіне мүмкіндік беретін шығар.
2030 жылы Марс ғаламшарында алғашқы адамдардың базасы салынады деген жорамал бар. Не десек те, болашақта адамзат баласы мультипланеталық биологиялық түрге айналып, бір планетадан екінші планетаға ұшып барып жүруі әбден мүмкін. Ол мекен Марс бола ма, Ай мен Венера бола ма, Шолпан бола ма, белгісіз. Кейбір ғалымдар Ай мен Марс емес, болашақта адамзатқа қоныс Венера планетасы болатынын айтады. Онда қазір температура Цельсий бойынша 400 градустан асады. Венера өз осін өте жай айналады. Жердегі бір күн онда жердегі бір жылмен тең. Оқымыстылар ол планетаны астероидпен мақсатты түрде бомбаласа, нәтижесінде, шаң көтеріліп, қажетті температура пайда болатынын айтады. Сондай әдістермен Венераның жүрісін тездетуге де болатын сияқты. Оған қанша уақыт кететінін айтуға әл-әзір ғылым дайын емес.
Инновациялық технологияның қарқындап дамуы арқасында ғалымдар жақын болашаққа болжам жасау арқылы адам баласы ХХІ ғасырда қандай өзгерістердің куәсі болатынын Skeptical Science қоғамы жылдық көрсеткіштермен реттеп шығарыпты. Оның бірсыпырасы мынадай. 2018 жылы жасанды қан ресми сатылымға шығады, бұл спортшылардың екінші тынысын ашады, бірақ әлемдік жарыстарда түрлі даудың туындауына себепші болады делінеді. 2019 жылы синхронды аударманы қамтамасыз ететін аппараттар құлақтың ішіне қондырылса, 2020 жылы электрокостюмдер әлемдік сәнге айналады. Одан соң жолаушыларға арналған ұшқышсыз ұшақтар жүре бастайды. 2024 жылы электронды мектептердегі алғашқы оқу жылы басталады. Ал 2025 жылы реактивті таксилер әуедегі транспорттың сапалық деңгейін бір сатыға көтереді. Болашақта қарапайым дөңгелекті қаламсаптар тек жазып қана қоймай, әріптерді танитын болады. Олар сіздің дұрыс жазуыңызды бақылайды. 2034 жылы өзін-өзі қайта өңдей алатын бетондардың арқасында ғимараттарды қайта жөндеуден өткізу қажет болмайды. 2036 жылы Нью-Йоркта соңғы киносеанс өтеді. Осыдан кейін кинотеатрлар өз жұмысын тоқтатады. 2043 жылы дәстүрлі отты қарулардың орнын альтернативті биохимиялық қарулар басады. 2050 – соңғы жанармаймен қамдау орталығы жабылады. Енді барлық көлік сутекпен жүреді. 2056 жылы көліктерді қашықтықтан жөндеу іске асырылды. Енді механиктер үйде отырып, тапсырыспен көлік жөндейді. 2058 жылы жерасты қалалары бой көтере бастады. 2060 жылы таза ауаға салық төленетін болады. 2061 жылы Жердің халқы 10 миллиардқа жетеді. 2064 жылы жердегі тіршіліктің баламасы бар ғаламшар табылады. 2071 жылы уақыт бірлігі жиілей түседі. 2075 жылы иероглифтерді оқи алатын машина майялардың жазбаларын оқиды. 2076 жылы адамдардың өзіне диагноз жасауы және өзін-өзі емдеуі дәріханалардың жабылуына себеп болады. 2077 жылы жаңа төлқұжат адамның ДНК ақпаратын сақтайтын болады. 2078 жылы сахараның жерасты теңізі ашылғаннан кейін, шөл туристік аймаққа айналады. 2079 жылы дәрігерлер донорлықпен айналысуды тоқтатады. Себебі, енді кез келген адам ағзасын биохимиялық жолмен өсіруге болады. 2081 жылы адамдар Марсқа біржола көше бастайды. 2082 жылы нейрондарды егу арқылы адамның жадысын қайта қалыптастыруға мүмкіндік пайда болады. 2084 жылы бірде-бір етпен қоректенетін адам қалмайды. Барлық адам баласы вегетариан атанады. 2085 жылы смартфондар мүлде қолданыстан шығады. 2087 жылы БҰҰ тілі (жасанды тіл) жалпыұлттық болып табылады. 2088 жылы Токиода жасанды сана қолданысқа енгізіледі. 2092 жылы төлем карталары қолданыстан мүлдем шығады, себебі адамдар қолына басылған ДНК тетік арқылы төлейтін болады. 2093 – Жердегі барлық түрме Шолпан ғаламшарына ауыстырылады. 2094 жылы Марс атмосферасында өсірілген алғашқы раушан Жерге жеткізіледі. 2095 жылы адамдар гаджеттерден электронды мобильділікке толық көшеді. 2096 жылы білімді тікелей санаға енгізуге мүмкіндік болады. 2099 жылы теңізде жүзетін қалалар пайда бола бастайды.
(Тақырыбы өзгертілген)