Ғарыш тақырыбындағы фантастикалық әңгімелерге бәйге жарияланды
Бүгіннен бастап Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен адамның ғарышқа алғашқы сапарының 50 жылдығына орай, жастар арасында «Байқоңыр-2011» атты халықаралық фантастикалық әңгімелер байқауы басталды. Кеше елордадағы «Назарбаев университеті» АҚ ғимаратында осы мәселеге қатысты арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті.
«Байқоңыр» қоғамдық сыйлығы бұған дейін 1 наурыз бен 11 сәуір аралығында мектеп оқушылары арасында республикалық байқау жариялаған болатын. Ғарыш тақырыбын қамтитын балалар арасындағы қиял-ғажайып әңгіменің бәйгесіне барлық дерлік облыстан мектеп оқушыларының шығармалары жолданып, ұйымдастырушылар мектептегі бүлдіршіндердің қызығушылығын жоғары бағалады. Оның ішінде ғарышқа сапар төңірегіндегі туындыларға Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарының өрендері ерекше белсенділік танытыпты. «Байқоңыр-2011» фантастикалық әңгімелерге қазылық жасайтындар құрамына Қазақстан мен Ресейдің танымал фантаст-жазушылары кірген. Сонымен бірге, баланың ойын ұшқырлап, қаламгерлігіне қолдау болатын мұндай игі бастамаға отандық фантаст-жазушылар Андрей Хуснутдинов, Орынбай Жанайдаров пен Абдулхамид Мархабаевтар да қолдау білдірген. Жалпы, ғарыш күні қарсаңында фантастикалық әңгімеге бәйге жариялаудағы мақсат Қазақстанның фантаст-жазушыларының жаңа буынын қалыптастыру, осы бағыттағы шығармаларды сапалы мазмұнмен толықтыру болып табылады. Бәйге 12 маусымда аяқталады. Бәйгеден озық шыққандардың туындысы Қазақстандық фантастикалық әңгімелердің тұңғыш жинағына енеді.
Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:
Қазақстанда қолға алынған индустриялық-инновациялық салаға ең алдымен білімді де білікті азаматтар, солардан туатын жаңа идеялар керек. Мемлекет басшысы алдағы мақсаттар туралы айтқан кезде де «абсолюттік инновация» дегенге баса мән берді. Ал әлгіндей «абсолюттік инновацияның» басым жағдайда фантазия арқылы жүзеге асатыны – шындық. Сонымен қатар қазақтың ықылымнан бергі тарихы, фольклоры фантастикадан кенде емес. Сондай фольклорлық фантастиканың бәрі шынайы өмірге, кезіндегі ертек әңгіме, нақты мысалға ұласып жатыр. Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағы да – соның айғағы.