Бүгінгі таңда әлемнің ғалымдары энергияның жаңа көзін жыл өткен сайын іздестіріп келуде. Сарқылмайтын дүние жоқ. Ядролық энергияның да түгесілетін уақыты жетеді. Себебі уран да сарқылатын отынға жатады. Ал Қазақстан, өздеріңіз білесіздер, ядролық отынды шикізат күйінде экспорттаушы мемлекеттердің алдыңғы қатарында. Былайша айтқанда, еліміз – ең ірі ядролық отын жеткізуші мемлекеттердің бірі. Сондықтан да біз үшін бірінші мәселе – шикізат күйіндегі отынды дайын өнім ретінде шығару. Екінші мәселе – энергияның жаңа көзін табу. Ал ғалымдардың есептеуінше, энергияның келесі көзі термоядролық энергия болмақ. Сол үшін де еліміздің ғалымдары он жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықта қазақстандық материалтанушылық токамак (ҚМТ) жобасын жүзеге асырып жатыр.
Кеше Назарбаев университетінде «Қазақстандық материалтанушылық токамак жасау инновациясы. Ғылыми зерттеулер және халықаралық әріптестік» атты халықаралық семинар басталды. Семинардың мақсаты – осы жобаның аясында, атап айтсақ, басқарылатын термоядролық синтез, токамактар физикасы және термоядролық материалтану салаларында шетелдік ғалымдармен пікір алмасу, сондай-ақ халықаралық зертхана құру.
Естеріңізде болса, осыдан тура бір жыл бұрын қазақстандық материалтанушылық токамакта бірінші плазма алынған болатын. Қазір токамакты физикалық тұрғыда іске қосу үшін және кешенді түрде эксплуатациялау үшін тәжірибелер жасалып, жұмыстар жүргізілуде.
Осы жерде айта кету керек, қазақстандық токамак – материалтану саласындағы есептерді шешуге арналған әлемдегі жалғыз токамак. Сондықтан да біздікі ХХІ ғасырдың ең перспективалы токамактар тізіміне кіріп отыр. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарайтын Атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикиннің айтуынша, бұл токамактың құрылысы келесі жылы толық аяқталып, іске қосылады.
«Токамак қалыпты жұмыс жасай бастаған соң, халықаралық зертхана құру керекпіз. Зертхана құрылғаннан кейін ғылыми зерттеулер жүргізілетін болады. Одан жақсы нәтиже күтеміз деген сенімдемін», – дейді Тимур Жантикин.
Халықаралық зертхана құрылса, тәжірибелік кешеннің мүмкіндіктері артады. Яғни материалдарды, компоненттерді, түйіндерді, элементтерді дұрыс қойып, термоядролық реакторлар жүйелерін сынау ғылыми бағдарламаларын оңтайлы жүзеге асыруға жағдай жасайды. Бұған қоса, конструкционалды материалдарды сынау әдістерін өңдеуге және өлшемдер мен тәжірибелерден алынған нәтижелердің әдістемелік базасын құруға мүмкіндік туады.
Жалпы, ҚМТ жобасының сәтті іске асуы – атом және термоядролық энергетикасын пайдалану саласында еліміздің тәжірибелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ресейдің «Курчатов институты» ғылыми орталығы федералды мемлекеттік мекемесінің президенті, академик Евгений Велихов біздің токамакқа жоғары баға беріп отыр. «Мен мынаны айтқым келеді. Бұл токамак бірлесіп жасаған жұмысымыздың нәтижесі деуге болады. Сондықтан да бұл – бірегей токамактың бірі. Физикалық параметрі жағынан да бірегей. Расын айту керек, мұндай құрылғы ТМД елдерінде ғана емес, әлемде де жоқ. Себебі плазманың бетіндегі құбылыстарды, атомдық процестерді зерттейтін арнайы мамандандырылған токамак әлемде бірінші десе де болады», – дейді ол.
Ғалымдарымыз термоядролық энергия көзін алуға шындап кірісе бастады
Последние статьи автора