Осыдан тура бір ай бұрын Қайым Мұхамедханов тұрған үй қабырғасына қойылған ескерткіш-тақтаны белгісіз біреулер жөндеуге келместей еткен еді. Енді қаскөйлер абайтанушы ғалым жерленген бейітті бүлдіріп кетті. «Бұл – ұлы тұлғаға қарсы бағытталып, әдейі жасалған кезекті вандализм!» – дейді ғалымның ұлы Қанағат Мұхамедханов.
«Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям, Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?! Тарта гөр, Семейімнің топырағы, Төстіктей жеріңе мен еркін сыям...». КАРЛАГ-тың азабын тартып, тас қапаста жатқанда туған жерін аңсаған ақынның жүрегінен осындай өлең жолдары туып еді...
Ғалымның зиратында осы сөздер ойылып жазылған және ақын бейнесі кескінделген мәрмәр тасты белгісіз біреулер жұлып алып, жерге тастапты. Цемент тұғырын бүлдірген. Бір ауыр затпен соққылаған тәрізді. Қаскөйлер зираттың темір қоршауларын сындырып кетіпті. «Бұл – ұлы тұлғаға қарсы әдейі жасалған кезекті вандализм!» – дейді ғалымның ұлы. Өйткені Қайым Мұхамедхановтың кескіні бейнеленген ескерткішке қасақана шабуыл осыдан бір ай уақыт бұрын орын алған болатын.
Қайым Мұхамедханов Семейдегі Ибраев көшесі 155-үйде 1944-2004 жылдар аралығында тұрған. Төл әдебиетіміздің тарланы осы үйде өмірлік шығармаларын жазды. «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған!» деп, ұлтымыздың ғасырлар бойғы арманын өлең шумақтарына сыйдырған Қазақ КСР-інің тұңғыш Әнұранын да осында тұрғанда қағазға түсірген еді.
Қанағат Мұхамедханов, Қайым Мұхамедхановтың ұлы:
– Тәртіп сақшылары ескерткіш тақтаны бүлдірген адамдарды іздестіріп жатыр. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Бұл вандализмге қатысы барлар табылып, жазаланатынына үміттенемін.
Қайым Мұхамедхановтың ескерткіш тақтасы бұзылғалы көңілі жай таппай жүрген Қанағат Мұхамедханов мамырдың 11-і күні әкесіне құран бағыштауға зират басына келді. Бүлінген зиратты көріп, төбесінен жай түскендей болды. Бірден жергілікті әкімшілікке хабар берді. «Соңғы рет осында желтоқсан айында келгенде бәрі орнында тұрған. Қаскөйлердің мұны әдейілеп істегені көрініп-ақ тұр. Өйткені маңайдағы зираттар мен олардың қоршаулары дін аман, – дейді ғалымның ұлы. – Бейнесі кескінделген плита тұғырынан құлап қалған. Тұғырының өзі бүлінген. Қоршауының темірлері ауыр затпен ұрып құлатылған. Бұл кезекті вандализм деп ойлаймын».
Қайым – ақын, жазушы, ағартушы, драматург, абайтанушы ғалым, Алаштың арысы. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, құрметті профессор. Ұлтының тәуелсіздігін аңсаған қазақ зиялысының мәңгілік мекенінің ойрандалуы жауапты орындардың назарын аударуы тиіс. Қазақ қайымын ардақтай алмаса, ертеңгі ұрпақ алдында мәңгілік қарабет болары анық.
Ғалым Қайымның қабірін қиратқан кімдер?
Последние статьи автора