Белгілі қазақ қаламгері Балғабек Қыдырбекұлы бір еңбегінде мынадай қызық деректі көлденең тартады. Жетісу өңірінің шекаралас аумағында бір жылан тіршілік еткен. Өзі тым сирек кездеседі екен. Содан шығар, аңшылар оны тек атып алады. Терісінің бағаланғаны сонша, бір жыланды жүз елу жылқыға айырбастаған деседі. Жазушы бала кезінде «жұпар» деп аталған осы жыланның терісін көргенін, ондай хош иісті одан кейін еш жерде сезбегенін жазады.
Жұпар туралы жазбаша деректер Махмұт Қашқаридің, Әбу Райхан әл Бирунидің, Жүсіп Баласағұнның еңбектерінде де кездеседі. Баяғыда атам қазақ жануарлардың жұпар бездерін алып, кептіріп, сандықта сақтаған. Кепкен кесіндісін арнайы шүберекке орап, қыз-келіншектер тұмар етіп тағатын болған (8 Наурыз мейрамы сол кезде болса, еркектер әтір орнына осындай жұпарды сыйлар ма еді, бәлкім). Сондай-ақ құндыздың жұпар безінен алынатын хош иісті сұйық затты халық арасында «құндыз қайыр» деп атайды. Ол да өте қымбат. Қазір де әтір, сабын, сусабынға олардың иісі ұзақ сақталуы үшін қосылады. Кезінде парфюмші Эрнест Бо атақты әтірін дүниеге әкелмес бұрын сан алуан иісті сапырылыстырып, бір жыл бойы тер төккен көрінеді. Ақыры бірнеше әтірді Коко Шанельдің қолына ұстатқан. Коко бесіншісін таңдапты. Қазақтың «жұпарын» білгенде, әлгі Эрнест Бо өзге иісті іздемей, соған жармасар ма еді, кім білсін?
Табиғи «әтірдің» жұпарынан ләззат алған әжелерімізге қарағанда біздің халіміз мүшкілдеу. Сырттан әкелінетін иіссуды місе тұтуға тура келеді. Олардың сапасы қандай, құрамында не бар, денсаулыққа зияны бар ма, ол жағына бас қатырып жатқандар некен-саяқ.
Бір жағынан мұрын шүйіруге әтір жарнамасын жасаушылар мұрсат берер емес. Құдды әйел сезімінің нәзік қылын шертудің шебері дерсің. Мереке қарсаңында теледидардан өтіп жатқан әтірлер «шеруі» қыз-қырқынның есін алып, дымын құртып барады. Көрген сайын өзі де сондай сұлу, қылықты болғысы келеді. Сол әтірі құрғырға қолы жетсе, тап сол жарнамадағы бикеш секілді еркек біткеннің көзқұртына айналатындай үздігеді. Әйел затының хош иісті суға толы сауытты қолға алғанда нендей сезімді бастан кешіретінін түсінбесе де, ерлер қауымының әтір сыйлауға дайын тұратыны содан шығар. Өйткені құйттай құтының ішіндегі сиқыр сүйіктісінің көңілінен шықса, еңбегінің зая кетпегені. Ал шықпаса ше?
Мереке қарсаңында қаланың қақ ортасындағы француз үйіне кіріп-шықтық. Барлаушы есебінде. Жұпар патшалығында әтірдің көптігінен де, иісінен де, бағасынан да бас айналады. Қолынан өнері тамған Christian Dior, Chanel, Nina Ricci, Gucci, Hugo Boss сияқты есімдерді еншілеген бөлім де көп. Арзан баға жоқ мұнда. Бес мың теңгеден басталып, жиырма мыңнан асып түседі. Одан әрмен «ұшқан» баға да жеткілікті. Бірақ қымбат баға тауардың түпнұсқа екеніне кепілдік бере ме? Chanel бөліміндегі үріп ауызға салғандай сатушы «мынау шынымен Франциядан ба?» деген сауалға «әрине» деп кәдімгідей намыстанып қалды. Өздері жайында айтылып жүрген қаңқу сөз құлағына жеткен болу керек.
«Шын» мен «жалғанның» ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратуға арналған кеңес көп. Соның бірнешеуіне тоқталайық.
Қорап картоны тығыз, сыртындағы жазуы айқын, сапалы болуға тиіс. Штрих код болуы міндетті. Made in Franse деген жазудың орнына жай әшейін Franse деп жаза салса, онда шыққан тегі күмәнді. Қолымыздағы қорапта бәрі дұрыс секілді. Тек сыртындағы жылтыр қағаз аздап күдік туғызды. Әлгі «ережеге» сәйкес, ол өте жұқа болады. Ал мынау қалыңдау сияқты. Әлде тым шікәмшілміз бе?.. Сосын тағы бір есте сақтайтын нәрсе, француздар ылғи да parfum деп жазады, parfume деген жазуды көрсеңіз, демек, ол жалған өнім.
Көшірмеден сақтау үшін белгілі фирмалар әтір сауытын сапасы жоғары шыныдан немесе хрустальдан жасайды. Өйткені тұрпаты ерекше сауытты көшіру технология жағынан күрделі, әрі қымбат.
Нағыз иіссудың қалпағы тек шыныдан (ешқашан металдан емес) жасалады. Білгіштердің тағы бір кеңесі – әтірді тоңазытқышқа салып көру керек. Егер лайсаң тартса, онда көшірме екендігінде дау жоқ. Бірақ оны кейін қайтара алмассыз. Өйткені әтір кері қайтаруға болмайтын тауарлар тізімінде. Сондықтан сатып алмас бұрын, өте мұқият болған жөн. Ол үшін тауардың сертификатын талап ету керек. Мұндай құжат тек бір өнім түріне беріледі. Демек, сертификатта бірнеше атау жазылмауға тиіс. Сосын шын сертификаттағы мөр көшірме емес, «жанды» болуы қажет.
Кейде «көшіргіштер» әтір өндірісінде этил спиртін метилге ауыстырып жіберетіндіктен, жасанды әтір құрамында аллергия тудыратын зат болуы мүмкін. Мұндай иіссу ерінге тиіп кетсе, улану оп-оңай. Айта кету керек, көптеген әйгілі фирмалар өз өнімін шығару құқығын үшінші елдердегі өндірушілерге беріп қойған. Олардың сапасына шек келтірмеуге әбден болады. Алайда «голланд құйылмасы» деген атауға ие көшірме де көп. Базардағы бутикте сатылатын «француз» әтірлері солар. Қаладағы шағын базардың бірнешеуінде әлгі орталықта көрген әтірдің барлығы дерлік самсап тұр. Бағасы да сол шамалас. Сатушы сендіргендей, нағыз «оригинал». Әйгілі кутюрлердің өнімін киім-кешек базарында жүгіріп жүріп сататындар да бар. Олардың бағасы, әдетте 1000-1500 теңгеден аспайды.