Францияда өмір сүруге қанша қаражат керек?: Қазақстандық дизайнер
Париждегі отандасымыз, дизайнер Данира Катар, Дания, Ангола, Францияда отбасымен тұрған. Жиі көшіп, тұрғылықты мекенін ауыстыру кейде қиын болса да, әр жерден үлкен тәжірибе жинап, сол елді тануға мүмкіндік бар, дейді ол.
stan.kz редакциясына берген сұхбатында Данира өзі тұрған елдердің, көп пәтер ауыстырудың ерекшелеліктері мен Францияда тұруға шамамен қанша қаражат кетіні жайлы айтты.
Қазір Данира қазір үш жастағы баласы және жұбайымен Парижде тұрып жатыр. Көп елге саяхаттап барып тұрады. Күйеуі мұнай саласында инженер боп қызмет еткендіктен, жұмыс бабымен әртүрлі елдерге баруға тура келеді.
Қазақтар баяғыдан жылтырға, әдеміге құмар болған
Бала кезден дизайнер болуды армандадым. Бірақ негізгі мамандығым - туризм. Интерьер немесе киім дизайнері болатынымды сезетінмін. Қазақстандық Т. Жүргенов академиясына түсе алмадым, себебі көркем өнер мектебін толыққанды бітірмеген едім. Кейін күйеуге шыққан соң дизайнер боламын деп нақты шешім қабылдадым. Ангола мемлекетінде тұрып жатқанымда Мәскеу дизайн университетінде онлайн бір жыл білім алдым. Дизайн әлемінде болып жатқан нәрселерге мониторинг жүргізіп, бақылап отырамын. Алғаш рет өз пәтерімді сатып алған соң оның дизайнын жасадым. Осы арқылы блог жаза бастадым. Қазіргі уақытта өзімнің интерьерге байланысты блогым бар. Кейде жеке консультациялар болып тұрады, одан бөлек дизайн интерьеріне байланысты курс дайындап жатырмын. Мен қазақстандықтардың тұрғылықты үйлеріне көп көңіл бөлгендерін, олардың өзіндік талғамы қалыптасқанын қалаймын. Меніңше, қазақтар баяғыдан жылтырға, әдеміге құмар болған. Қазақ үйлердің өзінде қаншама ою-өрнек, әдемі әшекейлер болған. Осы орайда қазір де көп қазақ жылтыр нәрсеге құмартатынын байқауға болады.
Менің курсым әдемі дизайн жасап, жайлылық сезінгісі келетін орта таптағы әйел, қыз-келіншектерге арналған. Көбі дизайнер жалдап қыруар ақшасын сала алмайтыны белгілі, сондықтан өз бетімен дизайн жайлы мәлімет, қажетті ақпарат алу үшін осы нәрсемен айналысып жатырмын.
Анголада екі жарым жыл тұрдық, мәдени шок алдық
Күйеуім екеміз Алматыда оқыдық, студент кезіміде таныстық. Университетті бітірген соң бір жылдан кейін Катарға көшіп кеттік. Бір жылдай Катарда тұрдық, кейін Данияның астанасы Копенгагенге көштік. Даниядан Ақтауға көшіп келдік, онда жарты жылдай тұрдық. Осыдан кейін күйеуіме Африканың Ангола еліне баруға жұмыс бабымен ұсыныс түсті. Ең ұзақ уақыт Анголада екі жарым жыл болдық. Шынымен де мәдени шок алдық: бірінші күннен әуежайдан түскенде қонақүйге жеткенше жолда баспанасыз мүгедектерді көрдім, олар сондай көп еді. Анголада 30 жылдай азамат соғысы болған, біз келген жылы соғыстың тоқтағанына небәрі он жыл өткен. Қорқынышты көрініске тап болдық. Халықтың өзі мейірімді болса да, ел ішінде өте қауіпті. Біз сияқты ақша табуға, жұмыс істеуге келгендер көп. Жергілікті халық үшін ақ, сары адам болсаң, сенде ақша бар екені белгілі. Сені көшеде тонап кетуі де ғажап емес. Құдайға шүкір, біз ондай жағдайға тап болмадық. Алайда күйеуімнің қызметкерлеріне шабуыл жасалған кездер болды: тапанша тақап, ақша, телефондарды тартып алатын. Көшеде жәйбарақат жүре алмайтын едік. Елге келгенде бастапқыда мұны білмедік. Есімде қалғаны: қонақүйден шығып, өзіме түскі ас алып келемін деп банкоматқа бармақшы болдым. Осы кезде көшеде бар адамның көзі маған түсіп тұрғанын байқап, өзімді жайсыз сезіндім.
Жергілікті ұлт болмаған соң, маған қарап ысқырып, айқайлағанда, біртүрлі болдым. Кейін бізге қалада бұлай жүруге болмайтынын айтты. Келгенімізге бір-екі күн болғанда, күйеуім екеуміз далаға шығып тағы да келеңсіз жайғдайға тап болдық. Артымыздан үйсіз, есінен алжасқан ер адам қуып, одан әрең қашып құтылдық. Осындай жағдайға қарамастан, бізге Анголада барлық жағдай жасалды, пәтер де берілді, сондықтан 2 жарым жылдай тұрыппыз.
Біз қарапайым орта таптың қазақтарымыз, бізге де үйге ақша жинауымыз керек еді. Сондықтан бізге ұсынылған барлық мүмкіндікті пайдаландық.
Әке-шешеміз бізді қамтамасыз етіп, жағдайымызды жасап берген жоқ. Бізге Анголаны, Африканы білу, тану маңызды болды. Жәй ғана барып көру мен тұру екі бөлек нәрсе ғой. Мұндағы өмір үлкен тәжірибе болды, қызықты естеліктер көп. Бұл елде Атлант мұхитына тамаша көрініс ашылады, кішкене мейрамханалары қауіпсіз, теңіз өнімдері арзан. Бұл ел жайлы тек жақсы естеліктер ғана қалды. Тағы бір рет қуана-қуана барар едім. Ангола Португалияның коллониясы, жергілікті тілі - португал. Намибияда жағдай кішкене жақсырақ, онда да жергілікті халық керемет ақша таппаса да, өмір сүру деңгейі Анголамен салыстырғанда жоғарылау.
Көбісі Франция дегенде тек Парижді елестетеді
Соңғы екі жыл Алматыда тұрдық, ақпанның басында Парижге көшіп үлгердік. 8 ақпанда ел жабылды. 2013 жылы Парижде үш айдай тұрғандықтан, екінші рет келгенде елге үйренісу қиын болған жоқ. Жақында ғана 15 маусымда Франция басқа елдер үшін шекарасын ашты.
Көбісі Франция дегенде тек Париж деп елестетеді: Эйфел мұнарасы, круассандар деп ойлайды. Негізінен Францияның оңстүтігі, Ницца қаласы, Монако мүлдем өзгеше.
Тұрғылықты орын ауыстыру, көшу әр кез сайын стресске әкеледі. Екінші рет Францияға келгенді бір байқағаным, түрлі ұлттардың миксі болды. Мұнда аралас некені жиі кездестіресің, бет-әлпеті өзгеше адамдарды көп көресің. Бір жолы жасыл көзді, еуропалық нәсілді, бірақ қара торы, африкалық шаш үлгісіндегі жеткіншекті көргенде сүйсіндім және мұндай адамдар өте көп. Көшеде кетіп бара жатқан бір топ жасқа назар аударсаң, бәрі әртүрлі ұлттың адамдары және бір-бірімен сондай тату. Мұндайды Америкада кездестірмеген мен үшін Францияда осы көріністі көру таңғалдырды. Демек Франицяда өзге ұлттарға толеранттылық жоғары екенін көреміз.
Францияда қазақтар көп
Францияда қазақтар да көп. Туристік орындарда, дүкенде қазақтарды кездестірген кездер болды. Ұлым Алимді қарауға қазақ студент қызды жұмысқа алдым. Әзірге карантин болғандықтан қазақтармен кездесіп, сөйлесуге мүмкіндік болған жоқ. Анголада қазақтарды мүлде кездестірген жоқпын. Францияда репрессия кезінде көшіп келген қазақтар да жетерлік. Біздің бір танысымыз осындай "француз қазақтарымен" тілдескен екен. Олар қазақ тілін жақсы сақтап қалған, тіпті ағылшынша, орысша білмесе де, таза қазақша және французша сөйлейтін көрінеді. Қазір "француз қазақтарымен" танысқып келіп жүр.
Париже өмір сүру үшін кем дегенде айына 2000 евро керек
Мұнда өмір қымбат. Тамақтың, азық-түліктің өзіне орта есеппен бір айға 1000 евро (шамамен 457 мың тг) кетеді, бұл мейрамхана, сырттан тамақтануды қосып отырған жоқпын. Екі адамның тамақтануына шашамен 100 евро (45 689 тг) шығады.
Пәтер, үйге шамамен 2000 евро (913 651тг) кетеді. Бізге пәтерді күйеуімнің компаниясы ұсынды. Өйтпегенде, мұнда өмір сүре алмайтын едік. Коммуналды қызметтерге 300 евродай кетуі мүмкін. Жалпы алғанда Францияда ары-бері шығынды, тұрғылықты жерді қоспағанда кем дегенде айына 2000 евро кетеді.
Мұнда азық-түлік қымбат, өмір сүру қымбат болғанымен, сәйкесінше жалақы мөлшері де жоғары.
Буэнос-Айрес - Америка стиіліндегі кішігірім Еуропа
Жайлы өмір жағынан Копенгаген ұнады. Қауіпсіздік деңгейі жоғары, түнде көшеде жүре беруге болады. Біреу затыңды ұрлап кетеді деп қорықпайсың. Балалар үшін де қауіпсіз орын, әрбір жерде балаларға арналған аула бар.
Барған елдерімнің арасында Аргентина ерекше ұнады. Буэнос-Айрес - тамаша қала, Анголада тұрғанымызда Аргентинамен бізді мұхит қана бөліп жатты. Мұхитты кесіп өтіп, Буэнос-Айреске барғанымызда маған бұл жер Америка стиіліндегі кішігірім Еуропа сияқты әсер қалдырды. Әртүрлі ұлттар тоғысқан мекеннің өзіндік мәдениеті таңғалдырды. Бұл елден мұндай әсер алам деп күтпедім.
"Мұнда әйелдер тәуелсіз, ер адамдармен бірдей деңгейде ақша табады"
Бір жолы күйеуім екеумізге бесікарбаны өткелден көтеріп өту керек болды. Бірінші мен өтіп, содан соң күйеуім маған оны беріп жібереді деп ойладым. Сонда қасымыздан өтіп бара жатқан бір топ 15-16 жастағы жеткіншек ішінен бір жасөспірім қыз жүгіріп келіп, арбаны көтерісіп "Қане, көмектесейін" деп қол ұшын созды.Түсінбей қалсам да, ниетін қабыл алдым. Демек бұдан байқайтынымыз, мұндағы жастардың өзі бәрін күйеуі немесе әйелі істеуі керек деп ойламайды.
Бұл жерде гендерлік құқық жақсы дамыған, әйелдер өте тәуелсіз, ер адамдармен бірдей деңгейде ақша табады. Мұнда әйел үшін төлеу кемітумен тең. Әрине, өз басым кейде әлсіз болғым келеді. Қамқорлық көрсетіп, көңіліңді табуға тырысуда тұрған не бар? Кейде әйелдердің тарапынан бұл тым шектен шығу сияқты боп көрінеді.
Француздар үйленуге асықпайды, некеге кеш отыратынын білемін. 23-24 жаста үйлену олар үшін тым ерте, көбіне 30-40 жасында үйленіп жатады.
Француздармен сөйлескен қазақ қыздарынан естігенім бойынша, ер адамдары қыздарға: "Сен тым, мазасызсың. Мен саған олай көп көңіл бөле алмаймын" деп жазады екен. Себебі олар үшін әйел тәуелсіз, еркін адам және өз шаруаларын өзі шеше алады.
Әсемдікке деген туа біткен жақындық тұрғын үй стиліне әсер етеді
Маған интиутивті дизайн ұнайды, яғни әр адамның жеке көзқарасына, түйсігіне қатысты қалауын өзі шешуі. Адам өзінің қолынан жасағанынан ләззат алуы тиіс деп ойлаймын. Әлемдік сән әлемінің тенденцияларын бақылау үшін шетелдік блогтар мен ақпараттық порталдарды қараймын.
Вezeen.com, houzz, elledecor сияқты парақшалар мен сайттарды қараймын.
Еуропалықтарда байлыққа құмартуды ашық көрсетпейді, оларға бұл нәрсе жат. Қымбат нәрсе сатып алып, іліп қою деген нәрсе жоқ, ата-бабаларынан қалған заттарды ерекше қамқорлықпен сақтайды. Меніңше, бұл олардың туа сала генетикалық тұрғыдағы әдемілік, әсемдік деген нәрселерге деген ерекше көзқарасын, жақындығын көрсетеді. Осындай көркем жерде туып, мұражай, мәдени орталықтардың ортасында жүріп, әсемдікке басқаша қарайды.Туғаннан әсемдікке деген жақындықтан бөлек, айналаны зерттеп, соны сіңіру де еуропалықтардың тұрғын үйлерін жайлы етіп салуына әсер ететін сыңайлы.
4 елде 25 пәтерде тұрдым
Күйеуімнің жұмысына байланысты әртүрлі елдерге көшіп жүруге тура келді. Мен тұрған пәтерлердің бәрі әртүрлі болды. Басты түсінгенім, кез-келген пәтерден тамаша, жайлы жер жасауға болады. Бұл сенің құлшынысыңа, энергияңа, оған қанша ақша салатыныңа байланысты.
Ең сүйікті пәтерім ретінде қазіргі тұрып жатқан үйімді айтар едім. Мұнда терезеден кремет көрініс
Алматыда тұрған үйімізде өте жайлы болды. Оның дизайнын өзім жасаған соң сатар кезде көңіліміз жабырқап қалды. Жайлылық, дизайн бойынша Алматыдағы пәтерді ең жаныма жақыны деп айтар едім. Бірақ маған әрқашан терезен әдемі көріністің ашылғаны маңызды болатын. Әр көшкен сайын, пәтер ауыстарғанда көңілім түсетін дей алмаймын. Себебі мекенге бауыр баспауға тарысамын. Балам болмаған кезде көшу әлдеқайда жеңіл болатын. Қазір балам да көшіп-қонып жүруге үйреніп қалды.
Біз Алматыны сағынамыз
Францияға көп уақытқа келген жоқпыз деп ойлаймын. Біз Алматыны сағынамыз. Өзіңе жайлы жерде тұру керек деп есептеймін. Сондай-ақ әрбір адам өзін өсіріп, тәрбиелеген қоғамға еңбегін сіңіру керек. Керісінше, Алматыдан көшіп кеткісі келетіндерді түсінбеймін. Бұл біз үшін ұзақ уақытқа арналған саяхат. Алматының тауы, көктемін, ата-анам мен туыстарды сағындық.