Кәрі құрлықтағы мемлекеттердің өзге мемлекеттерге қарағанда экономикалық-әлеуметітк дамуы әлдеқайда озық екеніне ешкім дауласа қоймас. Кез келген жұрт осы кәрі құрлық Еуропа мемлекеттеріне қарап, бойын да, ойын да түзейтіні тағы рас. Іштей болса да. Себебі, еуропа елдерінің өзгеге көрсетер үлгі-өнегесі аз емес. Сондықтан. Біз тамсанып қарайтын, таңсық көретін сол еуропада мыңдаған қандастарымыз бар. Ол қандастарымыз қазақтың әлі әжетке аспаған мол потенциалы. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда. Тағдырдың жазуымен Еуропада туып, еуропаша білім алып, біліктілігі жоғары қандастарымыз тұрғанда біз шетелден квотамен мамандар алдыртып келеміз. Кейде ойлайсыз. Осы қай сасқанымыз? Еуропада білікті, жоғары білімді, алғыр қандас ұл-қыздарымызды Қазақстанға маман ретінде шақырсақ, кім қазақтың қолынан қағыпты? Одан қалды қыруар қаржыны шығарып балаларымызды шетелге оқуға жібереміз. Ал сол шетелдегі ұл-қыздарымыз қайда? Неге дайын маман ұл-қыздарымызды алдырмаймыз Отанға? «Алаш айнасы» осы мәселені қаузап көрген еді.
Құдайға шүкір дейік. Қазір Еуропада жүрген қазақ балаларының білімі, біліктілігі бізден әлдеқайда көш ілгері. Мәселен, анау бір жылы Швециядағы қазақтың бір жұдырықтай қызы Сыртқы істер министрлігінің Консулы болып Пәкістанға кеткенін білеміз. Швецияның депутаты болған қандасымыз да бар. Жалпы жіпке тізсек, осылай тізімделе берері даусыз. Ал осындай ұл-қыздарымыды, қандастарымызды қазақтың көсегесіне көгертуге кел десек, олардың «кет әрі» демесі хақ.
2011 жылғы деректер Еуропаның 10 елінде 20 мың қазақ тұратынын көрсетіпті. 2011 жылы Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына келген Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясы төрағасының орынбасары, Норвегия қазақтары қоғамының төрағасы Махмұд Башташ мырзаның отандық БАҚ-қа берген сұхбатында бұл мәселе кеңінен қозғалыпты.
«Еуропадағы 10 елде 20 мың қазақ тұрады. Олардың көбі 1960 жылдардағы экономикалық дағдарыстан кейін Түркиядан күнкөріс қамымен көшіп келген. Еуропада жұмыс күші тапшы болғандықтан олар осында жұмысқа орналасып, артынан отбасыларын да көшіріп алды. Сондай-ақ Еуропада Иран, Ауғанстан, Қытай сияқты басқа елдерден де келген қазақтар бар. Соңғы 10 жылда мұнда Қазақстан мен Ресейден де көшіп келгендер аз емес. Еуропада қазақтар ең аз тұратын ел Норвегия. Қазақстанның Норвегиядағы Консулымен кездескен кезде онда 150 қазақтың тұратынын айтты. Бұрын онда 10-15 қазақ қана бар еді. Еуропаның өзге елдері мен Қазақстаннан көшіп келгендердің есебінен олар енді 150-ге жетіп отыр. Жалпы Еуропаға күнкөріс қамымен алғашқы барғандардың көбі зауыт-фабрикаларда қара жұмыс жасап, сол жерден зейнетке шықты. Одан кейінгілері бизнеспен немесе білім алу жайымен барғандар. Еуропада осы күнгі қазақ жастарының бәрі оқып, түрлі мамандықттарды игеруде. Инженер, техник, дәрігер, мұғалім, заңгер деген сияқты әр саланың өкілдері бар» депті М.Башташ мырза. Төрағаның айтып отырғаны біздің жоғарыдағы сөзіміздің бұлжымас дәйегі. Еуропада талай қазақ баласы небір мамандықтың жілігін шағып, майын ішіп отыр. Бірақ оларды елге шақырып, ғылыми потенциалын пайдалануға келгенде әрекетсіздігіміз басым болып тұр. Бұл әрекетсіздімізді кезінде Еуропадағы қандастарымызда ашық айтыпты. Еуропаның дамыған мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қазақтар қауымдастығының басшысы Әбдірахман Шетин «Еуропадағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы жақсы. Алайда Батыстың оқуын бітірген жастарға Қазақстанға келу қиынырақ. Орыс тілінен хабарсыз жастарымыз қанша мықты мамандықты игеріп келсе де, бұл жақта оларға жағдай жасалмайды. Олар – дайын тұрған маман. Қазақ елінде «Болашақ» бағдарламасымен Еуропа мен Америкада оқып жатқандар қаншама. Бұл деген үкіметке үлкен шығын. Шалғайға шығып білім іздегендерден гөрі, сол озық елдерде тұрып оқығандар әлдеқайда білікті болары сөзсіз. Сол Еуропа елдеріндегі жастарымызды Атажұртқа тартқаны дұрыс еді. Бұл жайлы талай айттық. Жастарымыз қазақ тілінен ажырап барады. Қазақ мектептері атымен жоқ. Біздің қазақ мәдениет орталығының өзі жиналыстарды әр жерді жалға алып, қазақтың атынан өткіземіз. Орынның өзіне бір жыл бұрын тапсырыс береміз», деген болатын-ды сол кезде.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтында жарияланған деректерге сүйенсек, 1993 жылдан бастап 2013 жылға дейін «Болашақ» халықаралық стипендиясы әлемнің 33 еліндегі 200 үздік жоғары оқу орнында оқу үшін 10025 қазақстандыққа тағайындалған. 6 015 степиандант «Болашақ» бағдарламасының түлегі екен.
Ал енді шетелден квотамен келетін мамандардың статистикасына үңілейік. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға келсек, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен қазір Қазақстан Республикасының аумағында 23,7 мың шетелдік азамат жұмыс істейді. Олардың ішінде: жетекшілер мен олардың орынбасарлары - 1754 адам; салалық бөлімшелердің жетекшілері - 5066 адам; мамандар - 11060 адам; білікті мамандар - 5609 адам. Сондай-ақ, мерзімдік ауыл шаруашылық жұмыстарына 239 адам тартылған көрінеді.Сөйтіп, ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстанда жүрген шетелдік еңбек мигранттары жыл сайын кем дегенде 13-15 миллиард теңгені Қазақстаннан алып кетеді екен. Сарапшылар келтірген деректерге жүгінсек, «бір ғана Атырау облысында мұнай өңдеуші компанияларда сапа стандарты жөніндегі қазақстандық инженердің жалақысы 170 674 теңге, ал тура сондай міндет атқаратын шетелдік маманның жалақысы 1 млн 908 550 теңге. Сондай-ақ скважиналық операциялар бөлімінің бірінші деңгейдегі шетелдік инженері 2 млн 675 426 мың теңге жалақы алады. Дәл сондай қызметті атқаратын қазақстандық маманның еңбекақысы 375 823 теңге, яғни 7 есеге төмен» екен. Сонымен қатар, Қазақстанға Қытай, Түркия, Италия, Үндістан, Корей, Ұлыбритания, Украина, Өзбекстан, Молдова, Канада, Дания, Польша, Әзербайжан, Ресей, Румыния, Беларусь, Венесуэла, Филиппин елдерінен шетелдік мамандар келеді деген дерек тағы бар. Ендеше, дейді ішкі ойымыз, – сол мамандарды неге шетелдегі білікті қандастарымызды тартпасқа? Шетелдің өзі бағалап, аттай қалап қызметке шақыратын қандастарымызды біз неге бағаламаймыз? Ондайлар жоқ дегенге кім сенеді? Еуропадағы қандастар қазақтың мықты әлеуеті боларына күмән жоқ.
Бұл енді - шақшадай басты шарадай етіп ойланатын ұлттық мәселе.