Еуропада соғыс өрті қалай тұтанды?
Қанша заман өтсе де, қанша жүйе ауысса да, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер аталарымыздың даңқты ерлік шежіресі кейінгі ұрпақ жадынан көмескіленбек емес. Тарих сан мәрте қайта жазылар, бірақ ерлік еш уақытта ұмытылмайды. Күркіреп өткен сұрапыл соғыс тақырыбы аз зерттелген жоқ. Дегенмен екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақтары әлі талай тарих парақтарын аша түсері даусыз. Биыл Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай «Алаш айнасы» республикалық газеті соғыс тақырыбына арналған зерттеуші-ғалым қаламынан туған тың дерек, соны ізденістерге толы мақалалар топтамасын оқырманға ұсынуды ұйғарып отыр.
Польша қалай жаулап алынды?
Біз үшін зұлмат соғыс 1941жылы басталса, ал Еуропа халықтары соғыс қасіретін одан екі жыл бұрын бастан өткере бастаған еді. 1939 жылы нацистік Германия Польшадан Гданск (Данциг) дәлізін беруді талап етіп, бұл елге қоқан-лоқы жасай бастады. Англия Польшаның 1919 жылғы Париж бітім конференциясында белгіленген шекараларын өзгертуге жол бермейтіндігін хабарлап, Гитлердің енді көздеген жерін дипломатиялық жолмен тартып алу үмітін үзді. Осыдан кейін 1939 жылы тамыздың соңғы аптасында нацистер Польшаға қарсы бірқатар арандату әрекеттерін жасады. 25-26 тамызда неміс офицері бастаған бір топ қарулы адам Цешиндік Силезиядағы Мосты стансысына шабуыл жасады. Поляк әскерлері бұл шабуылды қайтарып тастады. 29 тамызда Тарновтағы теміржол вокзалында неміс бөлімі бомба жарып, 35 адам жараланып, 21 адам қаза тапты. Осылайша Германия соғыс ашу үшін қандай да бір сылтау іздей бастады. 31 тамызда СС штурмбанфюрері Альфред Хельмут Науйокс неміс түрмелерінде отырған қылмыскерлер тобын Силезияға жеткізуге тапсырма алды. Мұнда оларға поляк әскери киімін кигізіп, Гляйвице (Гливице) радиостансысына әкелді, радиодан пистолеттердің атысының дыбысы берілді, одан кейін «шабуылшылар тобын» СС бөлімдері жаппай қырып тастады. Осылайша «поляк әскерлері шабуылының» жалған көрінісі жасалды. Үшінші Рейхтің барлық радиолары поляктар түн қараңғылығын жамылып, Гляйвицтегі радиостансыға шабуыл жасады деп жар салды. Соғыс аяқталғаннан кейін Нюрнберг сот процесінде АҚШ-тың өкілі куәгер А.Х.Науйокстің қолы қойылған жазбаша куәлікті оқып беріп, айыптау құжаттарына қосуды өтінді. Бұл куәлікте осы жерде сипатталып отырған Гляйвиц оқиғасы суреттелген еді. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға соғыс жарияламастан шабуыл жасады. 3 қыркүйекте Ұлыбритания мен Франция Польшамен одақтастық мiндеттерiн орындау мақсатымен Германияға соғыс жариялады. Осылайша екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды.
Немістер 1,85 миллион адамнан тұратын 44 жаяу әскер дивизиясын, 4 моторланған дивизияны, 7 бронетанк дивизиясын, 4 жеңіл қаруланған дивизиясын және 1 атты әскер дивизиясын әкелді, оларда 2800 танк, 10000 зеңбірек, 2100 ұшақ болды. Поляктар оларға қарсы 1 миллиондық әскер, 880 танк, 4300 зеңбірек, 400-ге жуық ұшақпен қасқайып тұрды. Күш, әрине, тең емес еді. Шекарада ауыр шайқастар болды. 1939 жылы
8 қыркүйекте немістер Варшаваға келіп жетіп, поляктармен арадағы қырғын шайқастардан кейін, келесі күні Варшаваны қоршап алды. 1939 жылы 9 қыркүйекте Молотов Германияның елшiсi Шуленбургке телефон соғып: «Герман әскерлерiнiң Варшаваға кiргенi туралы хабарыңызды алдым. Герман империясының үкiметiне менiң құттықтауымды және сәлемiмдi жеткiзiңiз», – дедi. Неміс ұшақтары бүкіл қалаларды, темір жолдарды, ғимараттарды бомбалап, бейбіт халық пен босқындарды қырып жатты. Ал Ұлыбритания мен Франция Германияға қарсы соғыс жариялаумен ғана тынып, белсенді соғыс қимылдарын жүргізген жоқ. Польшаға одақтас елдердің бұл әрекеті екінші дүниежүзілік соғыс тарихында «оғаш соғыс» деген атауға ие болды.
Польшамен соғыс басталған бойда Германия Кеңес үкiметiне Польшаға қарсы соғысқа кiрiсудi талап еткен ноталар жiбере бастады. Алайда Кеңес Одағы Польшаның жеңiлiске ұшырауын күтiп, соғысқа жылдам кiрiсе қоймады. Егер Польша жеңiлсе, онда кеңес әскерлерiн шекарадан өткізудің сылтауын табу оңай болар едi. Шуленбург 14 қыркүйекте Германия Сыртқы iстер министрлiгiне салған жеделхатында Польшаға кеңес әскерлерiнiң енгiзiлуiн саяси жағынан негiздеу «Польшаның қирауы және орыс тектестердi қорғау» мiндетi болуға тиiстi, сондықтан Молотов немiс әскерлерi Варшаваны қашан басып алатынын хабарлауды өтiнедi деп жазды. 15 қыркүйекте немістер Варшаваны алдық деп хабарлады.
17 қыркүйекте кеңес әскерлерiнің 4 мың танк, 5,5 мың зеңбірек, 2 мың ұшақпен жабдықталған 600 мыңдық тобы Польшаның шығыс аудандарына басып кiрдi. Молотов сол күнi радиодан берiлген сөзiнде бұл әрекет Батыс Украина мен Батыс Белоруссияның халқын қорғау мақсатын көздейдi деп мәлiмдедi. Ал, шындығында, Кеңес Одағының бұл әрекетi халықаралық келiсiмдердi (1921 жылғы Рига келiсiмi; 1932 жылғы шабуыл жасаспау туралы кеңес-поляк келiсiмi; Ұлттар Лигасының жарғысы; 1928 жылғы Бриан-Келлог келiсiмi; 1933 жылғы «Басқыншыны анықтау» туралы конвенция) өрескел түрде бұзу болатын. Польша әскерінің бас қолбасшысы Э.Рыдз-Смыглы «Кеңестермен шайқасқа кірмеу, ал немістермен соғысты жалғастыру» туралы бұйрық берді. Кеңес әскерлерiнiң украин және белорус халықтарын қорғау үшiн келмегенi аталған халықтарды топ-тобымен туған жерiнен алысқа: Қазақстанға, Орта Азияға және Сібірге, зорлықпен көшiрiп жiберуiнен көрiндi. Кеңес әскерлерiнiң Польшаға басып кiруi, шын мәнiнде, 1939 жылдың 23 тамызындағы кеңес-герман келiсiмiнiң құпия хаттамасында көрсетiлген Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсудi iске асырудың бастамасы болатын. Бұл бастама немiс және кеңес әскерлерiнiң Польшаның жеңiлуiн бiрлесе тойлаған салтанатты шеруiне жалғасты. Польша әскери-экономикалық қуаты жағынан өзінен әлдеқайда басым екі мемлекетке – Германия мен Кеңес Одағына қарсы ұзақ соғыс жүргізе алмайтын еді. Алайда 15 қыркүйектегі немістердің Варшаваны алдық деген хабары жалған болатын. Варшава одан кейін де екі апта берілмей соғысты. Польшаның жеңілгендігі туралы шартқа 4 қазанда қол қойылды.
Польшаны бiрлесе отырып басып алған соң, Германия мен Кеңес Одағы ортақ шекара шегiн белгiлеуге тиiстi болды. 1939 жылы
28 қыркүйекте «Достық және шекаралар туралы» кеңес-герман келiсiмi жасалды. Бұл келiсiмде «Польша мемлекетi ыдырады, сондықтан осы жердегi бейбiтшiлiк пен тәртiптi қалпына келтiрудi Кеңес Одағы мен Германия өз мойындарына алады» деп көрсетiлдi. Келiсiмге қосымша берiлген картада Висла, Сан, Нарев өзендерiмен өтетiн сызық кеңес-герман шекарасы болып белгiлендi.
Нацистік гестапо мен кеңестік қауіпсіздік органдары Польшаның басып алынған жерлерінде ойран салды. Гданск (Данциг) дәлізі Германияға қосылды да, ол жерлерде жергілікті тұрғындарды немістендіру саясаты жүргізілді. Польшаның орталығы Варшавамен қоса Герман империясының құрамындағы генерал-губернаторлыққа айналды. Бұл жерге Гиммлер келіп кеткен соң, нәсілдік тазалау әрекеті басталды. Поляк жерінде кейін қасірет ордасына айналған Освенцим (Аушвиц) мен Майданекте концлагерьлер құрылды. 15000 поляк зиялылары, саясаткерлері, мемлекет қайраткерлері және діни қызметкерлер тұтқындалып, лагерьлерге айдалды, олардың басым бөлігі қаза тапты. 1939 жылдың аяғында Польшадағы барлық еврейлерді геттоларға қамады да, қоршаған ортасынан мүлде оқшауландырып тастады. Освенцимде шамамен 1,1 млн-ға жуық еврей қаза тапты. Кеңес әскерлерi 180-250 мың шамасындағы поляк жауынгерлерi мен офицерлерін тұтқындады. БК(б)П Орталық комитетінің 1940 жылғы 5 наурыздағы шешімі бойынша 21 857 поляк офицерлері түгелдей өлтiрiлдi. Бұл оқиға «Катынь қайғылы оқиғасы» деген атауға ие болды.
Осылайша Германия мен КСРО Польша жерін төртінші рет бөліске салды. Польшаның 389 мың шаршы километр жерінің 201 мыңы (Батыс Украина және Батыс Белоруссия) Кеңес Одағына, қалған жері (Польшаның оңтүстігіндегі Словакияға берілген аз ғана жерді қоспағанда) Германияға берілді. Сталин мен Гитлер Поляк мемлекеті жойылды деп санады. Алайда Парижге кеткен поляк үкіметі қызметін жалғастыра берді. 1939 жылдың
30 қыркүйегінде Парижде Владыслав Рачкевич Польшаның Президенті ретіндегі, Владыслав Сикорски премьер-министр ретіндегі қызметтеріне кірісті. Олар Ұлыбританиямен екі елдің соғыс-теңіз күштерінің бірлесіп әрекет жасауы туралы келісімге қол қойды. Франциямен осы жерде поляк әскерін құру туралы келісім жасалды.
Бүкіл ел тағдыры шешілген тарихи Фош вагоны
1940 жылдың ақпан-наурыз айларында АҚШ Президенті Ф.Рузвельт Еуропаға өзінің кеңесшісін жіберіп, соғысты тоқтату мүмкіндігін іздеді. Рузвельттің кеңесшісі Муссолиниден соғысты ары қарай өршітпеуге болады деген сөзді естіп, үмітпен Германияға келгенде, Гитлер оған соғысты тоқтатпайтындығы туралы үзілді-кесілді шешімін мәлім етті. 1940 жылдың көктемiне қарай Германия Батыс Еуропаны тiкелей жаулап алу әрекетін бастады. Әрине, Германияның бұл бағыттағы басты қарсыласы ағылшын-француз әскерлерi болатын.
Германия ағылшын-француз әскерлерiне қарсы соғыс қимылдары табысты болуы үшiн Солтүстік Атлантикадағы тиiмдi стратегиялық база болып табылатын Дания мен Норвегияны басып алу керек деп шешті. 1940 жылы 9 сәуірде Дания мен Норвегияның бейтараптылығын бұзып, олардың жерiне немiс әскерлерi басып кiрдi. Дания жеңiлгендiгiн бiрден мойындады. Ал Норвегия барлық қарулы күштерiн соғысқа жұмылдырып, қарсылық көрсеттi. Алайда күшi басым немiс әскерлерi елдiң көп бөлiгiн жаулап алып, өкiмет билiгiн жергiлiктi фашистерге бердi. Норвегия королi мен үкiметi талқандалған әскерiнiң қалдығын алып, Англияға кеттi. Норвегия үшiн болған соғыста немiс әскери-теңiз күштерiне ағылшындар бiрнеше ауыр соққылар бердi. Екi жақтың да соғыс флоты үлкен шығынға ұшырады.
Франция 30-жылдарда Германиямен арасындағы шекараға «Мажино шебi» деп аталған мықты бекiнiс кешенін салған едi. Немiс әскерлерінің бас штабы бұл шепке соқпай, Францияға шабуылды Бельгия мен Люксембург жерi арқылы жүргiзудi жоспарлады. 10 мамырда немiс әскерлерi бейтарап Бельгия мен Нидерланды жерiне басып кiрдi. Нидерланды жеңiлген соң, немістердің 1200 танкпен жабдықталған ең қуатты бөлiмдері шекарада тұрған ағылшын-француз әскерлерiне қарсы шабуыл бастады. Қоршауға түсуден бұрын ағылшын-француз әскерлерiнiң көп бөлiгi Англияға кетiп үлгердi.
Осыдан кейін немiс әскерлерi Мажино шебiне шабуыл жасай бастады. Бұл жерде күш тең емес едi. 65 француз дивизиясына қарсы 124 немiс дивизиясы қойылды.
10 маусымда Италия да Германияның жағында соғысқа кiрiстi. Францияның жағдайы әбден нашарлады. 14 маусымда немiс әскерлерi Парижге келiп кiрдi. Франция үкiметiнiң жаңа басшысы маршал Петен уақытша бiтiм жасауды ұсынды. 1918 жылы Германияның жеңiлгендiгi туралы бiтiмге қол қойған маршал Фоштың вагонын музейге айналдырған болатын, Гитлердің талабымен бiтiм шартына қол қою рәсімі сол вагонда жүргізілді.
Черчилльдің бұрынғы одақтасына қарсы соққысы немесе «Англия үшін шайқас»
1940 жылдың жазында Европада Германияға қарсылық көрсетуiн тоқтатпаған жалғыз Англия болды. Сол жылы 3 шілдеде екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы бір кереғар, таңғажайып оқиға – сонау Наполеонның жорықтарынан бері өзара соғыспаған, ал дүниежүзілік соғыстар кезінде үнемі одақтастар болған Франция мен Англияның соғыс-теңіз күштері арасындағы қақтығыс болды. Жерорта теңізінде тұрған француз әскери кемелеріне ағылшын флотының ең қуатты кемелері барлық зеңбіректерінен оқ жаудырды. Бұл әрекет француздардың ашу-ызасын тудырды, Гитлер масайрап, қуанышқа кенелді, ал Еуропа елдерінің көпшілігі қатты наразы болды. Француз кемелеріне шабуыл жасау туралы бұйрықты Уинстон Черчилльдің өзі берген еді. Бұны Черчилль Англияны құтқарып қалу үшін айрықша қажетті шара деп есептеді. Өйткені Франция жеңілгендігін мойындаған келісімге қол қояр қарсаңда Черчилль француз флотын жауға бермеу, оны мүмкіндігінше немістер басып алмаған ауданға аттандыру туралы ұсыныс жасады. Алайда Францияның басшылары Англия көп ұзамай-ақ жеңіледі де, француз флоты немістердің қолына түседі деген оймен бұл ұсынысқа мүлде мән берген жоқ. Немістер француз флотын Англияға қарсы пайдалануы мүмкін еді. Сонымен қатар Германияның жағында Италияның флоты болды. Жапония ол кезде соғысқа кіріскен жоқ, бірақ оның Германияның жағында болатыны белгілі еді. Осындай жағдайда француз флоты да немістердің қолына түссе, аралда жатқан ел Англияның жағдайы мүшкіл болары айдан анық-ты. 22 маусымдағы бітім шарты бойынша француздардың флоты Германияның және Италияның бақылауымен қарусыздандырылуға тиісті болды. Ал Гитлердің қуаты жөнінен әлемде 4-орында тұрған француз флотын қарусыздандырмай, Англияға қарсы соғыста пайдалану туралы шешім қабылдамасына кім кепіл? Әрине, Гитлер мұндай шешім қабылдағысы келсе, ешкімнен әсіресе жеңілген Франция үкіметінен рұқсат сұрамас еді. Англия үшін ең қауіпті болған Алжирдің солтүстік жағалауында тұрған адмирал Жансуль басқарған ірі кемелер тобы еді. Ағылшын үкіметі 2 шілдеде Жансульға бірнеше ұсыныстар жасады: француз кемелерін ағылшын порттарына апарып, соғысты жалғастыра беру; флотты Францияның алысырақ жатқан иеліктерінің біріне алып кету; экипажды қауіпсіз жерге алып кетіп, кемелерді суға батыру. Адмирал Жансуль ұсыныстардың бірде-біреуін қабылдамады. Черчилль француз кемелеріне оқ ату туралы ұсыныс жасағанда, ағылшын вице-адмиралы Джеймс Соммерсвилл және басқа қолбасшылар қатты шошып, қобалжыды. Алайда Черчилль өз ойынан қайтпады. Ағылшындар адмирал Жансульға: «Біз жеңіске жеткенше соғысамыз, жеңіске жететінімізге сенеміз, Франция одақтасымыз екенін еш уақытта ұмытпаймыз. Жауды жеңген соң, Францияның жерін және ұлылығын қалпына келтіреміз», – деген хат жіберді. Алайда Жансуль соңғы минуттарға дейін ағылшындардың ұсыныстарын қайтарып тастаумен болды. Күрделі сәтте дұрыс шешім қабылдамай, француздарды отқа салғаны үшін Жансульді айыптау керек пе, әлде басқыншы мемлекеттер одағына қарсы жалғыз өзі соғысып жатқан Англияның болашағын ойлаған Черчилль кінәлі ме? Қалай болғанда да, осыдан кейін Гитлер француз флотын
Англияға қарсы пайдалана алмады.
Англияға қарсы соғысты Германияның әскери-әуе күштерi жүргiздi. Немiстер солтүстiк Францияға 2500-ге жуық ұшақтар алып келiп, Англияны жаппай бомбалауды бастады. Бұл – екiншi дүниежүзiлiк соғыс барысындағы әуедегi ең iрi шайқастардың бiрi «Англия үшiн шайқастың» басталуы еді. 1940 жылдың тамызынан қазанға дейiн созылған шайқас барысында Германия 1110 ұшақтан, ал Англия 350 ұшақтан айырылды. Алайда Англия тізе бүкпеді. Ағылшын үкiметiнiң жаңа басшысы У.Черчилль Германияға қарсы соғысты жеңiске жеткенше жүргiземiз деп мәлiмдедi. Ол уәдесін орындады...