Ет бұзылса, тұз себеміз, тұз бұзылса, не себеміз?
Иә, шынында да, ет сасыса, тұз себеміз, ал тұз сасыса ше? Жауап беру, қиын. Оңтүстіктің тәртіп сақшылары жөнінде де осыны айтуға болады. Рас, бір қарын майды бір құмалақтың шірітетіні бар. Алайда сол қарынға түскен құмалақтың біреу ғана болмай тұрғаны..
...2009 жылдың 10 қыркүйегінде Аягөз таңертең сабаққа кетіп, үйге қайтып оралмаған соң, ата-анасы полицияға арызданады. Жоғалған азаматшаны іздеу криминалдық полиция бөлімінің шұғыл уәкілі, полиция лейтенанты Н.Тәңірбергеновке жүктеледі. Ал ол шұғыл-іздестіру шараларын жүргізудің орнына арызды тартпасына тастап, тып-тыныш отыра берген. Келес өзенінен белгісіз мәйіттің табылғаны туралы ақпараттан құлақтанған ата-ана Ташкентке аттанады. Олар мәйітханада қызды танығанымен, өзбекстандық құқық қорғау орындары Аягөздің денесін беруден бас тартады. Амалы құрыған байғұс ата-ана Сарыағашқа келіп, мәйітті алу үшін полициядан көмек сұраған. Алайда тәртіп сақшылары бұл өтінішке де құлақ аспаған. Қара жамылған ата-ана Өзбекстанның құқық қорғау орындарына қайта-қайта арызданып жүріп, ақыры Аягөздің жансыз денесін елге алып қайтады. Осыдан кейін ғана Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасы мәйітті күтіп алып, онда қылмыстық белгілердің бар-жоғын анықтауға кіріскен. Бұл міндет тағы да Н.Тәңірбергеновке жүктеледі.
Өзбекстанның тәртіп сақшылары мәйітпен бірге марқұмның зорлықпен өлтірілгені туралы сот-медициналық сараптаманы қоса тапсырады. Бірақ Н.Тәңірбергенов мәйіттің өзге елде табылғанын алға тартып, өзбекстандық әріптестері ұсынған құжаттарды алудан бас тартқан. Ол – ол ма, шұғыл уәкіл марқұмның зорлықпен өлтірілгенін біле тұра, мәйітке қайта сараптама тағайындамаған.
Аягөздің қылмыстың құрбаны болғанына ешқандай шек келтірмеген ата-ана әлі де үміттерін үзбей, полицейлерден кісі өлтірушіні тауып, тиісті жазасын беруді талап етеді. Алайда 2009 жылдың 24 қыркүйегінде полиция марқұмның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылдайды. Шыдамдылықтың жеткен жері де осы еді. Жәбірленушілер Сарыағаш аудандық прокуратурасына арызданады. Прокуратураның пәрменінен кейін ғана тәртіп сақшылары іске кіріскен. Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде, марқұмға тиесілі ұялы телефонның жоғалғаны анықталады. Жіптің ұшы белгісіз «Ауди-80» маркалы көлігінің иесіне барып тіреледі. Ұзамай бостандықта сайран салып жүрген қандықол қылмыскер құрыққа түседі. Былтыр сот үкімімен ол қылмыскер 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ізін ала жедел уәкіл Н.Тәңірбергенов те сотталушының орынтағына барып отырды. Облыс прокуроры Берік Құлтасовтың тікелей нұсқауымен оның үстінен Қылмыстық кодекстің 307-бабы, 2-бөлімімен (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылғы 26 қарашада Сарыағаш аудандық соты Н.Тәңірбергеновке 294 950 теңге айыппұл салып, екі жыл құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айырды. Ал Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі осы қылмыстың ашылуы жайында мүлдем басқаша, тіпті кереғар мәлімет таратқан болатын.
Әбутәліп МҰСТАФАЕВ, облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының бастығы:
– Жылына прокуратура органдарына шамамен 18 мыңға жуық арыз-шағым түссе, соның 35-40 пайызы құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттері мен өрескел қимылдары жайында болаы. Өткен жылдың өзінде полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты қозғалған бес бірдей қылмыстық іс сотқа өтіп, сегіз тәртіп сақшысы темір тордың тұтқынына айналды.
Ә.Мұстафаев келтірген көптеген фактілерге орай «тұз бұзылса, не себеміз?» деген мақалды қайталауға тура келіп тұр. Ішкі істер департаменті бас бухгалтерінің сценарийі бойынша төрт тәртіп сақшысының қатысуымен ұйымдастырылған қылмыстық іс-әрекеттің салдарынан бюджеттің 18,5 миллион теңге қаражаты жеке қалтаға басылған. Бас бухгалтердің өзі бастама көтерген соң, «Жаппарқұлда жан бар ма?» Қызметке орналастырып береміз деген уәдемен әлгі төртеу полицияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ағайын-туыстарының, таныстарының құжаттарын жинап, қағаз жүзінде жедел уәкілден бастап, учаскелік инспекторға дейінгі түрлі қызметтерге орналастырады. Сөйтіп, оларға шыққан жалақыны ай сайын өздері шытырлатып санап алып отырған. Ал мақтааралдық құқық қорғаушы уақытша ұстау абақтысында отырған күдіктілермен қосылып арақ ішіп, стакандастарына «жақсылық» жасаймын деген оймен абақтыдан босатып жіберген. Кентаулық қос полицей болса, тергеу кезінде жасөспірімдерге жұдырық жұмсап, қорқыту арқылы олардың ата-аналарынан қомақты ақша алған. Ал «көлік қозғалысы ережесін сақтайды» деген екі «гаишник» көлік жүргізушісін себепсіз тоқтатып, онысымен қоймай соққыға жыққан. Міне, айта берсек, осындай олқылықтар аз болмай тұр. Сонда қалай, құқығымызды қорғайды деген тәртіп сақшылары, керісінше, құқығымызды қорлайтын болғаны ма? Қашанға дейін? Қол астындағы қызметкерлерінің осындай лас тірлікпен айналысып, заңсыз іс-әрекеттерге жол беріп жүргендерін прокурорлардан бұрын облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Серімжан Досымовтың өзі неге білмей келген? Сұрақ көп...