Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің назарына!
Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің назарына!
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылынан редакциямызға қоңырау соққан Ғұмырзақ Анарбектің айтқандарын тыңдай отырып, бей-жай қарай алмай, мәселенің мән-жайын анықтамаққа Есік қаласына жол тарттық. Себебі мәселенің арқауы да осы Есік қаласындағы 2008 жылы ғана тұсауы кесілген, жақында Елбасымызға мақтанышпен көрсеткен перзентхана екен.
Оқиғаның жай-жапсары оқырманға түсінікті болу үшін аталмыш жайтты Анарбектің өз аузымен айтқанын жөн көріп отырмыз.
Ғұмырзақ АНАРБЕК:
– Жарым Нұрбекова Ләйләнің құрсағындағы сәбиге сегіз ай болған кезде Түрген ауылдық ауруханасы «қан қысымы жоғары, 150/100 болып тұр» – деп, Есік қаласындағы перзентханаға жолдамамен тексерілуге жіберді. Есіктегі перзентханада тексергенде қан қысымы 120/80 қалыпты болып тұрғаны анықталды. Қан қысымын тексерген дәрігер «1-2 күн жатып, құрсақтағы балаға қажетті дәрумендер алғаны дұрыс. Үш күн жатып ем алған соң, УЗИ-ге түсіріп шығарамыз» – деді. УЗИ-ге түсіргеннен кейін «құрсақта су аз, тұз жиналып жатыр ішіне. Тез арада босандыру керек» – деді. Біз «мерзімінен бұрын босандыруға рұқсат етеміз, бірақ операциясыз босандырыңыздар» – дедік. Олар да «операция жасамаймыз. Өзі босана алатындай жағдайда» – деді. Одан кейін екі күн қатарынан толғақ шақыратын дәрі салғанмен еш нәтиже болмады. Содан 19 маусым күні «системамен толғақ шақырамыз» – деп босандыратын бөлмеге алып кетті. Бірақ одан да еш нәтиже шықпаған соң сол күні «кесар тілігі» арқылы босандыруға алып кетіпті.
Операция жасауға алдын ала келісім қағазын алды ма, жоқ па оны ешкім білмейді. Біз де әлі күнге Ләйләнің рұқсат берген қағазын көрмедік. Болған жайды айтып беретін Ләйләда да содан бері тіл жоқ. Ол операцияны Александр Миченко атты анестезиолог пен Тұрсын Хасенұлы атты хирург жасаған. Анестезияны беломыртқа арқылы салады екен. Алайда ол укол жұлынға салынып, жұлын арқылы өкпеге тарап, операция үстінде Ләйләнің жүрегі тоқтап қалған. Сол уақытта көмекке жансақтау бөлімінің меңгерушісі Сергей Агнев келіп, жүректі қайта соқтырады. Ол: «менің алдымда Ләйләнің қанша уақыт жүрегінің тоқтап тұрғанын білмеймін, мен келгеннен соң сегіз минуттан кейін ғана жүрегі қайта соқты» – дейді. Сонымен бала аман-есен алынған. Ал Ләйлә ес-түсін білмей «комада» жатып, 21 күннен кейін ғана көзін ашты. Бірақ үш ай болды сөйлей де алмайды, тамақ та іше алмайды, жүре де алмайды, төсекке таңылып жатыр.
Үш айдың ішінде осы перзентханаға облыс әкімі Серік Үмбетов те, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та ат басын тіреді. Облыс әкімі келердің алдында: ауданның бас дәрігері мен перзентхананың бас дәрігері «Облыстық ауруханада кислородпен емдейтін барокамера атты аппарат бар. Сол аппаратқа салсақ Ләйлә тұрып, жүріп кетеді. Сол жаққа барып 10 күндей ем қабылдауы керек» – деді. Сөйтіп облыстық аурухананың жансақтау бөліміне апарып жатқыздық. Үш күн бойына Ләйләнің қасында өзім болдым. Сұрастырсақ тіпті барокамера атты аппараттың облыстық ауруханада істемей тұрғанына бір жылдан асыпты. Үш күннен соң қайтадан Есік қаласындағы перзентханаға алып келді. Сөйтсек мұнда облыс әкімі Серік Үмбетов келіп тексеріп кетіпті. Біз дәрігерлердің алдау арқылы Ләйләні облыс әкімінің көз алдынан тасалаған қулығын сонда ғана ұқтық. Бұған дейін тек облыстық аурухананың да, Есік қаласындағы перзентхананың да жансақтау бөлімінде жатқан Ләйләні бір күні перзентхананың үшінші қабатына жай палатаға шығарып жатқызды. «Неге» деп сұрастырып едік, «мұнда жақсы, таза ауа» – деді. Сөйтсек дәл сол күні Елбасымыз келіп, жансақтау бөлімін аралап көрді. Осылайша Елбасымыз келгенде тағы да Ләйләні үшінші қабатқа тығып тастады.
Анестезиологты операцияның ертеңіне жұмысына жауапкершілікпен қарамағаны үшін жұмыстан шығарды. Бірақ оған дейін бізді «оның кінәсі жоқ» – деп алдап келді. Кейін ғана анестезиологтың наркозды шамадан тыс көп бергенін, әрі уколды дұрыс салмауы салдарынан жұмыстан шығарғанын мойындады. Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің блогына жағдайымызды айтып хат та жолдадық. Алғашқы келген комиссия дым бітірмей қайтып кетті. Кейінгі келген комиссия ғана істі заң орындарына өткізіп кетіпті. Біздің де арыз жазып беруімізді сұрап жатыр. Алайда әзірге өзгерген ештеңе жоқ».
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, екінші тараптың да уәжін тыңдамаққа перзентхана табалдырығын аттадық. Біз барған сәтте перзентхананың бас дәрігері Гүлнәр Мамырбаева жоқ екен. Ал бас дәрігердің орынбасары Жексембинова Рауза Сұлтанқызы бізбен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартып, ішке кіріп кетті. Бұдан соң қай жақтан нұсқау түскені белгісіз медбикелер перзентхананың бар есігін тарс жауып алды. Есіктерді бекіткен соң, тек Анарбектің жеңгесі Көкейдің терезеден кірген табандылығының арқасында ғана бас дәрігердің орынбасарын көруге мүмкіндік алдық. Медбикелер «операцияға кіріп кетті» деген орынбасарды ізінен қуалай жүріп кабинетінен таптық. Бізді көріп «сіздерге жауап бермеуге хақым бар ма екен, прокурормен ойласып алайын» – дегенін естіп тіпті қайран қалдық. Прокурормен бе, әлде басқамен бе кім білсін әйтеуір ұзақ ойласқан Рауза Сұлтанқызы «не хочу давать комментарий» – деген күйі бізді шығарып салды.
Ал операция жасаған Тұрсын Хасенұлы қанша шақыртсақ та сыртқа шығып бір ауыз тілдесуге де жарамады. Мейірбикелер: «дәрігерлер ғана жауап береді. Біз ешнәрсе көрген жоқпыз, естіген жоқпыздан» танбады. Олармен текетіресіп жүріп, жансақтау бөлімінде жатқан Ләйләні де көрдік. Не күйеуін, не баласын көргенде бетінде ешбір өзгеріс болмаған Ләйләнің халіне қарап тұрудың өзі ауыр. Перзентхана тарапынан ешкіммен тілдесу мүмкін болмаған соң, перзентхананың үстінен шағым айтысып шуласқан ауыл тұрғындарының үйін аралап жүріп, жағдайын көзбен көруге мәжбүр болдық. Ескерте кетер жайт, төмендегі жағдайдың бәрі Есік қаласындағы перзентханада 2-3 ай ішінде болған оқиғалар.
«Перзентхана терезесінен секіріп кеткен ана»
Есік қаласының іргесіндегі Көктөбе ауылының тұрғыны Құрбанбаева Зағипа да жақында ғана аталмыш перзентханада босаныпты. Зағипа біз барғанда сөйлеспей теріс айналып кетті. Амал жоқ, енесін сөзге тартуға мәжбүр болдық. Зағипаның енесі Бибіпатша Байназарованың айтуынша, келіні маусым айында толғатып аман-есен қыз босанған. Алайда босанғаннан кейін қан кетіп жатса да, қасына келмепті. Дәрігерлер көп мөлшерде қан жоғалтқан келіншектің жатырын алып тынды. «Әлі күнге күйеуіне айта алмай жүрміз. Өзінің де әзір естімегенін қалап едік, бірақ ауруханада біреулерден естіп, күйінгеннен терезеден секіріп кетіпті. Терезеден секіріп кеткеннен кейін тағы үш күн қан кетіп жатып қалды. Үйге шығып келгеннен кейін де алғашында баласына қарамай қойды күйініп, омырауынан сүт те шықпай қалды. Кейінгі келінім де босанайын деп отырған соң, соған кесірі тиіп кете ме деп, дәрігерлерге үндей алмадық», – дейді Бибіпатша апа.
«Перзентханадан өзі мүгедек, сәбиінің қолы сынып оралған ана»
Осы жылдың 31 шілдесі күні Ғайни Нүсіпова да осы перзентханада босанған. Ол перзентханадан арнайы жылжымалы төсекпен шыққан. Босанғаннан кейін орнынан тұрмақ түгілі жүре де алмай қалған Ғайни: «Босанғаннан кейін алты сағат бойына «орын жоқ» – деп босанған кресломда жатқызып қойды. Өзім сол креслода ыңғайсыз жатқандықтан сүйектеріме зақым келді ме деп ойлаймын. Дәрігерлер дұрыс диагноз да қойған жоқ. «Өзіңізде бұрыннан «грыжа» болған» деді. Алайда менде ешқашан «грыжа» болған емес» – дейді. Бір қызығы дәрігерлер томографияға да түсірместен осындай диагноз қойған. Сондай-ақ босандыру кезінде Ғайнидың жаңа туған сәбиінің қолы сынған. Әлі күнге орындықта отырған күйі ұйықтайтын Ғайни заң орындарына арызданыпты. Содан бері дәрігерлер «арызды қайтып алыңдар, емдетеміз» – деп жүгіріп жатқан көрінеді.
«Перзентханадан керуетке таңылып шыққан Лариса»
Келесі кейіпкеріміз де осы көшенің тұрғыны. Біз барған сәтте 28 жасар Лариса столға сүйеніп, жүруге талпынып жатыр екен. Бірақ белден төмен қарай Ларисаның дегеніне көнбей жатқан екі аяғын көріп, Ларисаның оған қинала ыңырсып терлеп кеткеніне қараудың өзі қиын. Ларисаға дәрігерлер «Расхождение копчига» – деген диагноз қойыпты. Ларисаның айтуы бойынша дәрігерлер баланың басы сыртқа шығып қойғаннан кейін ғана келген. Креслоға шығуға үлгермей төсекте босанған Лариса да орнынан тұра алмай қалғанын дәрігерлердің дер кезінде көмекке келмеуінен көреді. Күйеуі де мүгедек Лариса «мәселенің мән-жайын анықтау үшін заң орындарына арыздануға жағдайымыз келмейді» – дейді.
Біз Есік қаласынан таппаған бас дәрігер Гүлнар Мамырбаеваны Алматы қаласынан таптық. Бас дәрігер болған жағдайларға төмендегідей түсініктеме берді:
Гүлнар МАМЫРБАЕВА, Есік қаласындағы перзентхананың бас дәрігері:
Ләйлә Нұрбекованы «кесар тілігі» арқылы босандыру үшін белден берілетін наркоз таңдалды. Алайда наркозға (бупивикаин) әйелде аллергиялық реакция болып, қан қысымы төмендеп, жүрегі тоқтап қалған. Жансақтау шараларының көмегімен ғана қайта тірілткен. Ота жасау үшін Ләйләдан алдын ала қолхат алынған. Наркозды салар кезде алдын ала «проба» жасалмайды. Себебі «проба» алу міндет емес. Анестезиолог Александр Миченконы өз өтініші бойынша жұмыстан шығардық. Ал операция жасаған Тұрар Хасенұлы жансақтау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, жай дәрігерлік қызметке ауыстырылды. «Облыстық» ауруханадағылар бізге «барокамера істеп тұр» – деген. Сосын Ләйләні әкелгенбіз. Бірақ келген соң «істемей қалды» – деп айтты.
Ғайни Нүсіпованың мұндай жағдайға ұшырауының себебі – өзінде бұрыннан «грыжа» болған. Босану кезінде сонысы қайта шығып отыр. Бұл біздің дәрігерлердің кінәсі емес. Ал баласы ірі болып туылғандықтан босану қиын болып, қолына зақым келген. Жалпы, босану кезінде мұндай жағдайлар болып тұрады.
Ал Лариса Шоқабаеваның денсаулығы нашар. Қаны аз, сүйегінде кальций құрамы төмен. Бұл төртінші баласы. Дәрігерлер тарапынан ешқандай залал келмеген. Жақсы босанған, бірақ сүйегінде кальций құрамы аз болғандықтан босанған соң жамбас сүйектері ажырап кеткен. Бұл да өз денсаулығының күтімсіздігінен болып отыр.
Зағипа Құрбанбаеваның қаны аз, бүйрегі ауырады. Бізге босануға келгенде денесі қатты ісік болды. Денсаулығы нашар болғаннан кейін, жатыры қанай берді. Сондықтан өмірін сақтап қалу үшін жатырын алып тастауға мәжбүр болдық.
Рас, біздің перзентханада балалар педиатры, анестезиолог секілді мамандар жетіспейді. Барлығы 48 дәрігер істеуі тиіс перзентханада 31 дәрігер ғана жұмыс істеп жатыр. Жас мамандар еңбек кітапшасына бір жылдық еңбек өтілін жаздырып алған соң қалада жұмыс істеу үшін тайып тұрады. Жастар тәжірибесі аздығына қоса, өз беттерінше ізденбейді.
Осылайша бас дәрігер «Біздің еш кінәміз жоқ, бәріне әйелдердің өздері кінәлі. Денсаулығына алдын ала құрсақ көтермей тұрып назар аудармайды» – дейді. Айтпақшы, осыдан бір ай бұрын да босану кезінде наркоздан аллергия беріп бір әйел қайтыс болыпты. Сонда ешқандай науқастан алдын ала наркозға аллергиясы бар-жоғы жөнінде тексеру алынбайтын болғаны ма? Біз барокамера жөніндегі әңгіменің анық-қанығын білу үшін Алматы облыстық көп салалы клиникалық ауруханасына да хабарластық:
Дархан ӘРІПҰЛЫ, Алматы облыстық көп салалы клиникалық ауруханасы бастығының орынбасары:
– Барокамераның істемей тұрғанына біраз болды. Біздің істемей тұрған аппаратты істеп тұр деп емделушілерді шақыруымыз мүмкін емес.
Барокамера жөніндегі дәрігерлердің әңгімесінің өзі осылайша бір-бірімен қабыспауда. Ендеше, жоқ құрылғы үшін ауру Ләйләні осынша сандалту кімге керек болды? Мұны Ләйләнің күйеуінің «Облыстық ауруханаға тасымалдап, жоқ аппаратты айтып, бізді алдау арқылы Ләйләні облыс әкімінің көз алдынан тасалаған екен. Өйткені сол күні мұнда Серік Үмбетов келіп тексеріп кетіпті» – деген сөзін дәлелі ретінде қарауға болар.
Әйгерім ӘДІЛШЫНОВА, Есік қаласы ІІБ тергеушісі, полиция майоры:
– Дәл қазіргі таңда Ләйлә Нұрбекова мен қайтыс болған ана жөнінде бізге арыз түсті. Басқа аналардың ісінен хабарсызбын. Қазір арнайы құрылған комиссия Нұрбекова Ләйләнің ісін тексеру үстінде. Тексеру қорытындысы бір ай ішінде дайын болады.
Осы уақытқа дейін Алматы облысы бойынша медицина саласын бақылау комитеті тарапынан екі рет комиссия құрылып, Нұрбекова Ләйләнің жағдайы тексерілген көрінеді. Алайда мақаланы даярлау барысында тексерген комиссияның жұмыс қортындысын білмек болып, аталмыш мекемеге хабарласқанымызда, мекеме бастығының орынбасары «бастықтың рұқсатынсыз ештеңе де айтпаймын» деп жауап берді. Комиссия қорытындысы қандай құпия екенін біле алмадық.
P.S. «Ауруын жасырған өледі» – дейді халық нақылы. Расында да, егер сол күні дәрігерлер облыс әкімінен Ләйләні жасырмағанда Ләйләнің тағдыры басқаша болар ма еді?! Өйткені Серік Үмбетовтің халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын, мұндай жағдайларға немқұрайды қарамайтындығын іс жүзінде талай дәлелдегенін білеміз.