Есігі жоқ балкон
Жалпы құрылыс саласындағы кемшіліктер айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Ондай сындарға құрылысшылардың да, құрылыс саласын бақылаушылардың да еті өліп кеткелі қашан. Қанша сынасаң да, еш саспайды. Сыннан дұрыс қортынды шығарып, түзеліп жатқан да пәлендей ештеңе байқалмайды. Бітпей жатып құлайтын қарылыс нысандары да бар. Көпқабатты үйлердің жоғарғы жағында елес қабаттар пайда болатын жағдайлар да ұшырап тұрады. Тіпті, біздің елде балконы бар, бірақ балконға шығатын есігі жоқ үйлерді де кездесттіруге болады.
Елес қабаттар дейтініміз, құрылыс компаниялары 12 қабат үй салуға рұқсат алады да, 16 қабат етіп үй тұрғызады. Яғни, жоғарғы төрт қабаты – елес қабаттар. Құрылыс компанияларының ондағы мақсаттары әмбеге аян. Тек өкініштісі, олардың құйтырқы әрекеттерінен әркез қарапайым халық зардап шегіп жатады. Өйткені, кей жағдайда құрылыс компаниясы ебін тауып, ондай құйтырқы әрекетін амалға асырып жатса, енді бірде үйдің заңсыз тұрғызылған қабаттары бұзылады. Мұндай жағдайда білместен заңсыз пәтерді сатып алған тұрғындар ақшадан да, баспанадан да құралақан қалады. Бір қызығы ондай заңсыздықтар тұрғындар қоныстанған соң анықталады. Сонда құрылыс барысын бақылайтын қадағалаушы органдар қайда қарайды екен?
Құйтырқылықтың тағы бір түрі – үлескерлерді арзан бағамен арбап, алдау. Нарықтағы сұраныстың жоғары екенін алаяқтық мақсатта пайдаланған құрылыс компаниясы алдын ала ақша салғандар нарықтағы бағаның жартысына пәтер иесі атанатынын жарнамалап, ақшаны жинап алған соң өзін «банкрот» деп жариялайды немесе жер жұтқандай жоқ болып кетеді. Банкрот болған құрылыс компаниясынан ақшаңызды өндіріп алуыңыз екіталай, оның ықтималдық коэфиценті нөлге тең. Ал жер жұтқандай зым-зия кеткен құрылыс компаниясынан болса-болмаса қайыр жоқ. Сөйтіп, алаяқтарға сенгендер жиған-терген ақшасынан айырылып қала береді.
Ал базбір құрылыс компаниялары өздірінің тапқырлығымен таң қалдырады. Олардың жасырған жұмбағының шешімін табу қиын. Нақты айтқанда, балконға шығатын есігін табу қиын. Тіпті мүмкін емес. Мысалы, Астана қаласында пайдалануға берілген тұрғынүй кешенінің бірінде қоныстанушылар жобада көрсетілген балконды таба алмай әбігер болған. Сырттан қарағанда бар, ішке кірсе жоқ. Сөйтсе құрылысшылар балконға шығатын есікті ұмытып кетіпті. Құдай сақтағанда, есік шығарып, балконды ұмытып кетпегеніне шүкір. Әйтпесе, байқамай, тұрғындардың бірі балконға шығам деп, жоғарғы қабаттан құлап, мерт болуы да мүмкін еді.Шамасы нысанды қабылдаған комиссия мүшелері балконға шықпаған болса керек.
Негізі біздің елде комиссия есігі жоқ пәтерді қабылдап жіберсе де таң қалуға болмайтын секілді. Өйткені, сапасы сын көтермейтін тұрғын үйлердің қабылданып жатқанына қарап, «біздегі комиссия тұрғын үйлерді нысанның басына барып емес, кабинетте отырып қабылдайды-ау» деген ой келеді.